«Жас Отан» жастар съезінде 2020 жылға дейінгі «Жастар - Отанға» бағдарламасы қабылданады

9-10 сәуір күндері «Жас Отан» жастар қанатының кезектен тыс ІІІ съезі өтетіндігін айтқан ол: «Оның ең басты жаңалығының бірі - «Жас Отан» жастар қанатының «2020 жылға дейінгі «Жастар - Отанға» атты жаңа бағдарламасын қабылдайтын боламыз. Біз бір жыл бұрын жұмыс тобын құрып, жастар ұйымдары сарапшыларының басын қосып, арнайы бағдарлама жасадық. Бұл бағдарлама жастардың өз қолымен жазылған құжат деп білемін», - деді.
Оның атап өтуінше, наурыз айы бойы бағдарлама бүкіл республика бойынша 1700-ден астам жастар қанатының бастауыш ұйымдарында кеңінен талқыланған. Талқылауға жүз мыңға жуық жас қатысқан.
«Біз төрт мәселеге көңіл бөлдік. Дәл осы төрт мәселе болашақта жастардың өз ісінің үздігі болуына, зор жетістіктерге жетуіне септігін тигізетін саты болып табылады. Олар, біріншіден, отаншылдық және тұлғалық қабілетін дамыта білу. Яғни, Отанын сүю. Екіншіден, білімге деген ұмтылыс. Ол қазіргі заманның талабы болып есептеледі. Үшіншіден, еңбекке деген талпыныс. Төртіншіден, отбасы құндылықтары», - деді Н.Сыдықов.