Жас боксшыларымыз Еуропадан табысты оралды
17 елдің ұландары қатысқан осынау байрақты бәсекеде біздің спортшыларымыз 3 алтын және 2 күміс медаль жеңіп алды.
Турнир ақпанның 16-сы мен 22-сі аралығында өтті.
48 келі салмақта Алматы бокс мектебінің түлегі Әнуар Мұстафаев алтыннан алқа тақса, екінші алтынды қарағандылық Руслан Мәдиев 54 келіге дейінгі салмақта жеңіп алды. Ал тараздық Арбек Әбдіғаниев 81 келі салмақта шеберлік танытып үшінші алтынды қанжығалады.
Астаналық Нұрлан Әбжанов - 51 келі салмақта, Алматы облысының түлегі Жәнібек Әліханұлы - 69 келі салмақта күміс жүлденің иегерлері атанды.
- Жасөспірімдеріміз бен жастар арасында қазірдің өзінде, жастығына қарамастан, байыпты да кәнігі бокс өнерін көрсетіп жүрген жігіттер жеткілікті. Біз дәл қазір Сингапурде өтетін І Жастар Олимпиадалық ойындарына дайындық жасаудамыз. Ал бұл турнир жас боксшыларымыздың сол басты бәсекелерге дайындықтарының нақ биік деңгейіне жеткен күйде болуына жасалар басты сайыстарымыздың бірі деп бағалап отырмыз, - деді Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Назар Ілиясов өз сұхбатында.
Алдағы наурыз айы жасөспірімдеріміз бен жас боксшыларымыз үшін маңызды спорттық шараларға толы.Солардың ең маңыздысы - наурыздың 2-сі мен 11-і аралығында Иранда өтетін Азия чемпионаты.
Ал наурыздың 12-сі мен 23-іне дейін Талдыкорғанда Куба, Қазақстан және Әзірбайжан жастар құрама командалары бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізеді, соңынан осы елдер боксшыларының қатысуымен халықаралық турнир өтеді деп белгіленген.
Сәуірдің 20-сы мен мамырдың 2-сі аралығында Бакуде өтетін жастар арасындағы Әлем чемпионаты да - басты спорттық шараның бірі.
Ал, бокс бәсекелерінің биылғы шарықтау шегі - тамыздың 14 - 26-сы аралығында Сингапурде өтетін І Жастар Олимпиадалық ойындары болады деп күтілуде.