Жасанды интеллект тергеушілерге көмектеседі: ІІМ пилоттық жобаны іске қосты

АСТАНА. KAZINFORM — Жасанды интеллект "Сотқа дейінгі тергеп-тексеру бірыңғай тізілімі" ақпараттық жүйесіне біріктірілген және тергеушінің күнделікті жұмысын автоматтандыруға көмектеседі.

Жасанды интеллект тергеушілерге көмектеседі: ІІМ пилоттық жобаны іске қосты
Фото: polisia.kz

Мемлекет басшысының жасанды интеллектіні жедел дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Ішкі істер министрлігі тергеушінің интерактивті көмекшісі жобасын іске қосты. Жобаның басты мақсаты — қылмыстық істерді тергеу сапасы мен жеделдігін арттыру. 

Жүйенің мүмкіндіктері: дауысты мәтінге айналдыру; түрлі адамдардың жауаптарын салыстырып, қарама-қайшылықтарды анықтау; жауап алу үшін нақтылайтын сұрақтар ұсыну; процессуалдық құжаттарды автоматты түрде қалыптастыру.

Ол төрт негізгі модульден тұрады: тергеуді жоспарлау; жауаптарды өңдеу; құжаттарды дайындау; талдау және болжам жасау. Бұл жоба тергеу уақытын қысқартып, тергеушілерді техникалық жүктемеден босатуға мүмкіндік береді.

19 маусымнан бастап жүйе пилоттық режимде Астана қаласы Есіл ауданының полиция басқармасы базасында іске қосылды. Келесі аптада Ақмола облысы Қосшы қалалық полиция бөлімінде іске қосу жоспарланып отыр.

Айта кетелік «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин әлеуметтік желіде Алматыда суперкомпьютер орнатудың жақын арада басталатынын айтқан еді. 

Соңғы жаңалықтар