Жас жұбайдың гүліне таласатын аруларға тыйым неге болмайды - Өңірлік баспасөзге шолу

Соткасыз адам соскасыз баламен тең болғаны ма?
Бүгінгі жастардың да, жасамыстың да басты дерті - телефонға тәуелділік. Расында да қазіргі күні әмбебап байланыс құралына айналған телефонсыз күнді көз алдыға елестету қиын болып барады. Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газеті журналистік зерттеу жүргізіп, онда ғасыр дертіне айналған мәселенің мәнісіне бойлап, бұл кеселден құтылу жолдарын қарастырыпты. Газет тілшісінің келтірген мәліметіне қарағанда, бүгін еліміздегі кәмелеттік жасқа толмаған балалардың 80 пайызы түрлі әлеуметтік желілерде тіркелген екен. Ең өкініштісі, сол жасөспірімдердің ғаламторда кімнің жетегінде жүргенінен ата-аналары мүлдем бейхабар секілді. «Жасын да, жасамысын да «тәуелділік» дертіне ұшыратқан әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны туралы жан-жақты зерттеген әлем ғалымдары көп жағдайда виртуалды өмірдің соңы қайғы мен өкінішке әкеліп соғатынын дәлелдеді. Мәселен, дүниежүзі бойынша жыл сайын 100 жасөспірім ғаламтордағы жазбасы үшін өз-өзіне қол жұмсайтыны анықталған. Осылайша, әлеуметтік желіге байланған жастардың өмірі қыршыннан қиылуда. Қазір әлемдегі жеті миллиардтан астам халықтың 42 пайызы бос уақытын телефонға телмірумен өткізеді екен. Ал әрбір секунд сайын кем дегенде сегіз адам «Фейсбук», «Вконтакте», «Твиттер», «Мой мир» сияқты тағы басқа желілерге тіркеледі. Бұл дерек көздері халықтың әлеуметтік желінің жетегінде кеткенінің бір көрінісі» деп жазады Дидар газеті.
Бұл ғана емес, әлеуметтік желінің кесірінен әрбір үшінші отбасылық жұп ажырасып тынады екен. Өйткені, уақытының көбін ғаламторға сарп еткен адамдардың отбасына көңіл бөлетін уақыты жоқ. Соның салдарынан, жанұяда ұрыс-керіс басталып, жастар екі жаққа кетіп тынады. Тағы мынандай мәлімет бар: «Ғаламторды күніне 1,5 сағаттан артық пайдаланатын адамдар басқа жандармен салыстырғанда депрессияға жиі түседі екен. Тіпті, олар ешқандай хабарлама келмесе де, 15 минут сайын жеке аккаунтына бірнеше мәрте кіреді. Ал күндіз-түні телефонды жанынан тастамайтын адамдардың 90 пайызына вибрацияның дауысы естіліп тұрады екен. Негізі, дәрігер мамандардың ұсынып отырған тұжырымына сүйенсек, телефонға телміріп отырудың соңы бас пен арқаның ауруына, ұйқының бұзылуына, сондай-ақ, асқазан-ішек жолдары ауруларының туындауына әкеліп соғады».
Мақалада интернеттің пайдалары туралы да сөз болады. Әлеуметтік желі арқылы уақытын бос өткізетіндер ғана емес, сағат санап ақша табатындар айтылып, олардан да аз-кем пікір келтіріліпті. Әйтсе де интернеттің әлеумет үшін залалына да көбірек мойын бұруға тура келеді. Өйткені, дерек көздері бойынша елімізде төрт миллионға жуық қазақстандық «интернетке тәуелділік» дертіне шалдыққан екен. Мақалада осы дерттен айығудың жолдары туралы маман пікірі де берілген. Журналистік зерттеу былай түйінделіпті: Виртуалды әлем мен шынайы өмірдің арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Сондықтан әлеуметтік желінің әлегімен жүремін деп, отбасы мен туған-туыстарыңызға көңіл бөлуді ұмытпаңыз.
Гүл қағып алып, сыңарын тапқан бар ма екен? - Сыр бойы газеті
Қазір қазақ тойына қатысты түйткілдер көп. Соның бірі Қызылорда облыстық Сыр бойы газетінде көтеріліпті. Мақала авторы сондай өзі қонақ болып барып, куә боп қайтқан тойдағы жәйтты алға тартады. «Бәрі де ретімен өтіп жатты. Асаба жастарға той тортын кестіріп, ата-анасына үлестірді. Мұнан кейін қалыңдықты жалғыз ортаға шығарды. Сонымен асаба залда отырған бойдақ қыздарды шақыра бастады. Әдемі қазақ қыздары, бірінен бірі өткен сұлу. Бұрымдары да ұзын екен. Қалыңдықтың қасына жиналғаннан кейін асаба қыздарға гүлді қағу рәсімі болатынын айтты. Содан әлгі сыпайылықты сақтап, сызылып тұрған аруларымыз дайындала бастады. Қалыңдық артқа қарап қолына ұстаған гүлін лақтырғаны сол еді, әлгі қыздар бірін-бірі соғып, көкке көтерілген гүлге таласты. Тіпті, төбелесуге дайын тұр. Құлап-жығылып жүріп, бір бойжеткен қағып алды. Бақыттан жүзі балбұл жанған. Тойхананың сыртында ақ боз атты ханзадасы күтіп тұрғандай. Үлкендер жағы жақтырмай қарады. Расымен, сырт көзге оғаш көрінеді. Қазақ қыздарына мүлдем жат қылық».
Мақала авторы әлгі қағылған гүлдің сәттілік әкелетінен күмән келтіреді. Сосын Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың сұхбатында айтқан ұсынысын еске салады. Онда Зейнеп Ахметова: «Қазақы салтымызға жат дүниені қолдан жасап не керегі бар? Сол гүлдің орнына қыздарымыз бұрыннан келе жатқан үкіні неге таратпасқа?!» деген екен. «Гүл лақтырып, жалған сенімнің жетегінде жүргенше, ескіден келе жатқан дәстүрді қайта түлеткен дұрыс секілді. Бір жағынан аруларымыз гүлге таласып, әдепсіз қылыққа бармас еді» деп жазады автор.
Кітапқа неге құмар емеспіз? - Оңтүстік Қазақстан газеті
«Дүниетанымның көзi-бiлiм. Бiлiм неғұрлым тереңдеген сайын дүниетаным да нық қалыптасып, тұрақталады. Бiлiм алу үшiн кiтап оқу керек. Дегенмен, бiз бүгiнгi мектеп оқушыларының бойынан кiтап оқуға деген ынтаны көре алмаймыз. Олар кiтапқұмар емес. Неге?...». Оңтүстік Қазақстан газеті осы мәселені көтерген екен. Мақала авторы Ресей халқының 23 пайызы тұрақты түрде кiтап оқитынын, ал дүние жүзінде кітапты ең көп оқитындар Қытайда, яғни елдің бiр жарым миллиард адамы кітапты оқуды ұнататынын жазады. Осы ретте мақала авторы Қазақстанның жағдайына назар аудартады. Кейінгі жастардың ізденіп, кітап оқымайтынын алға тартады.
Сонымен қатар, автор бүгінгі заманның дертіне айналған «интернетке тәуелділік» кеселін қозғай отырып, мектеп оқулықтарының да балаларды қызықтыру тетіктері қамтылмай отырғанын айтады. Пайымынша, бүгінгі оқулықтарда оқушыларды қызықтыратын деректер жоқтың қасы. «Кiтап оқыған адамның көзi ашық, көкiрегi ояу болары анық. Сондықтан, достар, Сендердi «көп жасаған адам емес, көп оқыған адам ғана көптi бiледi» деген қағиданы ұстануға шақырамын!» деп түйіндейді автор.
Шалғайдағы Абай ағаның кітапханасы - Оңтүстік Қазақстан газеті
Кітапқұмарлық демекші, Оңтүстік Қазақстан облысының шалғай ауылы Қаратау елді мекеніндегі Абай ағамыздың үйінде «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң 1960 жылдан бергi тiгiндiлерi сақталып келеді екен. Газеттің жазуынша, Қаратауды «ғалымдар ауылы» деп те атайды екен. Өйткені бұл өңірден тарих, филология, медицина, техника, ветеринария ғылымдары бойынша өз еңбектерiмен танылған онға жуық ғылым кандидаты, докторы, профессор шығыпты.
«Бұл жетiстiктердiң сыры неде? Осы ауылдың тұрғыны, ұстаз Абай Дүкенбаев есiмдi азамат бүгiнде марқұм болып кеттi. Сол кiсi кезiнде бес бөлмелi үйiнiң бiр бөлмесiн газет-журналдар мұрағатына айналдырып қойыпты. Мұнда 1960 жылдардан бергi газет-журналдар тiгiндiлерi түгел сақтаулы екен. «Бiлiм және еңбек», «Мәдениет және тұрмыс», «Жалын», «Огонек» журналдары, «Социалистiк Қазақстан», «Оңтүстiк Қазақстан» сияқты көптеген басылымдардың сарғайған беттерiн осы үйден таба аласыз» деп жазады газет.
Айта кетерлігі, Абай Дүкенбаевтың архивына облыстың түкпiр-түкпiрiнен оқырмандар келедi екен. «Қазiр ағадан қалған асыл мұраларға ұлы, ұстаз Айбек Абайұлы иелiк етiп отыр. Осы қол жетпес қазынаны облыс орталығындағы үлкен кiтапханалардың бiрi қамқорлығына алып, кейiнгi ұрпаққа аманаттаса оңды iс болар едi деген ұсынысымыз бар» деп жазады Орталық Қазақстан газеті.
Бопай ханымның мәңгілік мекенінен бір уыс топырағы туған жеріне әкелінді - Атырау газеті
«Ең алғаш қыздар мектебін ашқандардың бірі - Әбілқайыр ханның жұбайы, ел ішінде ақылгөй дана атанып, есімі аңызға айналған Бопай ханымның мәңгілік мекенінен бір уыс топырақ оның кіндік қаны тамған туған жері - Атырауға әкелінді» деп жазады Атырау газеті. Айта кетерлігі, дәл осы мақсатта «Бопай ханым ізімен» атты арнайы экспедициялық топ құрылған екен. Осы шараның нәтижесі туралы газет тілшісі «Ақмешіт» кесенесінің имамы Ислам қажы Мырзабекұлымен сұхбаттасқан. «Бопай ханымның жерленген жері - Орынбор облысы, Елек ауданының Дмитровка селосының аумағында, Доңыз әскери айлағында жатыр. Ақтөбеден шамамен 400 шақырым жерде орналасқан. Киелі орынды тауып берген - сол ауылдың 80 жастан асқан тұрғыны Лұқпан Нығметұлы» деп жазады Атырау газеті .
Сұхбат барысында сондай-ақ, алдағы жоспарлар да әңгімеленеді. «Ендігі жоспарымыз Құлсары қаласынан 20 шақырым жердегі Бақашы деген ежелден келе жатқан тарихи қауымға Бопай ханымның сүйегін жерлегіміз келеді. Одан кейін жазда ас беріп, арнайы кітап шығаруды қолға алмақшымыз... Қазақ хандарының жұбайлары ішінде Бопай ханым - тарихқа енген бірден-бір тұлға. Александр Сергеевтің «Петербургский посол» деген 450 беттік кітабында да есімі аталған. Алексей Левшин жазбаларында: «Бопай Әбілқайыр ханның және оның мұрагерлерінің ақылшысы ғана емес, бүкіл халыққа шапағаты тиген ақылды ханым болды» деген сөз бар. Сондай-ақ, ол Шыңғыс ханның жұбайынан кейін ханым мәртебесіне ие болған. Тіпті, жеке мөріне дейін болыпты. Сөйтіп, орыс патшайымы Елизавета Петровна, Анна Иоанновналармен терезесі тең болған екен» дейді сұхбаттасушы.