Жасанды интеллектіге негізделген отандық стартап Токиодағы форумда таныстырылмақ

АСТАНА. KAZINFORM — Отандық стартап жоба Жапония астанасы Токиода өтетін дүниежүзілік buildingSMART форумында көпшілік назарына ұсынылмақ. Жобалық құжаттаманы жасанды интеллект арқылы тексеретін осы стартап құрылыс саласындағы ауқымды жұмысты жеңілдетуге арналған. 

Жасанды интеллектіге негізделген отандық стартап Токиодағы саммитте таныстырылмақ
Фото: Kazinform/ЖИ

Атап айтқанда, buildingSMART — сәулет, ғимараттар мен инфрақұрылымды жобалау, инженерлік қамтамасыз ету, ғимаратты салу және пайдалану салаларына арналған ашық цифрлық стандарттарды әзірлейтін және ілгерілететін жетекші халықаралық альянс. 2026 жылғы 6–8 қазан аралығында Токиода өтетін осы халықаралық саммитте қазақстандық AIDAN технологиялық стартапы бойынша «Engineering Trust: openBIM дамуының келесі кезеңі» тақырыбында баяндама жасалады. Баяндамада инженерлік шешімдердегі жасанды интеллектіге деген сенімді қалыптастыратын бес қағидат — түсіндірмелілік, адамның бақылауын сақтау, толық аудит, ашық стандарттар мен жергілікті нормалардың үйлесімі.

Мәди Әбенов
Фото: Мәди Әбеновтің жеке архивінен

— Қазақстан ақпараттық модельдеуді міндетті түрде енгізуге көшіп жатыр. Жобалардың сәйкестігін тексеру процесіне автоматтандырылған тәртіп енгізіліп жатыр. Біз бұл жағдайға өз жобаларымызды әзірлеген кезде ерекше назар аудардық. Сондықтан Токиодағы саммитте халықаралық стандарттарды белгілейтін мамандармен бірлескен шешімді талқылап, кәсіби қауымдастыққа ортақ тетікті қарастыруды ұсынбақпыз, — деді AIDAN компаниясының бас директоры Мәди Әбенов.

Қазір Қазақстанның құрылыс саласы цифрлық модельдеуге өтіп жатыр. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 19 наурыздағы № 114 бұйрығына сәйкес, құрылыс нысандарын құру және пайдалану кезінде ақпараттық модельдеу технологиясын қолдану міндетті саналатын нысандардың тізбесі бекітілді. Бұл талап оқушылар саны 600 және одан да көп мектептерге, авиациялық инфрақұрылым нысандарына, теміржол және автомобиль жолдарының тоннельдеріне, метро жүйелеріне, ұзындығы кемінде 100 метр болатын көпірлерге және бірегей құрылыс жобаларына қолданылады. Бұл өз кезегінде жобалаушылардан жұмыс істеудің жаңа тәсілін меңгеруді, сондай-ақ бақылаудың жаңа ауқымын игеруді талап етеді.

Жасұлан Әбішев
Фото: Жасұлан Әбішевтің жеке архивінен

AIDAN-ның операциялық директоры Жасұлан Әбішевтің сөзіне қарағанда, қазіргі қолданыстағы сервистер файлдардың толықтығын тексереді. Ал AIDAN платформасы жобаға қатысты материалдардың мазмұнын тексереді, яғни файл мазмұнының тиісті құжатқа сәйкестігін анықтап, құжаттар арасында қайшылықтардың жоқтығын айқындайды. Платформа әрбір ескертуді нақты дәлелдермен көрсетіп отырады. Бұл өз кезегінде инженерлердің жұмысын жеңілдетеді.

Бүгінде платформада бірнеше қызмет жұмыс істейді. AIDAN Review жобалық және рұқсаттық құжаттаманы нормативтік талаптарға сәйкестікке тексереді. Aidan Code — Қазақстанның қолданыстағы нормативтері бойынша сұрақтарға нақты тармақшаға сілтеме жасап жауап беретін ассистент. Aidan Curator құрылыс практикасы мен жобалау кезеңдеріне қатысты сұрақтарға кеңес береді.

Айта кетейік, жақында Қазақстан мен Корея статистикада жасанды интеллект пен Big Data-ны бірге дамытатынын жазған едік.

Сонымен қатар Алатау қаласында жасанды интеллект пен озық технологиялар шоғырланады.