«Жас Қыран» футбол Лигасының жарыстарына Қазақстан бойынша 35 мың бала қатысатын болады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Алматыда Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға бағытталған республикалық конференция болып өтті. Оған Қазақстан футбол федерациясы өкілдерінен басқа, Премьер-Лига мен Бірінші лига клубтарының басшылары, жастар футболын дамыту бағдарламалары мен футбол орталықтарының жетекшілері, сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері, Қазақстанның «Жас Қыран» балалар мен жасөспірімдер футбол Лигасы және Алматы мен Алматы облысының жеке футбол мектептерінің өкілдері қатысты.

«Жас Қыран» футбол Лигасының жарыстарына Қазақстан бойынша 35 мың бала қатысатын болады

Өз сөзінде Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов футболдың жасөспірімдер арасында танымалдығын арттыру мәселелеріне тоқталды.

«Бірінші кезекте мықты өңірлік жарыстар өткізіп тұру қажет. Бұл дәстүрге айналуы тиіс. Біз барлық дерлік өңірлерде болып, жергілікті әкімдердің барлығымен келісіп қайттық. Құдай қаласа, биылғы жылдың наурызына дейін жаңа «Жас Қыран» Лигасының ойындарына барлық өңірдің қатысу мәселесін шешуге тырысамыз.

Жалпы, «Жас Қыран» Лигасы жарыс үдерісі барысында бүкіл еліміз бойынша кем дегенде 35 мың баланы қамтуы тиіс», - деді Ерлан Қожағапанов.

Сонымен қатар, ол елімізде балалар мен жасөспрімдер футболын дамытуда білікті бапкерлердің жетіспей жатқандығын да атап өтті.

«Бүгінде Қазақстанда өкініштісі, бір жаттықтырушыға 350 баладан келеді. Бұл - тым көп. Ал мысалы, Германияда бір жаттықтырушыға 27 баладан ғана келеді. Сондықтан, 2026 жылға қарай Қазақстанда «С» дәрежесіндегі бапкерлердің санын 10 есеге арттыруды көздеп отырмыз. Яғни, қазір 673 бапкер бар болатын болса, олардың саны 6000 мыңға жеткізілетін болады», - деді Е. Қожағапанов.