Жасаған ісіме өкінемін, айыбымды ішінара мойындаймын — Ернар Жиембай

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық ісі бойынша сот процесінде тараптардың жарыссөзі өтті.

Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша сотта психиатриялық сараптама қорытындысы ұсынылды
Коллаж: Kazinform; Gov.kz; Pixabay

Отырыс барысында айыпталушы Ернар Жиембай жасаған ісіне өкінетінін және айыбын ішінара мойындайтынын мәлімдеді.

— Мен істеген ісімді ешқашан дұрыс деп айта алмаймын. Өскелең ұрпаққа мұндай әрекетті қайталамауды өтінемін. Жәбірленуші Руслан Арысбекұлының отадан кейінгі суреттерін көрдім. Шынын айтсам жүрегім ауырып кетті. Шын жүрегіммен кешірім сұраймын, сауығып кетуін тілеймін. Алайда, бұл әрекетке баруыма сотта айтқан өзімнің жауабымда тұрамын. Құран ұстауға, детектор болса оған да дайынмын, — деді айыпталушы.

Оның айтуынша, қылмыс жасаған сәтте адам өлтіру ниеті болмаған.

— Қазір темір тордың ішіндемін. Өкінемін. Менің кісі өлтіру пиғылым ешқашан болмаған. Мұны дәлелдейтін бейнежазбалар да бар. Егер өлтіру ниетім болса, ол құлаған кезде артынан барып әрекет жасар едім немесе көлікке отырып қашып кетер едім. Бірақ ондай қадамға барған жоқпын. Менің ойым тек қорқыту еді, — деді айыпталушы.

Жиембайдың сөзінше, жәбірленушінің жағдайы бастапқыда аса ауыр болмаған. 

— Алдыңғы жағынан қан іздері байқалмады. Жедел жәрдем қызметкерлері де оның халін орташа деп бағалады. Шын мәнінде, оқ тиді деп ойламадым, — деді ол сотта.

Айыпталушының сөзінше, ол жасаған әрекеті үшін өкінеді және соттан әділ шешім күтеді.

— «Адам өлтіру ойымен атқан» деген айыпты мойындамаймын. Себебі, менің адам өлтіру пиғылым болған жоқ, денсаулыққа да ауыр зиян келтірем деген ниетім болған жоқ. Алайда белгісіз мән жайлармен денесіне тиіп ауыр жарақат алып отыр. Маған ҚР ҚК 25-бабы аяқталған қылмыспен және нақты біткен қылмыспен ҚР ҚК 106-бабымен жаза тағайындауыңызды сұраймын. Барша еліміздің азаматтарынан кешірім сұраймын, — деді ол сотта.

Резонансты іс бойынша айыпталушыға соңғы сөз 19 тамыз күні сағат 15:00–де беріледі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын прокурор айыпталушы Ернар Жиембайға 11 жыл 3 ай бас бостандығынан айыру жазасын сұрап, сондай-ақ жәбірленуші тараптың пайдасына 30 АЕК (118 890 теңге) өндіруді талап еткенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар