«Жарнамасы көп жалғанда абайсызда алданба» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 19 шілде, сенбі күнгі республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Жарнамасы көп жалғанда абайсызда алданба» - баспасөзге шолу

***

«Қазақстандықтардың 42 пайызы дәрі-дәрмекті жарнамаға сеніп сатып алады екен. Алайда, статистикаға сүйенсек, ғаламтор арқылы өткізілетін дәрілік заттардың 50 пайызының сапалық растауы жоқ. Ал жалған дәрі-дәрмек көбейген қазіргідей заманда мұндай көрсеткіш ұлт денсаулығы үшін аса қауіпті. Денсаулық сақтау министрлігі осылай деп дабыл қағуда», - деп жазады « Егемен Қазастан » газеті. Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова келтірген мәліметтерге сәйкес, еліміздегі әрбір екінші қазақстандық дәрілік заттарды дәрігердің тағайындауынсыз-ақ қабылдай береді екен. Сондай-ақ, әрбір екінші қазақстандық дәрігердің кеңесінсіз антибиотиктерді қабылдап жүрген көрінеді. «Тәжiрибе көрсетiп отырғандай, бiзде көбiне танымал брендтердiң өнiмдерiн қолдан жасайды. Нақтырақ айтсақ, «Санофи», «Польфарм», «Prizer», тағы басқалар. Бұл компаниялардың атауларына құлағымыз үйренген. Бұлар әлемдiк бренд болып табылады. Бiзде жалған және контрафактiлiк өнiмдердi бақылаудың мемлекеттiк жүйесi жұмыс жасайды. Алайда, бiзге тексерiс жүргiзу керек. Осы тұр¬ғы¬дан алғанда бiзге халықтың көмегi керек», - дедi С.Қайырбекова. Мақала « Жарнамасы көп жалғанда абайсызда алданба » деген тақырыппен берілген.

Әу баста іргетасын сан ұлттың өкілдері білек пен тілек біріктіре қалаған Ақтау - достықтың қаласы. Маңғыстау облысындағы өзге ұлт өкілдері негізінен осы қалаға шоғырланған, ал аудандар мен Жаңаөзен қаласында тұратындар - ел мен жер иесі - қазақтар. Достық теңізі аталатын Каспий жағасындағы сұлу қалада тату-тәтті тірлік кешіп жатқан бірнеше ұлт ұрпақтары Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының 18-ші сессиясында басқосып, келелі істерді талқыға салды. Бұл жайында « Егемен Қазақстан » газетінің сенбілік санындағы « Бірлікті ұстаным еткен ұтылмайды » деген тақырыптағы мақалада баяндалған. Басылымның жазуынша, Маңғыстау өңірінде 20 ұлттық мәдени орталық құрылған. Олар достықты нығайтуға және өз ана тілі мен тарихын, дәстүрін насихаттауда белсенді жұмыс істеп келеді. Сессияда «Булгар» татар этномәдени бірлестігінің мүшесі Н. Рафикова, Т.Шевченко атындағы украин этномәдени бірлестігі мүшесі В.Сторожук, «Шалом» еврей этномәдени бірлестігі мүшесі З. Авсиевич сөз сөйлеп, өз ықыластарын жеткізді.

***

Жемқорлықпен күресу жұмыстары қанша жүргізіліп жатқанымен, мәселені түбегейлі шешу оңайға тиіп отырған жоқ. Сол себепті «Нұр Отан» партиясының 2015 - 2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының жобасы дайындалып отыр. Бұл жайында « Айқын » газеті бүгінгі нөміріндегі « Жемқорлықтың бірі ұшы тендерлерде » деген тақырыптағы мақаласында тарқата жазған. Аталған құжатта азаматтық қоғамды, бизнес қауымдастығын жемқорлыққа қарсы іс-қимылға тарту, мемлекеттік органдардың, корпоративтік сектордың қызметіне бақылауды күшейту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңдарды жетілдіру, мемлекеттік қызметтердің сапасына мониторинг жүргізу, көлеңкелі экономикаға тосқауыл қою қарастырылған. Сонымен қатар барлық деңгейде жем¬қорлыққа қарсы дағды моделін қалыптастыру қамтылған.

«Алматыда өткен теңізге шығу мүмкіндігі жоқ елдердің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдерінің көшпелі кеңесі барысында Көлік және коммуникация министрлігінің жауапты хатшысы Замир Сағынов Қазақстан жүк транзитінен түсетін табысты 2 миллиард долларға жеткізуді көздеп отырғанын айтты», - деп жазады « Айқын » газеті сенбілік санындағы « Заманауи жолдардың жоқтығы жүк ағынын тежеп тұр » деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, Қазақстан 2020 жылға қарай транзиттік тасымалдың үлесін жалпы жүк тасымалының 8 пайызына дейін жеткізуді мақсат етіп отыр. Бұл іске асырылған жағдайда көліктің барлық түрі бойынша жүк тасымалының көлемі екі есеге дейін ұлғайып, тасымалданатын жүктердің жалпы салмағы 30 миллион тоннаға жететін болады. Осылайша, Қазақстан 2020 жылға қарай транзиттен түсетін табыстың көлемін 2 миллиард долларға жеткізуді көздеуде. «Соңғы 5 жыл ішінде елімізде көлік коммуникациясы кешенін дамытуға 20 миллиард 300 миллион АҚШ доллары жұмсалды. Елімізде күні бүгінге дейін 19 мың шақырымдық автокөлік жолдары мен 1200 шақырым темір жол желісі қалпына келтірілді. 9 әуежай қайта жабдықталды. Еуроодақ елдеріне ұшуға қатысты «Эйр Астана» компаниясына салынған шектеулер алынып тасталды. Қазақстанның 2010 - 2014 жылдарға ар¬налған көліктік инфрақұрылымдарды дамыту бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асырылды. Енді биыл осы салада жаңа мемлекеттік бағдарлама қабылданды», - деді Замир Сағынов.