Жасанды интеллект бейнебақылау жүйесі арқылы әскердегі заңсыздықты анықтайды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан әскеріндегі заңсыз әрекеттерді анықтау үшін бейнебақылау жүйесі жаңартылмақ. Бейнебақылау камералары жасанды интеллект арқылы басқарылатын болады. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев айтты.

«Қазіргі кезде әскери бөлімдердің барлығы бейнебақылау жүйесімен қамтылған. Бірақ осы жүйеге қатысты бірнеше мәселе бар. Бұл камералар видеоны ешбір аналитикасыз түсіріп жатыр, тек бейнені таспаға жазады. Біз осыған ақпараттық жүйені енгізіп жатырмыз. Енді бейнебақылауға автоматты талдау енгізіледі, жасанды интеллект элементтері бар. Осы орайда әскери бөлімге кімдер келгенін, бөлімше аумағында неше адам жүргенін есептеп отырады. Сондай-ақ адамдар топталып жинала бастаса, жауапты адамдар негізсіз орнынан кетіп қалса осы камералар кезекшілерге белгі береді. Атап айтқанда, соңғы буынды технология негізінде осы аналитика енгізіледі», - деді Д. Ахмедиев Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Сонымен қатар ол Парламент депутатының «әскери бөлімдердегі 50 мың бейнекамераның жазбасы қайда?» деген сауалына қатысты пікір білдірді.
«Осы депутаттық сауалмен таныстым. Қазір әскери бөлімдердегі камералар қосылған жүйе аналитика жасай алмайды. Сондықтан осы талдауды автоматты түрде жасау жағдайды едәуір жеңілдетеді», - деді министрдің орынбасары.
Еске сала кетейік, биыл қыркүйек айында Мәжіліс депутаты Қорғаныс министрінің атына сауал жолдап, әскери бөлімдердегі 50 мың бейнекамераға қатысты сын айтқан еді.