«Жасампаз патриотизм — елдің негізгі қағидаты»: Жаңа адамдар Конституция жобасы туралы
АСТАНА. KAZINFORM – Осы жылы Қазақстан тарихи маңызы зор кезеңнің табалдырығында тұр. Елде Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдум өтеді.
Ұсынылған түзетулер ауқымды әрі стратегиялық сипатқа ие. Бұл елдің орнықты дамуының іргесін қалап, қоғам мен мемлекет үшін жаңа бағдарды айқындайды.
Жаңа адамдар жалпы жиынында бұл басты тақырыптардың біріне айналды. Астанада еліміздің барлық өңірінен жүздеген белсенді жиналды. Азаматтық науқандардың көшбасшылары өз командаларымен бірге атқарған жұмысын қорытындылап, өзекті күн тәртібін талқылап, болашаққа жоспарларын белгіледі.
Басты назар — Әділетті Қазақстандағы азаматтың рөліне және Конституцияның тек құқықтық нормаларды ғана емес, сонымен қатар елдің құндылықтық бағдарын айқындайтын құжат ретіндегі маңызына аударылды.
– Қазақстан Республикасының қызметінің негізгі қағидаттары туралы айтылатын 3-бапқа енгізілетін толықтыруларға ерекше тоқталғым келеді. Онда жасампаз патриотизм, еңбек, білім, адам мен отбасының дамуы туралы сөз қозғалады. Бұл нормалар елдің белсенді әрі жауапты азаматтарға басымдық беретінін көрсетеді. Жаңа адамдар осы құндылықтар мен қағидаттарды ілгерілетіп келеді. Біз бұл Конституциялық өзгерістерді толық қолдаймыз, - деді Жаңа адамдар көшбасшысы Әсел Баденова.
Айта кетейік, Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров жаңа Конституция жобасы Қазақстанның терең өзгерістер кезеңіндегі мемлекеттік даму бағытын айқындайтын стратегиялық құжат екенін мәлімдеді.