16:26, 06 Қаңтар 2009 | GMT +5
Жас өрт сөндірушілер жасағы Жаңа жылда жұмыстарын жандандыра түспек
АҚТАУ. Қаңтардың 6-сы. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - «Толқын» аула клубының жас өрт сөндірушілер жасағы қала мектептерінде өткен шырша кештерінде өрт қауіпсіздігі бойынша кезекшілік жасады.
![None None](/static/img/plug.webp)
Кезекшілік кезінде ешқандай өрт оқиғалары болған жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Толқын» аула клубына сілтеме жасап. «Біздің аула клубында жас 15 өрт сөндірушіміз бар. Олардың барлығы да Ақтаудағы №1 мектептің 5-ші «б» сынып оқушылары. Жаңа жыл кезінде олар қала мектептеріндегі оқушыларға шырша кештеріндегі өрт қауіпсіздігі туралы парақшалар таратып, кезекші болды. Бұл оқушылар 2000 жылдан бері жұмыс істейтін үйірменің екінші легі. Бірінші толқынның түлектері қазір 9-шы сыныпта. Аула клубының «Денсаулық» үйірмесіне он бес бала жұбын жазбастан қатысып жүр. Ал жалпы өрт сөндірушілер үйірмесінің бағдарламасы 6 жылға есептелген», дейді «Толқын» аула клубының жетекшісі Валентина Зайцева. Осы аптада жас өрт сөндірушілер Ақтау қаласындағы өрт сөндіру бөлімшесіне барып, көрмеге қатыспақ. Онда өрт сөндіруші аға-апалар кәсібінің тыныс-тіршілігімен таныспақ. Ал ақпан айында өндірістік аймақтағы кәсіпорындардың өрт қауіпсіздігін тексеру үшін мамандармен бірге рейдке шықпақ. 23-ші ақпан күні өрт қызметінің ардагерлерімен кездесу жоспарланған. Жас өрт сөндірушілер жасағына ішкі қызметтің запастағы полковнигі, зейнеткер Борис Лазерьев жетекшілік етеді.