Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

«Жасыл Нобель» иегері Семей полигонын зерттеу тарихымен бөлісті

АСТАНА. KAZINFORM – Қайша Атаханова – Қазақстандағы экологиялық қозғалыстың белсенді өкілі, биолог. Ол Семей ядролық полигонының зардабын зерттеуге қосқан үлесі үшін беделді халықаралық марапаттардың бірі – Goldman Environmental Prize, яғни «Жасыл Нобель» сыйлығын иеленген. Бұл марапатты алған жалғыз қазақстандық ғалым Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында ғылымдағы жолы мен экология саласындағы қызметі туралы әңгімеледі.

ы
Фото: Видеодан алынған скрин

– Біз командамызбен бірге радиоактивті ластану мәселесін зерттеу бағытында көп еңбек еттік. Бұл – менің ғана емес, Қазақстанның да жетістігі, – деді ол.

Экология саласына Қайша Атаханова студенттік кезден бет бұрған. Қарағанды мемлекеттік университетінің биология факультетінде оқып жүргенде ғылыми зерттеулерге араласып, кейін радиацияның денсаулыққа әсерін зерттеуді өмірлік бағытына айналдырған.

– Студент кезден бастап ғылыми зерттеулерге ден қойдық. Профессор Айтхажа Биғалиевпен бірге жұмыс істедік. Кейін Ресейдің ядролық саясат мәселелерімен айналысатын орталықта еңбек еткен академик Алексей Яблоковпен тәжірибе алмастық. Радиацияның аз мөлшерінің адам денсаулығына әсерін зерттедік. Сондай-ақ Калифорнияда ядролық энергетиканы сынауымен танымал америкалық ғалым Джон Гофманмен кездесіп, Семей полигоны мен ядролық қарудың зардаптарын талқыладық. Олардың бұл саладағы тәжірибелері өте мол еді, – деді ғалым.

Оның айтуынша, сол кезеңде ядролық сынақтарға қатысты көптеген материал құпия сақталған.

– Ол кезде барлық құжаттар құпия болды. Бірақ мен атаған ғалымдар тек зерттеу жасаумен шектелген жоқ. Олар азаматтық ғылымның дамуына үлес қосты, – деді ол.

Кейін ядролық сынақтардың салдары туралы деректер ашық жариялана бастаған соң Қайша Атаханова «Невада – Семей» антиядролық қозғалысына қосылды. 1992 жылы Қарағандыда Экологиялық орталық құрып, радиациядан зардап шеккен тұрғындармен жүйелі жұмыс жүргізген.

Ғалым бұл тақырыпты таңдауға кәсіби қызығушылықпен қатар, жеке өміріндегі оқиғалар себеп болғанын айтады.

– «Невада – Семей» қозғалысына белсенді қатыстым. Мұны дұрыс шешім деп санаймын. Өзім де бұл тақырыпқа жайдан-жай келген жоқпын. Ата-анамнан, әпкемнен айырылдым, ағам да қатерлі ісікке шалдыққан. Сондықтан Семей полигонының адам денсаулығы мен табиғатқа әсерін тереңірек зерттеуді өмірлік міндетім деп қабылдадым, – деді Қайша Атаханова.

Айта кетейік, Жапонияда ядролық қаруды әкелуге тыйым салу мәселесі талқыланып жатыр.