Жасанды интеллект дамуын бақылауда ұстау қажет пе

None
Фото: shutterstock.com
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жасанды интеллект пайда болғалы адамдардың өмірі айтарлықтай жеңілдеді. Десе де, мамандар оның адамзатқа қауіпті тұстары да бар екенін айтады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің болжамы бойынша Қазақстанда 2030 жылға қарай 5 саладағы қызметкерлерді «жасанды интеллект» ауыстырады. Жалпы жасанды интеллект деген не? Оның адамзатқа төндіретін қаупі бар ма? Елімізде жасанды интеллект саласы қалай дамып жатыр? Бұл туралы толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының мақаласынан оқи аласыздар.

Жасанды интеллект деген не?

Адамзат жаңа жасанды интеллект дәуірі қарсаңында тұр. «Жасанды интеллект» сөзін алғаш рет Джон Маккарти есімді америкалық ғалым қолданды. Ол басында математикалық теоремаларды автоматты түрде дәлелдеуге арналған компьютерлік бағдарлама еді. Кейін жүйе алгоритмдік жұмыспен ғана шектелмей, білім жинау, талдау жасау, мәселе шешу, жоспарлау, болжау сияқты функцияларды үйренді. Яғни, тура адам сияқты «жасанды интеллектіге» ойлау қабілеті енгізілді. Ол үшін адам миындағы нейрондық желілердің сандық форматтағы көшірмесі жасалды.

Бүгінде күнделікті қолданатын Apple өнімдеріндегі Siri дауыс қызметі де, әр сұрағымызға жауап іздейтін Google браузері де, музыка тыңдайтын құлаққаптар да, әлеуметтік желілерде бізге ұнайтын контентті де дәл тауып ұсынатын бағдарлама да, мессенджерде біз жазғымыз келетін сөзді алдын-ала болжай алатын пернетақта қызметі де, жол көрсететін GPS те – бәрі, бәрі жасанды интеллект.

Фото: Gerd Altmann с сайта Pixabay

«Жасанды интеллект» ғылыми зерттеу институтының директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Алтынбек Шәріпбаев жалпы жасанды интеллект дегеннің не екенін білу үшін «интеллект» деген ұғымға анықтама беру қажеттігін айтады.

«Интеллект дегеніміз – субъектінің қоршаған әлемді қабылдау мен түсіну, өңдеу, өздігінен оқу және шығару ережелерін даярлау мен шешім қабылдау қабілетіне ие болуы. Егер субъект адам болса, онда табиғи интеллект туралы сөз болады. Ал егер субъект жасанды құрылғы болса, онда жасанды интеллект жөнінде сөз қозғаймыз. Жасанды интеллект – ақпараттық технологияның бір саласы. Бұрын ақпараттық технология жоқ кезде компьютер ғылымының бір саласы болып саналып келді. Мәселен, қазір біздің қолымыздағы ноутбуктің қуаты бұрынғы бір спортзалды алып отыратын компьютердің шамасына тең. Яғни көріп отырғанымыздай, 20-30 жылда технология сәт сайын өзгеріске ұшырап, дами түсті», - деді Алтынбек Шәріпбаев.

Демек, жасанды интеллект адам баласының күнделікті өміріне әбден сіңіп үлгерді десек артық айтқандық емес. Бірақ ғалымдардың пайымынша, болашақта жасанды интеллект адамның жан толғанысы мен сезімдерін түсініп, тіпті оларды білдіре алатын дәрежеге дейін жетеді.

Жасанды интеллектінің дамуы жұмыссыз адамдардың санын көбейте ме?

Соңғы уақытта нейрожүйенің мүмкіндіктері ел арасында көп талқыланып жүр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2030 жылға қарай елімізде 5 саланың қызметтерін «жасанды интеллект» алмастыратынын айтқан. Министрлік мәліметінше, болашақта ауыл шаруашылығына қорап ораушылар, құрылыста шыны кесушілер, машина жасауда қоймашылар қажет болмайды. Сонымен қатар мұнай-газ өндірісінде операторлар пилотсыз дрондарға ауыстырылатынын айтады. Осылайша, жасанды интеллект барлық салаға біртіндеп еніп жатыр. Қазіргі таңда ғалымдар жасанды интеллект мүмкіндіктерін бір функциямен шектемей, адам санасы сияқты білім жинау, анализ жасау, мәселе шешу, жоспарлау, болжау және үйрену сынды функиялармен толықтыруға тырысып жатыр. Ал болашақта жасанды интеллекті зауыттарды басқаруға, қауіпті әрі денсаулыққа зиянды жұмыстарды атқаруға пайдалану көзделіп отыр.

Фото: Gerd Altmann с сайта Pixabay

Жасанды интеллект саласынын маманы, «Сергек» жобасын жасаушылардың бірі Қайрат Айтпаев жасанды интеллекттің дамуы жұмыссыз адамдардың санын көбейтетінін жасырмады. Ол бұл әсіресе шығармашылықты қажет етпейтін сала мамандарына қатысты екенін айтты.

«Жасанды интеллекттің дамуы, әрине, жұмыссыз адамдардың пайда болуына әкеліп соғады. Әсіресе, шығармашылықты қажет етпейтін салада жасанды интеллект күнделікті тапсырмаларды орындауда күн өткен сайын сауатты бола түсуде. Кейбір мысалдар мұны қазірдің өзінде анық көрсетіп отыр. Мәселен, автопилоттар драйверлерді алмастыра алады, жасанды интеллектке негізделген жауап берушілер байланыс орталықтарының операторларын алмастыра алады», - деді Қайрат Айтпаев.

Оксфорд университеті жүргізген зерттеуге сенсек, жақында ІТ саласынан базалық білімі жоқ адамдарға жұмыс табу қиын болмақ. Ал McKinsey Global Institute мәліметінше, 2030 жылға қарай әлемде 800 миллионға жуық адам роботтар мен автоматтардың кесірінен жұмысынан айырылуы мүмкін. Бұл қазіргі жаһандық жұмыс күшінің бестен бір бөлігіне тең.

Дегенмен технология саласының маманы Қайрат Айтпаев жасанды интеллект адамзатты жұмысынан айырады деп алаңдамай, еңбек нарығының өзгермелі талаптарына сай бейімделу үшін жаңа дағдылар мен мамандықтарды дамытуға назар аудару қажеттігін баса айтты. «Шығармашылық, инновация қабілеті және адамның құзыретіне жататын әлеуметтік дағдылар, тіпті жасанды интеллект жетілдірілген жағдайда да сұранысқа ие болады және өзгеріссіз қалады», - деді ол.

Техника ғылымдарының докторы Алтынбек Шәріпбаевтың пікірінше, қазір адамзат жасанды интеллекттің қарқынды даму кезеңінде, бұл қазір бүкіл салаға еніп, адамзаттың өмірін жеңілдетуде маңызды рөл атқарып отырғаны жасырын емес.

«Бұған дейін көптеген саладағы ауыр физикалық жұмыстарды адам өзі істесе, қазір жасанды интеллект дамуының арқасында сол жұмыстарды роботтар істеп отыр. Мәселен, құрылыста, шахтада жұмыс істейтін жұмысшылар бар, солардың белгілі бір жұмысы, яғни қабырға салу, шатыр тұрғызу деген секілді істерінің барлығын дерлік қазір роботтар атқарады. Демек бұл «құрылысшы мамандарды роботтармен алмастыруға болады» дегенді анық білдіреді. Қазір, мәселен, Аустралия мемлекетінде шабан, яғни, мал бағатын адам жоқ. Олардың қызметін роботтар атқарып отыр», - деді маман.

Профессор ақылмен ойлап, мимен жұмыс істейтін қызметтің де бәрі біртіндеп жасанды интеллектке ойысып жатқанын айтып, миллиардтаған деректерді талдауға адамның миы жетпейтінін айтты. «Мәселен, шахматтан әлем чемпионы компьютердегі шахмат бағдарламасынан жеңіліп қалды. Демек компьютердегі шахмат мықты деген сөз. Сондай-ақ түрлі деректерге тоқталсақ, миллиондаған, миллиардтаған деректерді талдауға адамның мүмкіндігі жоқ. Оған оның уақыты да, жасы да жетпейді. Ал компьютер бірнеше секундта деректер ағынын оп-оңай өңдеп бере алады. Мәселен, медицинадағы диагностикалауға назар салсақ, дәрігермен салыстырғанда құрылғы диагнозды дұрыс қойып береді, себебі компьютерге әлемдегі не сол мемлекет пен аймақтағы ең мықты дәрігерлердің білімі жазылады. Ал дәрігерге қаралсақ, тек сол медицина қызметкерінің білімі деңгейінде диагноз қойылады», - деді ол.


Елімізде жасанды интеллект қалай дамып жатыр?

Болашақта адамның қызметін толықтай роботтар атқарып, адамзат жұмыссыз қалмауы үшін білім, ғылымды дамыту маңызды екендігі белгілі. Алтынбек Шәріпбаев Қазақстанда жасанды интеллект жұмысы әлі жолға қойылмағанын айтады.

«Жалпы дамыған мемлекеттерде жасанды интеллект жұмысы жақсы жолға қойылған. Ал біздегі жағдайына келер болсақ, олай деп айта алмас едім. Бізге бір дүние жетіспейді. Ол – қоғамдық құрылым. Біздің мемлекетте жасанды интеллектті дамытуға деген қызығушылық байқалмайды, арнаулы мемлекеттік бағдарлама, мемлекеттік мекеме, министрлік жоқ. Төрткүл дүние осыған назарын аударып, дамытуға күш салып отыр. Біз бұдан қалып қоюымыз мүмкін. Қазіргі таңда біздің мемлекеттің мүмкіндігі бар, жастарымыз да өте талантты. Оларды дер кезінде пайдаланбасақ, жастардың күш-қуаты басқа дүниеге жұмсалып кетеді», - деді техника ғылымының докторы.

«Жасанды интеллекттің де екі тұсы бар: пайдасы және зияны»

Ол жалпы жасанды интеллектінің пайдасы мен зияны қатар жүретінін айтады. «Кез келген заттың екі жағын қатар қарастырамыз. Сол сияқты жасанды интеллекттің де екі тұсы бар: пайдасы және зияны. Бұл шындап келгенде, оны жасап шығаратын мемлекеттің ұстанған саясатына байланысты нәрсе. Егер жасанды интеллекттің дамуын жолға қою үшін арнаулы бағдарлама жасап, ғалымдар тобын жиып, зерттеу жұмыстары жүргізілмесе, әрине, зиян жағы көп болуы мүмкін. Ал қоғамға қажет бағыттарды дамытуға күш салса, жасанды интеллекттен асқан ғылым жоқ», - деді Алтынбек Шәріпбаев.



Жасанды интелекттің дамуын бақылауда ұстау қажет пе?

Алайда бұл жасанды интеллект әзірге қауіпсіз деген сөз емес. Қазірдің өзінде сақтануға себеп бар көрінеді. Жасанды интеллекттің қазіргі ең басты қаупі – дипфэйк технологиясы. Ол адамның бетін көшіріп, одан бейнематериалдар жасап шығарады. Қазірдің өзінде хакерлердің осындай әрекетіне бірнеше адам алданып үлгерген. Тіпті белгілі адамдардың атынан сұхбат жасап, алаяқтық істеуге болады. Одан кейін дипвойс деген технология жаңадан шығып жатыр. Ол адамның дауысын, интонациясын келтіріп, аудио хабарлама жіберуге немесе біреумен әңгімелесуге де болады. Бұлар қазіргі ең басты қауіптердің қатарына жатқызылған. Одан бөлек, ақпараттық қауіпсіздік мәселесі де қазір күн тәртібінен түспей тұр. Бүгінде хакерлік шабуылдар үйреншікті жағдайға айналған. Сондай-ақ кез келген жүйенің басқару тетігін басып алу арқылы ақша бопсалауды кәсіпке айналдырғандар да бар. Бұл – қауіптің бергі жағы. Мамандар бұзық ниеттілер маңызды мекемелердің жүйесін бұзып кіретін болса, қауіп сол кезде басталатынын айтады.

Мамандардың басым көпшілігі жасанды интеллекттің дамуын бақылауда ұстау қажет екенін айтып отыр. Тіпті бұған дейін кейбір ғалымдар оның қаупі жөнінде БҰҰ-ға да хат жолдаған. Мұнда ғалымдар жасанды интеллекті бар әскери қаруды бақылауда ұстау керек деген мәселе көтерген. Мәселен, қазір кейбір мемлекет басшылары әлемде аналогы жоқ қаруға ие болғысы келуі мүмкін. Ол үшін түрлі құпия зертханаларды қаржыландырып, оларға қыруар ақша бөлуі де ықтимал екені айтылады. Осыған қатысты профессор Алтынбек Шәріпбаев өз пікірін білдірді.

«Қазір адамзатқа не белгілі бір мемлекетке қауіп төндіру үшін бұрынғыдай атом бомбасын, ракетаны жасаудың қажеті жоқ. Жалпылама қарайтын болсақ, бұл бүкіл адам баласына қауіп тудырмайды, бірақ кейбір мемлекеттер мен ұлттарға үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Мәселен, көлемі маса не шыбындай болатын интеллектуал жасанды жәндікке белгілі бір мемлекеттің немесе бір ұлттың генетикалық кодының алгоритмін енгізсе, оны биологиялық қару ретінде пайдалануға әбден болады. Сонда жәндік тек сол алгоритмге сәйкес салып берген генетиканы не нәсілді шағады. Тіпті қырып жіберуі де мүмкін. Өйткені жасанды интеллект адамның бет-жүзін де, дауысын да тануға мүмкіндігі бар. Сол сияқты адамның генетикалық кодын да жақсы таниды. Сондықтан да сол нәсілге не ұлтқа қонады», - деді Алтынбек Шәріпбаев.

Фото: Gerd Altmann с сайта Pixabay

Chat GPT жасанды интеллектінің қаупі қандай?

Жақында АҚШ-тың OpenAI компаниясы мәтін жазатын ChatGPT ботын іске қосқан. Бұл бағдарлама қазір әлем жұртын таңдандырып та, алаңдатып та отыр. Таңдай қаққызатыны – қас қағым сәтте өлең, шығарма жазу былай тұрсын, күрделі есептерді шығарып тастайды. Зерттеушілер бағдарламалық жасақтама кез келген тапсырманы орындау мақсатында және емтихан кезінде есептерді шығару үшін пайдаланылуы мүмкін деп алаңдайды. Себебі оқушылар мен студенттер өз интеллектін дамытудың орнына осындай көмекші боттарға жиі жүгінеді. Бес аспап бағдарлама өлең шығарып, әннің сөзін де жазады. Ақындық суырып салмалығы өз алдына, ертегі мен кино сценарий құрастырып, компьютерлік кодтарды да түзе алады. Ресми және бейресми хаттар мен құттықтаулардан бөлек, сараптамалық мақалалар мен көлемді баяндамаларды да көзді ашып жұмғанша әзірлеп береді екен. Тіпті, ауырып тұрған адам симптомдарын толық әрі дұрыс жазса, қандай ем шара қолдану керегін де айтады. Адвокаттық кеңес беріп, тиісті органдарға шағым жазуға да көмек береді. Бұр орайда, мамандардың сөзінше, чат заң мен медицинаға қатысты емтихандарды оңай еңсерген. Қазіргі таңда бұл бағдарлама ағылшын тілінен бөлек 94 тілде ақпарат алуға мүмкіндік береді. Оның ішінде қазақ тілі де бар. Алайда қазақшаға келгенде ұзақтау ойланып, шала жауап береді. Ең қызығы, бұл технологиялар білім беру ордаларына дереу соққы болып тигені айдан анық. Қазақстандағы білім ордалары мен қазақ қоғамы бұл технологияны жетік білмеген соң әлі де болса түсінбей жатқаны байқалады. Ал Италия мемлекеті ел аймағында ChatGPT қолдануға уақытша тыйым салды. Нью-Йорк білім басқармасы болса, мектептерде бұл сайт ашылмайтындай етіп бұғаттап тастады. Өйткені аяқ асты жарыққа шыққан технология болғанымен, қолданыс аясы жағынан қаулаған өрттей тез тараған бұл технологияның қызығын студенттер мен оқушылар барынша қолданып қалып жатыр.

Қорыта келе, жаңа заманның кез келген жаңалығы дұрыс пайдаланса, адам баласына жақсылық әкелетіні сөзсіз. Қауіп-қатері аз болмаса да, жасанды интеллектті дамытудың қазіргі беталысына қарап, еңбек нарығының болашағы алаңдатпай қоймайды. Мәселен, қаншалықты зиян десек те, қару-жарақ өндірісі, оның ішінде жойқын қару жасау ісі жалғасып жатыр. Тіпті, ядролық державалар жыл өткен сайын бір-бірінен асып түсуге талпынуда. Жасанды интеллект те дами түсетіні талассыз. Білім беру, медицина, логистика, өндіріс салаларындағы жетістіктерін көріп, дамығаны адамзат үшін игі деген ойға қаламыз. Алайда жасанды интеллектіні адамның қауіпсіздігіне қатер төндіретін өзге мақсаттарда қолданылуы жақсылық емес. Алғашында адамзат жасанды зердені өз өмірін оңтайландыру, жұмысын жеңілдету құралы ретінде ойлап тапқанын ұмытпаған жөн.

Фото: Gerd Altmann с сайта Pixabay



Соңғы жаңалықтар