Жас судьяларға «Судья әдебі туралы» кодекс талаптары түсіндірілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Орал қалалық сотында Батыс Қазақстан облысының жас судьяларының қатысуымен тренинг өткізілді.
Іс-шараға БҚО сотының судьялары, отставкадағы судьялар, облыстың қалалық, мамандандырылған, аудандық соттарының судьялары қатысты.
Тренинг барысында сот отырысының техникасы, сот мәжілісін жүргізу мәдениеті, әкімшілік құқықбұзушылық, азаматтық, қылмыстық істерді қарау мәселелері талқыланды.
Өз сөзінде облыстық сот судьясы Е. Боранбаев «Судья әдебі туралы» кодекс талаптарын сақтау мәселелеріне тоқталды. Аталған кодекс судьялар үшін ерекше маңызы бар құжат. Ол - судьялардың тек кәсіби тұрғыдағы ғана емес, сонымен бірге, қызметтен тыс кездегі мінез-құлық ережелерінің жиынтығы.
Талқылау кезінде судьялардың процеске қатысушылармен іс жүргізуден тыс қарым-қатынастардан аулақ болуы, өндірістегі іс жөнінде сот актісі шығарылғанға дейін түсінік бермеу туралы Кодексте белгіленген ережелердің маңыздылығы аталып өтілді.
Оқытудың осы түрі жас судьялардың сот төрелігін жүзеге асыру сапасын көтеруге, судьялық біліктілігін көтеруге септігін тигізетіні анық. Судьялар жас әріптестерімен істерді қарау тәжірибесін бөлісті.