Жас теннисші Ахмади Мақанов туралы не білеміз

АСТАНА. KAZINFORM – Ақтөбе теннис мектебінің түлегі Ахмади Мақанов 14 жасқа дейінгілер арасында Tennis Europe жаңартылған рейтингісінде 13-орынға көтерілді.

Ахмади Мақанов
Фото: ҚТФ

Павел Цой жаттықтыратын 13 жастағы Ахмади 2024 жылды 64-орынмен аяқтаған еді. 
Өткен жылы Қазақстанның жас жұлдызы Tennis Europe аясында өткен үш жарыста (екі рет жекелей, бір жұптық сында) жеңімпаз атанған болатын.

Ахмади 2025 жылды ерекше табыспен бастады. Чехиялық Бржецлав қаласында екінші санаттағы турнирде жұптық сында жеңімпаз атанды. Жекелей сында финалға дейін жетті. Бірақ Франциядағы супер санаттағы Les Petits As жарысына бару керек болғандықтан, финалдық матчты өткізе алмады. 

Ахмади Мақанов
Фото: ҚТФ

Les Petits As Францияның Тарб қаласында 1982 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. 

Мамандардың бағалауынша, бұл дода АҚШ-та 14 жасқа дейінгілер арасында жекелей сында ресми емес әлем чемпионаты болып саналатын Orange Bowl турнирімен барабар деуге болады. Мұнда әр жылдары Майкл Чанг, Рафаэль Надаль, Энди Маррэй, Ким Клистерс, Линдсей Дэвенпорт, Мартина Хингис және басқа атақты теннисшілер үздік шыққан.

Францияда Ахмади Мақанов жекелей сында екінші айналымға дейін жетті. Ал жұптық сында мажарстандық Венсел Фижесеспен бірге сенсация жасап, ширек финалда әлемнің 3-ракеткасы, испаниялық Карлос Алькарастың інісі Хайме Алькарас – Кайли Ванды 6:4, 6:4 есебімен тізе бүктірді. Бұған дейін осы турнирде қазақстандықтардан ешкім жартылай финалға дейін жеткен емес.

А.Мақанов қазіргі кезде 14 жасқа дейінгілер арасында Қазақстанда көш бастап тұр. Ал 18 жасқа дейінгілер арасында ITF Juniors рейтингісінде 1039-сатыда келеді. Алдағы уақытта табысты өнер көрсетсе, бұдан да жоғарылайтыны анық. 

Ахмадидің бапкері Павел Цойдың айтуынша, шәкірті қазіргі кезде Астанада Team Kazahstan академиясында жаттығуда. 

Ахмади Мақанов
Фото: ҚТФ

- Биылғы маусымдағы мақсатымыз – Tennis Europe рейтингісінде ТОП-5-ке кіру. Сондай-ақ 14 жасқа дейінгілер арасында командалық әлем чемпионатына қатысу үшін Қазақстан құрамасына енгіміз келеді. Екі аптадан кейін супер санаттағы Tennis Europe жарыстарына қатысу үшін Францияға, сосын Швецияға аттанамыз, -деді Kazinform тілшісіне П.Цой.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Сандуғаш Кенжебаеваның үш рет қатарынан Түркиядағы турнирде үздік атанғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар