Жасанды интеллект Бурабайдағы төрт өрттің алдын алуға көмектесті

АСТАНА.KAZINFORM — Өрт қаупі кезеңі басталғалы бері Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында Smart өртті ерте анықтау жүйесінің көмегімен төрт өрт ошағы дер кезінде анықталып, жойылды. «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мәлім етті.

Жасанды интеллект Бурабайдағы төрт өрттің алдын алуға көмектесті
Фото: «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі

Нәтижесінде өрттің орман қорының едәуір аумағына таралуына жол берілмеді.

Жасанды интеллект Бурабайдағы төрт өрттің алдын алуға көмектесті
Фото: «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі

— Smart жүйесі ұлттық парктің Жедел басқару орталығымен біріктірілген және тәулік бойы аумаққа мониторинг жүргізеді. Өрт белгілері анықталған жағдайда ақпарат автоматты түрде кезекші қызметтерге жіберіледі. Бұл әрекет ету уақытын айтарлықтай қысқартып, күштер мен құралдарды оқиға орнына жедел бағыттауға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.

Өрт қауіпті маусым басталғалы бері жүйе төрт өрт оқиғасын тіркеді. Барлық жағдайда өрт ошақтары бастапқы кезеңінде анықталып, жедел түрде сөндірілді.

Жасанды интеллект Бурабайдағы төрт өрттің алдын алуға көмектесті
Фото: «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі

— Жүйенің тиімділігі 22 маусым күні тағы бір мәрте дәлелденді. Сағат 15:10–да Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Бұланды орманшылығының 36-кварталында найзағай разрядының әсерінен тұтанған өрт тіркелді. Өрттің жалпы ауданы 0,5 гектарды құрады, оның ішінде 0,01 гектары орманмен көмкерілген аумаққа, ал 0,49 гектары ормансыз жерлерге тиесілі болды, — деп хабарлады табиғи парктен.

Өрт ошағының жедел анықталуының арқасында оны сөндіру жұмыстары анықталғаннан кейін небәрі 12 минут өткен соң басталды. Тағы 25 минуттан кейін өрт оқшауланып, жалынның одан әрі таралуының алдын алу мүмкін болды.

Өртті сөндіру жұмыстарына барлығы 26 адам жұмылдырылды. Олардың қатарында Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің 20 қызметкері, «ҚазАвиаОрманҚорғау» РМКК-ның екі қызметкері және Біржан сал ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің төрт қызметкері болды. Өртті сөндіруге төрт бірлік техника, оның ішінде өрт сөндіру автокөліктері, шағын орман патрульдік кешені және әуе кемесі тартылды.

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі
Фото: «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі

Ұлттық парк мамандарының айтуынша, заманауи технологиялар орман экожүйелерін қорғау жүйесінің маңызды құрамдас бөлігіне айналуда. Өрт қаупінің жоғары деңгейі жағдайында өрт ошақтарын дер кезінде анықтау ірі орман өрттерінің туындауын болдырмауға және қоршаған ортаға келетін зиянды барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында өрт қаупінің жоғары — бесінші класы сақталуда. Осыған байланысты келушілерден өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау, арнайы белгіленбеген орындарда от жақпау және Бурабайдың бірегей табиғатына ұқыпты қарау сұралады.

Айта кетейік, бір аптада «Семей орманында» 15 өрт ошағы анықталып, дер кезінде жойылды.