Жасанды интеллектімен жабдықталған қазақстандық «ақылды каска» халықаралық көрмеде таныстырылды

МИНСК. KAZINFORM — Қазақстандық әзірлеушілердің өндірістегі қауіпсіздікке арналған «ақылды каскасы» Минскідегі «ИННОПРОМ» көрмесінде ұсынылды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады. 

Қазақстандық әзірлеушілердің  өндірістегі қауіпсіздікке арналған «ақылды каскасы» Минскідегі «ИННОПРОМ» көрмесінде ұсынылды
Фото: Үкімет

Минскідегі «ИННОПРОМ.Беларусь» халықаралық көрмесінде Қазақстандық әзірлеушілер өндірістегі еңбек қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған шешім ұсынды — Best Vision Technologies компаниясы «ақылды каска» сериялық өндірісін жолға қойды. Мұндай инновацияларды енгізу Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жасанды интеллектіні дамыту және озық технологияларды, оның ішінде өнеркәсіп пен еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесіне енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар шеңберінде жүзеге асырылып отыр.

Әзірлеменің негізі — қарапайым каскаға бекітілген арнайы құрылғы. Ол камерамен, динамикпен және микрофонмен жабдықталған. Бұл менеджерге нақты уақыт режимінде жұмыс орнында қызметкермен болып жатқан барлық нәрсені көруге және естуге, сондай-ақ олармен екі жақты байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Өндірістегі локализация деңгейі 63%-ға жететін құрылғы орналасқан жерді бақылауға арналған GPS модулімен жабдықталған және Wi-Fi әрі ұялы байланыс арқылы жұмыс істейді.

Сонымен қатар «ақылды каскаға» жасанды интеллектіні интеграциялау жұмыстары аяқталуда. Техникалық «көруді» қолдана отырып, жасанды интеллект камерадан бейне ағынын талдайды және қауіпсіздік ережелерінің бұзылуын автоматты түрде анықтайды.

— Егер қызметкер каскасыз, қолғапсыз немесе жұмыс киімінсіз жұмыс істесе, жүйе оны жазып алады да дереу диспетчерге хабарлама жібереді. Бұл жүйе жұмыс орындарындағы қауіпсіздікті бақылауға, еңбек өнімділігін арттыруға, өндіріс мәдениетін жақсартуға мүмкіндік береді және қызметкерлер мен басшылық арасындағы байланысты жеңілдетеді, — деп атап өтті компания директоры Сәкен Садықов.

Жақын арада компания толық интеграцияланған каска шығаруды жолға қоюды және нақты уақыт режимінде өндірістік операцияларды орындау кезінде қызметкерлерге кеңес бере алатын дауыстық көмекшіні әзірлеуді жоспарлап отыр. 

Айта кетелік Минскіде қазақстандық «ақылды» жабдықтар мен робот жүйелері таныстырылған еді

Соңғы жаңалықтар