Жас ұрпақтың жан-жақты білімді болуы маңызды - Алматы қаласының әкімі
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қала басшысының айтуынша, бала - ата-ананың бақыты, еліміздің болашағы, сондықтан Үкімет жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Бұл үшін аз жұмыстар атқарылып жатқан жоқ: балаларбақшасы мен мектептер, спорт клубтары мен демалыс орындары салынып жатыр. "Бүгін жаздың алғашқы күні және мектеп демалысының басталуы, сондықтан барлықтарыңызға жазғы демалысты жақсы өткізулеріңізге тілектеспін. Жаңа оқу жылына жаңа күш жинап келіңіздер", деді әкім.
Мерекелік шара шерумен басталып, дәстүрлі «Балғын балалық шақ» атты балалар шығармашылығының фестивалімен ашылды. Одан кейін, Мемлекеттік қуыршақ театрының әртістері өнер көрсетті. Мереке ары қарай, «Азиада-2011» және «Балалар еңбегіне жол жоқ» атты асфальтта сурет салу байқауларымен жалғасты. А.Қастеев атындағы көркемсурет мектебінің оқушылары көрермендерге өздерінің шығармашылық жұмыстарын ұсынды. Сонымен қатар, парк алаңдарында салауатты өмір салтын насихаттауға арналған "Қазақстанның балалары спортты таңдайды" атты акция өтті. Балалар мен жасөспірімдерді спортпен айналысуға шақыратын акция барысында отбасылық эстафета, "Ер Төстік" атты спартакиада, спорттық мектеп оқушыларының көрсетілімдері, аула клубтары арасында брейк-дансинг, street-бол және баскетболдан турнирлер өтті. Сондай-ақ, саябақта «Мейірім» және "Бозторғай" байқауы жеңімпаздарының гала-концерті өтуде. Концерт кешке дейін жалғасады.
Мерекенің барлық жас қонақтарына тегін балмұздақтар мен сусындар берілді. Олар үшін бүгін қала кинотеатрларында мультфильмдердің, сонымен қатар, көркем және деректі фильмдердің көрсетілімдері ұйымдастырылатын болады. Ал, балалар үйінде және интернат мекемелерінде тәрбиеленуші балалар қалалық хайуанаттар паркін, цирктегі қойылымды тамашалап, демалыс орындары мен отбасылық ойын-сауық орталықтарында өтетін қайырымдылық шараларға қатысатын болады.
Бүгін осы сынды мерекелік шаралар Алматы қаласының барлық аудандарында өтуде. Аталмыш шараға орай, 7 жастан 14 жасқа дейінгі балалар үшін қоғамдық көліктерге тегін жол жүру де қамтамасыз етілді.