Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Жас әскери дәрігерлерге офицерлік шен мен қос диплом табысталды

АСТАНА. KAZINFORM – Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында медициналық қызмет офицерлеріне алғашқы офицерлік атақ беру рәсімі салтанатты жағдайда өтті. 

офицерлер
Фото: Қорғаныс министрлігі

Биыл алғашқы 12 интерн-түлек офицерлік атақ алды. Оқуын аяқтаған жас офицерлерге Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты мен Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің дипломдары табысталды. Бұл олардың әскери және жоғары медициналық білімді қатар меңгергенін растайды.

офицерлер
Фото: Қорғаныс министрлігі

Әуе қорғанысы күштері әскери білім ордасының бастығы авиация генерал-майоры Тимур Еспағанбетов инстиутта жоғары білікті әскери мамандар даярлайтынын, сонымен қатар кәсіби құзыреттерді қалыптастыруға және әскери борышты адал орындау үшін жауапкершілікке тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.

– Оқу барысында алғашқы медициналық, дәрігерге дейінгі және мамандандырылған медициналық көмек көрсету негіздерін меңгердік. Менің «жалпы әскери практика дәрігері» мамандығым бойынша оқу мерзімі алты жылды құрайды. Қазіргі таңда бес жылдық бакалавриат бағдарламасын аяқтадым, ал алда – бір жылдық интернатура кезеңі күтіп тұр, – деді түлек, лейтенант Бекжан Әміров.

Медициналық қызмет офицерлерінің алғашқы легі 2020 жылы оқуды бітірген болатын. Сол жылы 15 әскери дәрігер алғашқы офицерлік атаққа ие болды. 2021 жылы институт 23 маманды даярлап шығарса, биыл «жалпы практика дәрігері» мамандығы бойынша білім алған 12 түлек офицер погонын тақты.

офицерлер
Фото: Қорғаныс министрлігі

Оқуды аяқтаған жас офицерлер әскерлерді медициналық қамтамасыз ету, білікті медициналық көмек көрсету және әскери қызметшілердің денсаулығын сақтау міндеттерін тұрақты орналасу пункттерінде де, жауынгерлік міндеттерді орындау барысында да атқаратын болады. 

Айта кетелік Қарулы күштер тарихында тұңғыш рет киберқауіпсіздік офицерлері түлеп ұшты