Жаслан Мәдиев Starlink жүйелерінің Қазақстандағы жұмысқа дайындығын тексерді
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Starlink өкілдерімен елімізде спутниктік технологияларды енгізудің аралық нәтижелерін талқылады.
Жиынға бейінді мемлекеттік органдардың мамандары да қатысты.
Кездесудің негізгі тақырыбы 2025 жылғы 12 маусымда қол қойылған келісімнің жүзеге асырылу барысы болды.
Құжатқа қол қойылған сәттен бастап жоба белсенді кезеңге өтті: компания ел аумағында жерүсті инфрақұрылымын өрістету жұмыстарына кірісті. Тараптар келісім аясындағы міндеттемелердің орындалуын егжей-тегжейлі талдап, жүйелердің техникалық дайындығын бағалады.
Техникалық мәселелермен қатар, спутниктік желі жұмысын Қазақстанның құқықтық өрісіне толық интеграциялау мақсатында оның реттеуші нормаларға сәйкестігіне ерекше назар аударылды.
2025 жылғы 12 маусымда Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен «Starlink Kazakhstan» компаниясы Қазақстан аумағында спутниктік интернетті іске қосу туралы келісімге қол қойды.
Пилоттық жоба шеңберінде компания жерүсті инфрақұрылымын құру, оны пайдалануға беру және техникалық іске қосу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Айта кетелік Қазақстанда Starlink Direct to Cell спутниктік байланыс технологиясы сынақтан сәтті өткен еді.