Жарық дүниеде бейбітшіліктен, тыныштықтан артық қымбат та, асыл нәрсе жоқ - ҰОС ардагері Мұқанғали Тұрмағамбетов

nbsp;АЛМАТЫ. Мамырдың 4-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Әлем тарихында ең алапат соғыс ХХ-шы ғасырдағы екінші дүниежүзілік соғысы екен. Жантүршігерлік қасапханаға айналған бұл қырғында кейбір деректер 30 миллионнан астам адам шейіт кеткен дейді. Тарихта Ұлы Отан соғысы деп жазылған бұл алапат қырғын қазақстандықтарды да айналып өткен жоқ. Елімізден Отан соғысына әрбір екінші шаңырақтан бір адам аттанды десек қателеспейтін шығармыз. Соның бірі біздің арамызда Алматы қаласында тұрып жатыр. Ол Мәскеудің Қызыл алаңында өткен үш әскери парадқа қатысушы, Ұлы Отан соғысында бір емес, бірнеше мәрте ерлік көрсеткен қайтпас қайсар жауынгер, «Қазақстан өнеркәсібіне еңбек сіңірген қызметкер» құрметті атағының иегері, соғыстың басынан аяғына дейін болған, бүгінде 91 жасқа келген Мұқанғали Тұрмағамбетов есімді ардақты ардагер.
None
None

Ол Отан соғысында көрсеткен қаһарман ерлігі үшін Қызыл жұлдыз орденімен, үшінші дәрежелі Даңқ орденімен, 3 мәрте Отан соғысы және 14 медальмен марапатталған. Ал, өндірістік қызметтегі табыстары үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен, екі мәрте республика Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен және бірнеше медальдармен марапатталған. Қырымды азат етуде және Будапешт жеріндегі ұрыста ерлік көрсеткендігі үшін Қарулы күштердің Бас қолбасшысы И.В.Сталиннің атынан екі рет алғыс хат алған. Мұқанғали Тұрмағанбетов соғыс кезінде қандай ерлік көрсетсе, бейбіт заманда еңбек майданында да зор ұйымдастырушылық қабілетімен, іскерлік қасиетімен көзге түсе біліп, өзі басқарған жылдары балық өндірісінің өркендеуіне зор үлес қосқан соғыс және еңбек ардагері. Биыл да құрметті ардагер Астана мен Мәскеуде өтетін парадқа шақырылды.

Бүгінде майдангер қарттың денсаулығы сыр берсе де, қарапайым, білікті де, білімді ақсақал бізге сұхбат беріп, шешіле сөйледі.

- Мұқанғали аға, әңгімемізді туған жеріңізден бастасақ, қай жерде дүниеге келдіңіз?

- Мен 1919 жылы қараша айының 19 -ы күні Атырау қаласының маңында, қазір ол жер Балықшы ауылы деп аталады, мен сол жерде дүниеге келдім. Әке-шешем мал шаруашылығымен айналысқан адамдар болған. Ол кезде мал болмаса алдағы өмірді елестету қиын болатын. Бір ағам, екі апайым және үйдің ең кішісі мен болдым.

- Балалық шағыңыз қалай өтті?

- Менде жөнді балалық шақ болмады. Әке-шешеммен бірге өмірдің ауыртпалықтарын бірге өткердім. Ол кезде бізде тұрақты үй болмады, өміріміз көбіне көшіп-қонумен өтті. Бар сүйенеріміз мал болғандықтан, шүйгінді жерлер іздестіріп, сол жерге қоныс аударып отырдық. Өйткені, Каспий төңірегі шөпке бай жер емес еді. Күн суытқан кезде теңіз жағасындағы қамысты паналайтынбыз. Бұл жер жанға да, малға да тиімді жер еді. Мен жеті жасқа келгенде әкем ауырып қайтыс болды. Әкемнің өлімі әсерінен бе, тұрмыстың тауқіметінен бе, анам үш жылдан кейін көз жұмды. Мені жеңгем Бәтимаға тапсырып: "Алла өзіңді қолдағай. Болашағың нұрлы болсын", деп айтқан соңғы сөзі, мені қайта-қайта бауырына басып, маңдайымнан сүйе бергені әлі есімде. Одан кейін мен жеңгемнің қолында мектепте оқыдым. 1939 жылы Гурьев қаласындағы балық шаруашылығы техникумын бітіргенен кейін, 19 жасымда Армия қатарына шақырылдым. Украина еліндегі Харьков қаласында Отан алдындағы әскери борышымды өтеп болып, елге қайтамын-ау дегенде Ұлы Отан соғысы басталды. Біз жазғы лагерьде болатынбыз. Жаттығу да, оқу да осында еді. Таңертеңгі асымызды ішіп моншаға бара жатқан едік, артымыздан бір курсант жүгіріп келіп, акт залына жиналсын деп жатыр деді. Онда біздің әскери мектептің директоры осы күтпеген суық хабарды жеткізді. Бәріміз бұйрықты күттік. Екі күннен кейін бүкіл курсанттар эшалонға тиеліп, Беларуссияға аттандық. Мен де осы жерден, атқыштар мектебінен майданға аттандым.

- Сұм соғыстың біткеніне 65 жыл өтті, дегенмен алғашқы ұрысыңыз есіңізде ме?

- Қанша жыл өтсе де, қалай ұмытайын. Мен бірінші соғысты Беларуссияның Бобруйск қаласында қарсы алдым. Бізге ол жерге барарда қару-жарақты сол жерден аласыңдар деген болатын. Келсек, артиллериялық қару-жарақ тұрмақ, жәй қарапайым мылтық та жоқ екен. Содан бізді жаяу әскерге қосты.

- Қару-жарақсыз қалай соғыстыңыздар?

-Командирлеріміз қалжыңдап, «немісті өлтір де, автоматын алып ал» дейтін. Әрине, кейіннен ескі, тозығы жеткен мылтықтар берді. Соғыстың алғашқы күндері өте көп жауынгерлер қаза тапты. Көз алдыңа елестету қорқынышты. Өйткені, гитлерлік армия жақсы дайындалып, қарумен мықты жарақталған болатын. Біз бұл соғыста біздің халқымыздың ержүректілігінің арқасында ғана емес, көп болғандығымыздың арқасында төтеп бере алдық. 5 жылдың ішінде 30 миллион адам шейіт болды, «ол дегеніміз біздің Алматы қаласындай 20 қаланың тұрғынын жоғалтып алғанмен тең. Мұны ойлағанда жаның түршігеді. Соғыстың алғашқы күндері қанша адам өліп жатқанын санамады. Артымызда «жерлеу командасы» жүріп отыратын. Олар қаза тапқандарды сол жерде көміп отыратын. Егер мойнында тұратын мекен-жайы жазылған,темірден жасалынған алқасы болса, туыстарына хабар беретін. Ал, ол алқа көпшілігінде жоқ болатын. Біздің әскер соғысқа дайын болмағандықтан немістерге қарағанда үсті-басы кір, көп күн бойы жуынбаған, ұйқылары қанбаған, екі-үш күн бойы тамақ ішпеген күйде болды. Немістер бақайшығына дейін қаруланған еді. Олар алдымен танктерін жіберіп, алдындағы адамды айтпағанда, алдарындағы ағашты да, үйді, жүрген жолын жыртқыш аңдай жайпады. Танк табанында жаншылып жатқан адамды көргенде бір орныңда тұра алмай қаласың. Қанымыз басымызға шапшып, жынданып кете жаздадық. Өздері танктің артында, төбелерінде ұшақтар жолдарын ашып беріп отырған немістер қорықпай маңғаздай жерімізді басып жатты. Өздері құмырсқадай көп еді. Олар қаза тапқан жауынгерлерімізді жер қойнауына тапсыруға мүмкіндік бермеді. Жау жағының екпіні қатты болды. Ішіміз жылады. Бірақ қолдан келер дәрменіміз жоқ еді. Жау ұшақтары көбейе бастады. Бізге сол кезде "Жауынгерлер кейін шегінсін" деген бұйрық келді. Бүкіл армия құрамына шегінуге тура келді. Барлығы топ-топқа бөлініп Полтаваның әйгілі Оржицк саз батпағына қарай ығыстық. Біз де сол жерде қоршауда қалдық. Оның көлемі ауқымды, ұзындығы 1520, ені 56 шақырымға созылған балшық. Біз сол балшықта төрт күн бойы белімізге жететін суда, нәр татпай, қамыстың арасында бір-бірімізге сүйеніп тұрдық. Бізге "Орыстар беріліңдер. Өз еріктеріңмен берілсеңдер, өлімнен аман қаласыңдар" деп айқайлап жатты. Біз берілгенше суға батып өлгеніміз артық деп шыдадық. Бізді сол жерде партизандар қайықпен келіп, тауып алып, қоршаудан аман-есен алып шығып жақын маңдағы ауылға жол көрсетіп алып келді. Ол кезде партизандық соғыс енді басталған еді. Неше күн бой тамақ ішпегендіктен бір үзім нанды жей алмайтын жағдайда болдым.

- Ол жерде жергілікті тұрғындар көмектесті ме сіздерге?

- Олар ауыл тұрғындарына "кеңес солдаттарына көмектессеңдер, тамақ беріп, не жасырсаңдар сендірді атамыз, не болмаса үйлеріңді өртеп жібереміз" деп қорқытты. Сондықтан тұрғындар ашық көмектесе алмады, дегенмен ақырын-ақырын тығып көмектесуге тырысты. Ол кезде ауылда неміс полицайлары бола қойған жоқ еді, анда-санда неміс автоматчиктері соғып тексеріп тұратын. Біз тек түнде ғана ауылдан ауылға қарай жылжып жүріп отырдық. Алғашқы ұрыстардың бірінде менің аяғыма оқ тиіп жараланып қалдым. Жүруім қиын болды. Сонда да, жауынгер достарымның арқасында өз армиямызға келіп қосылдық. Ол кезде біз Мәскеу төңірегінде болған едік. 1941 жылдың қараша айының басы еді. Бізге штабтан келіп Мәскеу қаласына бір жауынгерді жіберу керек деді. Бір дивизиядан, 10 мың жауынгердің ішінен мені таңдап. Мәскеуге жіберді. Не үшін бара жатқанымызды ешкім айтпады, тек қалаға жақындаған кезде "Қарашаның 7-сі күні Қызыл алаңда парад өтеді, соған қатысасыңдар" деп айтты. Таңертең 5-те келдік, бізді бір қатарға тұрғызып алаңға апарды. Парадқа қатысушылардың бәрі соғыс осымен бітеді деп ойлады. Өйткені, Оралда, Қиыр Шығыста, Сібірде резервті дивизиялар бар, олар немістердің барлығын әп-сәтте жеңіп шығады деген сөздер айтылып жатты. Мен алғаш рет Сталинді сол жерден көрдім. Орысша білмесем де, оның не деп жатқанын түсіндім, кеудеде ерекше бір сезім болды. Радиолардан немістердің елімізді қарқынды басып, жүрген жерлерін ойратып жатқандығы жөнінде хабарлар таратылып жатты. Бізді парад біте сала, қайта ұрысқа жіберді. Мәскеу маңында жау оғынан жараланып госпитальге түстім. Жазылған соң, 8 адамнан тұратын әскери зенит құралының құрамын, атқыштар бөлімшесін басқарып, біз Харьковтегі, Дондағы ұрысқа қатыстық, одан кейін, Сталинград қорғанысына аттанып, фельдмаршал Паулюс тобын талқандауға атсалыстық. Бұл жерде фашистердің қуатты шабуылы болды. Біздің жақ та ірі соққылар берді. Соның нәтижесінде жаудың 330 мың армиясының күл-талқаны шықты. 91 мың солдат пен офицерлер, генералдар тұтқынға алынды. Гитлер бұл күнді қаралы күн деп жариялады. Біз осы шайқаста қуатымыздың мықтылығын көрсеттік. Одан әрі біз үшін жеңісті жолдар басталды. Луганск, Днепропетровск, Қырымды азат етуге, одан, Румыния, Венгрия, Австрия, Германия, Чехословакиядағы ұрысқа қатысып, жау қолынан жерімізді азат еттік. Сол уақыт аралығында біздің бөлімше зениткамен танктердің санын айтпағанда, 16 фашист ұшағын атып түсірді. Бұл рекордтық үлкен көрсеткіш саналды. Қазір сол менің зенит қаруым Мәскеудің Қарулы күштер мұражайында тұр. Онда ілінген тақтайшада : "Бұл 3-ші Украин майданы 6-шы армияның 15-ші зенитті артиллериялық дивизияның аға сержанты Мұқанғали Тұрмағамбетовтің зениті" деп жазылған.

- Жеңіс күнін қай жерде естідіңіз?

- Прага қаласының оңтүстік батысына қарай жердегі ұрыс алаңында естідім. Бірақ, біз үшін соғыс мамырдың 13-де аяқталды. Чехословакияда неміс бөлімі американдықтарға берілеміз деп ұзақ қарсылық көрсеткен болатын. Сол ұрыста, біздің взвод командиріміз қайтыс болған еді. 5 жыл бойы оққа ұшпай, дәл соғыс аяқталғанда оның дүниеден өткеніне біз қатты қапаландық. "Мен бес жыл бойы мұндай тозақтан аман-есен өткенімді - тағдырдың сыйы деп білемін".

- Сізді Жеңіс күніне арналған бір емес үш шеруге қатысқаныңызды білеміз. Қалған екі шеруге қалай тап болғандығыңызды айтып берсеңіз?

- Біздің бөлімше ол кезде Прага қаласында тұрған еді. Шеруге 8-10 мың жауынгерден тұратын дивизиядан 1 адамды таңдап жатты. Ол кезде талап қатты болды, бойы 1-де 70, үштен кем болмайтын Үкіметтік наградасы болу керек болатын. Ол кезде менде үш орден - 2-ші дәрежелі Отан соғысы ордені, «Қызыл жұлдыз» ордені және 3-ші дәрежелі Даңқ орденінің иегері болған едім. Біз де парадқа таңдау жүріп жатқанын естідік. Басында біздің дивизиядан 3 адамды таңдап алды. Штаб мені жіберді. Содан бізді Братиславаға жіберіп, ол жерден поездбен Мәскеуге аттанып кеттік. Содан 1945 жылы маусымның 24-де Қызыл алаңда Жеңіс Күніне арналған шеруге екінші рет қатыстым. Кетерде достарым сен жеңімпаз ретінде барасың сыйлық алып кетсеңші, қыздарға бересің деп, маған бір жәшік теңіз қол сағаттарын беріп еді. Мен оның бәрін екі қолыма тағып алдым. Бізді Беларусь вокзалында гүлмен, музыкамен қарсы алды. Бірі туысын тауып, жылап көрісіп жатты. Бізді Сокольникидегі жатақханаға орналастырды. Күзет бізді ешқайда шығармайтын. Бірінші қабатта біз, екінші қабатта студенттер тұрып жатты. Біз танысу үшін қулық жасап, сіріңке қорабына хат жазып, үстінде тұратын қыздармен танысқан едік. Мен әкелген сағаттарымның бәрін қыздарға сыйға тараттым.

- Ол жерде шеруге қанша уақыт дайындалдыңыздар?

- Бір ай дайындалдық. 10-20 адамнан Сокольникидің маңындағы алаңда кешкі 10-нан таңғы 6-ға дейін дайындалдық. Таңертең аздап жаңбыр жауып тұрған еді. Біз судай жаңа формамызды киіп алдық. Парадқа Константин Рокосовский басшылық жасады. Мен оны бұған дейін Сталинград шайқасында көрген едім. Ал, парадты Жуков қабылдап алды. Бәріміздің көңіл-күйіміз көтеріңкі, үлкен бір керемет сезімде болдық. Соғыстың біткеніне қуандық. Іштей аман қалғандығымызға тәубе еттік. Жеңіс үшін шеру соңында алып қойдық. Парад соңынан кейін мені өзімнің бөлімшеме жіберді. Ол кезде олар Будапеште тұрған еді. Мен мұнда келсем, мұнда да парад өткелі жатыр екен. Оны Бақылау комитеті ұйымдастырды. Комитеттің төрағасы Ворошилов болатын, ол өзі парадты қабылдап алған еді. Мен сонымен бір парадтан екінші парадқа қатыстым. Ал, үшінші парадқа 1985 жылы 9-шы мамырда қатыстым. Ол Ұлы Жеңістің 40 жылдығына арналған парад болатын. Біздің елге келген комиссия адамдарды таңдап алды. Мені ол парадқа 1945 жылғы парад қатысушысы болғандықтан таңдап алды. Алматыдан Мәскеуге 5 адам ұшып бардық. Қаладан 30 шақырым жерде Қорғаныс Министрлігінің шипажайында тұрдық. Бізді өте жылы қабылдады. Ол жылғы парад та өте жақсы өтіп еді. Бірінші қатарда Кеңес Одағының Батырлары жүрді, одан кейін барлық дәрежедегі Даңқ орденнің кавалерлері, одан кейін біз 1945 жылғы Жеңіс парадының қатысушылары, біздің соңымыздан чехославакиялық және поляк корпусы жүрді. Кешке қарай Кремльде банкет болды. Оны Горбачев ашты. Бұдан басқа, мен Украинаны неміс басқыншыларынан азат етудің 50 жылдығына арналған Киевтегі парадқа қатыстым. Мен үшін бұл парадтарға қатысу үлкен құрмет.

- Соғыстан кейін не істедіңіз, елге оралдыңыз ба, әлде ...?

-Соғыс біткен соң, елге оралдым. Ұрпақ үшін, ел мүддесі үшін бүлінген тірлікті қалпына келтіру үшін, еңбек жасауға барымды салдым. Гурьевтегі балық комбинатында бір жылдай жұмыс істедім. Білімді маман иесі болу үшін Мәскеудегі А.Н. Микоян атындағы балық шаруашылығы мен өндірістік техникалық институтына оқуға түстім. Оқуды 1951 жылы үздік бағамен бітіріп шықтым. Мен "Мосрыбвтузды" бітірген қазақ ұлтының алғашқы өкілі саналдым. Институтты ойдағыдай бітірген соң, "ШығысҚазМемлБалық» тресінің бас инженері қызметінде жұмыс істедім. Одан кейін Арал балық комбинатының директоры болдым. Біздің ұжым үздіктер қатарынан көрінді. Бір емес, үш рет Бүкілодақтық социалистік жарыстарда бірінші орындардан көріндік, Құрмет грамоталарымен марапатталдық. Біздің кәсіпорын Қазақстандағы балық саласында үлкен жетістікке жеткен жалғыз кәсіпорын болған еді. Бұл кезді мен ыстық ықыласпен еске аламын. Өйткені, мен мұнда 20 жылдай жұмыс істедім. Арал балық комбинатынан кейін Қапшағай балық кәсіпорнында басшылық жасадым, одан кейін зейнеткерлікке шыққанша "Қазбалықколхозодаққа" жетекшілік еттім. Жалпы алғанда, 39 жыл балық шаруашылығында қызмет жасадым. Міне, қазір отбасыммен ғұмыр кешіп, балаларымның арқасында 90 жастың төріне шығып отырмын.

- Неше балаңыз бар? Жұбайыңызбен бірге қанша ғұмыр кештіңіз?

- Жарты ғасырға жуық Рахила жұбайыммен бірге бақытты та, сәнді ғұмыр кештім. Біздің Аралбек, Баян, Сәуле, Нұрбек есімді - екі ұл, екі қызымыз дүниеге келді. Олардың алды қазір елу жасқа келіп қалды. Бәрі де жоғары білім алды. Бәрінің де қазір отбасылары бар. Өздері қалаған мамандықтары бойынша жемісті еңбек етуде. Тоғыз немерем бар. Жұбайым осыдан жеті жыл бұрын дүниеден өтті. Қазір отбасым, құдай ісіне тәубешілік етіп, алдағы күндерден зор үміт күтіп тіршілік етіп жатырмыз.

- Аға, қазақстандықтарға, жас ұрпаққа тілегіңізді білдерсеңіз.

- Бұл 30 миллионнан аса адамның өмірін жалмаған сұмдық соғыс болды. Соғыс бізді есейтті. Өмірдің мән-мағынасын тереңірек ұғындырды. Жарық дүниеде бейбітшіліктен, тыныштықтан артық қымбат та, асыл нәрсе жоқ. Сондықтан, бұдан былай халқымыз соғысты көрмесін деп тілеймін. Елімізде әрқашан тыныштық, береке-бірлік болсын. Тәуелсіз Қазақстанымыз әр жылды зор жетістікпен, табыстармен өткізе берсін. Дамыған елдердің қатарынан көрінсін. Аспанымыз әрдайым ашық болып, өсіп келе жатқан жас ұрпақ бақытты болсын. Жүздерінен күлкі кетпесін. Баршаңызға аманшылық тілеймін!

- Рахмет аға, тілегіңіз қабыл болсын! Сіз де аман болыңыз, ұрпақ қызығына бөлене беріңіз!

Соңғы жаңалықтар