«Жасыл Дамудың» Kcell бағалы қағаздарын сатып алуы орынды ма — министр жауабы
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин «Жасыл Даму» компаниясының Kcell-дің 5% үлесін сатып алғаны туралы тілшілер сұрағына жауап берді.

— Маған «Жасыл Дамудың» берген ақпараты бойынша, бұл ұйымдастырылған нарықтағы бағалы қағаздарды сатып алу. 30 күн ішінде кері сатып алу шартымен «Кері репо» операциясы жасалған. Сондықтан мұнда әдеттегі мәміле жүріп жатыр. Бұл жағдайда квазимемлекеттік сектордың сенімді субъектісінің бағалы қағаздары сатып алынған, — деп жауап берді Серік Жұманғарин Үкіметте өткен баспасөз қызметінде.
Бірақ тілшілер «Жасыл Дамуды» құрудың мақсаты — қалдықтарды қайта өңдеуді дамыту екенін айтып, Kcell-ге инвестиция салудың қанашлықты орынды екенін сұрады.
— Шын мәнінде, «Жасыл Даму» жақсы инвестиция жасап отыр. Қазір Экология министрлігімен бірге тұрмыстық қатты қалдық полигондарын салу бағдарламасы жүріп жатыр. Бірақ бос қаражат та бар, жобалар бірден жүзеге аспайды. Босқа жатқанша, неге оны 30 күнге жақсы құралға, «Kcell» бағалы қағаздарына салмасқа? Бұдан бөлек, «Жасыл Дамудан» бөлінетін қаражат қазақстандық өндірістегі техника, жүк көліктерін және басқаларын сатып алуға салынады. Біз мұны бүгін ғана талқыладық. Индустрияны дамыту қорының басшысымен сөйлесіп, вагондар сатып алуды, теміржол құрылысы нысандарына инвестиция салуды ұсындым. Бұл әрі экономикаға, әрі кәсіпорындардың дамуына мүмкіндік береді, әрі жеткілікті жақсы табыс әкеледі. Осы тұрғыдан алғанда, менің ойымша, компания жеткілікті деңгейде жұмыс істеп жатыр, — деп жауап берді Серік Жұманғарин.
Бұған дейін Серік Жұманғарин Ақтөбеде ресейлік сатып алушылардың көбеюі туралы пікір білдірген еді.