Жасанды интеллектіге сананы енгізуге болады, бірақ тәуекел бар – сарапшы

АСТАНА. KAZINFORM – ЖИ-ге сананы қалыптастыруға бағытталған эксперимент техникалық тұрғыдан мүмкін, алайда адамдардың нейрожелілік тұлғаларға тәуелді болу қаупін күшейтеді. Бұл туралы Новосібір мемлекеттік университеті ЖИ орталығының жетекші ғылыми қызметкері Евгений Павловский ТАСС агенттігіне айтты.

AI 300 мыңға жуық педагог жасанды интеллектіні қолдану бойынша тегін курстан өтті
Фото: Kazinform

Өткен аптада «Яндекс» компаниясы жасанды интеллектіге сананың даму мүмкіндігін зерттеуге арналған эксперимент бастап жатқанын хабарлаған еді. Мақсат – нейрожелінің адамдардың мәтіндерінен тыс, өзіне тән тұрақты пікір мен жеке ұстаным қалыптастыра алатынын немесе алмайтынын анықтау.

«ЖИ-ге тұлғалық қасиет беру – қол жеткізуге болатын нәрсе. Жасанды интеллект өз қалауын, өз талғамын қалыптастыра алады. Бұл тым алыстағы шаруа емес. Бірақ мұны жасау қажет пе? Басты сұрақ осы. Адамдар белгілі бір тұлғалық сипатқа ие көмекшілерді жиі қолданатын болады. Алайда бұл адамды адамнан алыстатады, технологияға, электр қуатына тәуелді етеді», – деді Павловский.

Сарапшының айтуынша, тағы бір қауіп – саналы ЖИ бақылаудан шығып кетуі мүмкін.

«Бұл туралы көп айтылды. Егер ол саналы субъект болса, онда автономды шешім қабылдауға ұмтылады, тіпті қауіпті әрекеттер жасауға баруы ықтимал. Егер бізге шынымен сананың табиғатын зерттеу қажет болса, онда бұл құбылысты алдымен жануарлардағы санамен байланыстыра отырып, ЖИ көмегімен зерттеген дұрыс», – деді ол.

Павловскийдің пікірінше, мұндай эксперименттің жағымды жағы – өзіндік сана феноменін зерттеуге және адам санасын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

«ЖИ-де сананы дамытуға қатысты кез келген зерттеу этикалық тұрғыдан өте мұқият бақылауды талап етеді. Мұндай ғылыми жұмыстарды жариялауға рұқсат беру де қатаң реттелуі тиіс, себебі олар белгілі бір зиян келтіруі мүмкін», – деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, Қырғызстанда жүргізуші куәлігіне арналған емтиханды жасанды интеллект қабылдайды.

Соңғы жаңалықтар