ЖАРТАС ОБАСЫ
Жартас обасы - орта ғасырлардан сақталған ескерткіш. Қарағанды қаласынан 46 шақырым батысқа қарай, Соқыр өзенінің Нұраға құяр тұсында орналасқан. 1949 жылы ғалым-археолог Әлкей Марғұланның жетекшілігімен Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы зерттеген.
Төбешік үстінде солтүстіктен оңтүстікке созылған бес обаның шеткі бесіншісі өте құнды деректер береді. Диаметрі 12 метр, биіктігі 1 метр оба топырақтан үйілген. Жалпы аумағы 2х1,5 метр, тереңдігі 1,8 метр шұңқыр қабірден қаруымен және ат әбзелдерімен бірге қойылған орта жастағы ер адамның мүрдесі ашылды. Басы батысқа қаратыла шалқасынан жатқызылған адам денесін қайың қабығына орап жерлеген. Сарғыш алтын түсті, тең қабырғалы төрт бұрышты қиықша (ромб) тәріздес оюлармен кестеленген жібек көйлек, жарғақ шалбар, былғары етік киіп, беліне кісе белбеумен буынған сарбаз киімдері өз заманының құрметті адам болғанын білдіреді. Қайың қабығынан жеңілдетіп жасалып, терімен қапталған қорамсақ сол жақ бүйіріне қойылған. Қорамсақтың ұзындығы 60 см, ауызының кеңдігі 12 см, түбі 15 см, ішіне бірнеше темір ұшты жебелер салынған. Сондай-ақ, сусын ішетін сәнді күміс тостағанның сынықтары, оң бүйірінен темір пышақ және аяқ жағынан жүген мен ер-тоқым әбзелдері табылды. Ескі үзеңгі екі аяғының тұсында, ортада тартпа, таралғы, өмілдірік, тағы басқалар жатыр. Қару мен ат әбзелдерінің орналасуы ат үстінде келе жатқан адамның көрінісін береді. Аса маңызды деректердің бірі - күміс теңгелер. Тері әмианға салынып, жібек қалтада сақталған 3 теңге 1326-1331 жылдар аралығында Бұхара, Самарқан және Термез қалаларында соғылған. Сол кезде Орта Азияға билік жүргізген Шағатай әулетінің ақшасы болған.
Жартас обасынан алынған деректер ХІV ғасырда Орталық Қазақстанды мекендеген Алтын Орда қыпшақтарының мәдениетінен хабар береді. Сонымен қатар осы өлкенің сол кездегі Орта Азия елдерімен экономикалық тауар-ақша қатынасында болғанын да көрсетеді.
Дерек көзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 3 том