Жасарал Еңсепов - әндері мен күйлерін ұрпағына мирас етіп қалдырған біртуар дарын
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әсем ән мен күмбірлеген күйлерін ұрпағына мирас етіп қалдырған біртуар дарын, халық композиторлары десек, бабалар дәстүрін жалғастырып жүрген сазгерлеріміз де аз емес.
Осындай қасиетті өнерді жалғастырып, шәкірт тәрбиелеп жүрген ұлағатты ұстаз, күй дәстүрінің зерттеушісі, педагогика ғылымының кандидаты, ҚР халық білімінің үздігі- Жасарал Еңсепов еді.
Жасарал Арал өңірінің түлегі болғандықтан ата - бабаларының мекені әйгілі халық композиторы Қазанғаптың елі. Асыл қасиетті бала кезінен бойына сіңірген Жасарал бес жасынан қолына домбыра ұстап, әкесі Жақсылықтан күй үйренді. Әкесі теміржол бойында еңбек ететін. Жұмыстан шаршап келсе да баланың көңілін қалдырмай, домбырасын қолына алып білгенін үйрететін. Жасарал мектеп қабырғасында жүрген кезінің өзінде естіген күйлерін тез үйреніп алатын. «Әке балаға сыншы» дегендей, әлде ескі көзқарастың әсері ме, дәл мамандық таңдау кезінде әкесі Жасаралға дәрігерлік оқуға баруын өтінген. Үлкеннің сөзін жерге тастамайтын ауыл баласы арман құшағында жүрсе де өз мақсатын ұмытуға тырысатын. Сан-салалы мамандықты меңгерсе де киелі өнер оған маза бермейтін.
Жасаралдың сазгерлік өнері Ақтөбе облыстық Мақсұт Құсайынов атындағы мектеп-интернатта ән сабағынан ұстаздық еткен кезінен басталған. Шәкірттерге әр мереке сайын тақырыптық әндер үйретейін десе , балаларға арналған әндер жоқтың қасы болғандықтан ол дүкеннен Мұқағали, Қадыр, Қайрат пен Фаризалардың жыр кітабын сатып алып, түн баласы оқып, ізденетін. Көңілге жайлы өлеңдер ән тілеп тұрғандай көрінетін. Көп ізденістен соң тұңғыш ән туады. Алғашында менің әнім еді деп жария етпегенмен Жасаралдың жаңа әндерін оқушылар орындай бастады.
Жергілікті сазгер Қайыргелді Қожантаевқа тырнақалды туындыларын тыңдап, нотаға түсіруіне көмектесті. «Жасарал, мынау табиғи дарыннан туған әндер ғой, енді саған оқу керек, білімсіз бәйгеге түсе алмайсың» деп ақыл-кеңесін берді. Сөйтіп, балалы-шағалы жігіт толқу үстінде жүргенде Алматыдан күйші Тымат Мерғалиев келеді. «Жолы болғыр жігіттің жеңгесі алдынан шығады» дегендей, Тымекең талапкердің шығарған әндерін тыңдап оқуға түсуін талап етеді. Күндіз-түні жанына дамыл бермейтін әуендер мен жүрек тебіренісі Алматыға келуіне себепші болады. Жасарал келе консерваторияда ұстаздық ететін Ғазиза Жұбановаға жолығады. Ол кісі: «күйіңді Құддыс Қожамияровқа тыңдатып ал, не айтар екен?» деген.
Содан Жасарал Құдысқа өз шығармаларын тыңдатқан соң «ән-күйлерің тәп-тәуір екен. Сауатсыз сазгер болдың ғой, бірақ жасың әжептәуірге келіпті, оқудан кеш қалдың,- деп композитор қайталап айтты. Салы суға кеткен Жасарал «әттең-ай» деп елге қайтам ба» деп тұрғанда Ғазиза Ахметқызы алдынан шығып, «ештеңе жоқ, биыл дайындық курсына түс те келесі жылы студент бол» деп ақыл-кеңес берген. Келесі жылы консерваторияға түскен соң Жасарал Қазанғап күйін зерттеуші, белгілі күйші Садуақас Балмағамбетовтен дәріс алды, күйдің қыр-сырын түсіндіріп, шеберлік шыңдайды.
Жасарал консерваторияның соңғы курсында күйші Айтқали Жайымовтың алдынан дәріс алды. Көп жылғы арман орындалды. Сол жылдары ән мен күй шығаруға бірден-бір қолұшын беріп, сауаттылыққа тәрбиелеген белгілі композитор Базарбай Жұманиязов еді.
Кішкентай Айбек пен Асылбекті жетектеп жүріп, талай рет сабаққа барғаны есінде. Әр баланың өз қабілеті болады. Айбектен гөрі Асылбек домбыраға үйір болатын.
Жасарал оқуын тәмамдаған соң біржолата өнер жолына түспей, ұстаздық жолды қалап алды. Алматыдағы нөмірі 115 қазақ орта мектебінің ашылуына күш жұмсап, ос оқу орнында тәжірибелік сабақтар жүргізе бастады.
Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен қара жерге кірер денең,- деп Абай атамыз айтқандай, балаларды өнерге тәрбиелей отырып, басқа пәндерден де білімін арттыруға Жасаралдың ықпалы ерекше болды. Шәкірттер ән мен күйге ерекше ынта қойды, домбыраны тез меңгеріп алды.
Мен Жасаралдан жаңа ағымның ДЭККО аталуының себебі не?-деп сұрағанымда ол кісі былай деп жауап берді;
«Осы домбыра күй мұрасын аталарымыз беріп кетсе, біз бұны компьютермен сөйлетіп, жаңалық ашуымыз керек деп ойладым. Оны Асылбек менің «Әке толғауы» күйіммен бастады. Бір жылдай халықтың ой-пікірін тыңдап жүрдім. Оправациядан өткеннен кейін балам қызығып, «Адай», «Жұмыр қылыш», «Науайы» күйлерін эстрадаға қосылып орындай бастады. Іздеуші көбейді. Эстрада десек қайталау тәрізді. Елдер қазақша ат қоймаймыз ба?- деген. Сосын ойлай-ойлай дэкко деген атты ойлап таптық.
Д-домбыра
Э- эстрада
К- күй
К -компьютер
О -орындаушы. Бұның сырын авторлық патент алғаннан кейін айттым».
Өнерге жаңалық келген соң қайталаушылар көбейіп кетті. Бұл жөнінде Жасарал «менің мектебімді жалғастырушы жастар көбейсе, халыққа ұнағаны» -дейді. Басында өнер адамдары домбыраны эстрадаға салып бүлдірдіңдер»-деп қарсы болғандары да болыпты. Жасаралды бірден-бір қолдаған консерватория ректоры Жәния Әубәкірова, күйшілер Қаршыға Ахмедияров пен Рысбай Ғабдиев еді.
Домбырадан түк шықпайды деген кейбір тыңдаушының сөзін жоққа шығарып, әкелі-балалы күйшілер домбыраны әлемдік дәрежеге көтерді, жетістіктерге жетті.
Күйші Жасарал Еңсепов өзінің көп жылғы еңбегінін нәтижесін 2004 жылғы 22 сәуірде өткен шығармашылық кешінде айқын көрсетті. Кеште Қазақтың Мемлекеттік Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрі он екі шығармасын орындады. Халқымыздың сүйікті әншілері Нұрғали Нүсіпжанов пен Нұржамал Үсенбаева, Ғафиз Есімов, Дина Хамзина және эстрада жанрында Шәкизада, Сейфуллин, Ренат, Жанарлар лирикалық әндерді орындады. Шығармаларға партитура, оранжировка жасау кәсіби тұрғыда орындалып, студияда жақсы жазылды.
Сөз орай келгенде Асылбектің осы уақытқа дейін жеткен жетістіктері жайлы айтып беруін өтінгенде Жасарал ұрпағы жайлы мақтанышпен ойын жалғастырды:
«Асылбек халықтың көз алдында жүрген бала. Он жасынан менің сыныбымда оқыды. Қаладағы республикалқы конкурста бірінші орын алды. Сөйтіп, Францияда өткен дүниежүзілік Бритон атындағы фестивальда лауреат атанып келдік. Газет-журналдарда жазылды. Халықаралық фестивальдардың бәрінен Гран при, 1 орын алып келді. Жастар одағы және «Дарын» сыйлығының лауреаты. Сонымен қатар «Тарлан» сыйлығының иегері.
Жасаралдың дэкко тәсілімен жазылған Құрманғазы бабамызға «Арнау», «Сартай баба», «Нұршашу» және «Әке толғауы» күйлері Асылбектің орындауында ерекше сезім мен рухқа толы. Өз бабасы Көтібар батырға арнаған «Ер баба» әні Ғафиз Есімовтің орындауында өз мағынасын аша білді.
Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаеваның орындауында «Қуанайын», «Аққу» әндері әншінің үнімен ерекше әсерлі. Ал Дина Хамзинаның орындаған «Күнім-бөбегім» әні бесік жырына ұқсас. «Құдаларым» әнін Жанар Айжанова орындап жүр.
Жалпы Қазақ радиосының «Алтын қорында» сазгер Жасарал Еңсеповтың 30-ға жуық өзі шығарған шығармалары сақталған.
Жасарал Білім академиясында аға ғылыми қызметкер бола жүріп, «Домбыра өнері арқылы оқушы жастарға музыкалық -эстетикалық тәрбие беру жүйесі», «Күй-рух», «Он екі перненің құдіреті», Домбыра өнері-халықтық өнер» атты ғылыми зерттеу еңбектерін жазды. Ғылым кандидаты атанды. Үй ішімен өнерге бейім отбасында Жасарал мен Асылбек күйші, үлкен ұлдары Айбек дизайнер-модельер, ал Сырым болса, әнші. Балаларының анасы Фариданың той-томалақта ән салатыны бар.
Үлкені Айбек Асылбектің сахнаға шығатын киімдерінің үлгісін жасап, ерекше қамқорлыққа алған. Әріде халықтың күй дәстүрінен нәр алып, Қазанғап күйлерін тамсана тыңдап өскен Жасарал тумысынан қарапайым жан. Ол Садуақастай ұстаздан дәріс алып, Айтқалидай өнер иесінің ақыл-кеңесін бойына сіңірген күйші әрі өнер зерттеушісі. Даласы ән салып тұрған қазақ өнерінің бір перзенті жүрекке сыймаған көрікті әндері мен күмбірлеген күйлерін халқыма жеткізем деп келген мақсатты арманына жетіп, жеміс берген мәуелі ағаштай тамырын терең жайды. Алыс тұрған биік шың жақындай түсті. Әке үшін ұрпағының сенім ақтағаны - бақыт.
Күйші-ұстаз Жасарал Еңсепов бабалар күйін баласы Асылбекке тапсырды. Бала деп өмірі мен өнерін осы балаларға арнаған өнердің өз өкілінің Асылбегін ел жас кезінен таныды, өнеріне тәнтті болды. Ол Құрманғазы атындағы Халықаралық байқаудың және Республикалық «Шабыт» фестивалының лауреаты, «Қазақстан Жастар одағы» сыйлығының және «Тарлан», «Дарын» сыйлықтарының лауреаты, сондай-ақ «Жыл әні-Алтын диск» телевизиялық фестивалының жеңімпазы атанды. Үнемі ізденісте қабілетін шыңдаған Асылбек «ат тұяғын тай басқан» әке өнерінің жалғасы екені рас. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтын Иманбаева