09:46, 22 Наурыз 2014 | GMT +5
Жасөспірім жолаушы толы автобуста оқ жаудырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Нью-Йорктің Бруклин ауданында жасөспірім жолаушы толы автобуста оқ жаудырды, 1 адам қаза тапты, деп хабарлады шетелдік БАҚ.
14 жастағы жасөспірім автобусқа кіргеннен кейін бірнеше мәрте оқ атқан. Осы оқыс оқиға салдарынан жолаушылардың бірі 39 жастағы Энджел Роджас басына оқ тиіп, оқиға орнында көз жұмған. Ал қоғамдық көлікте болған басқа жолаушылардың зардап шеккен, шекпегендігі жайында еш ақпарат жоқ.
Полиция қызметкерлерінің болжамынша, жеткіншек басқа біреуді атамын деп абайсызда Э.Роджасты оққа байлаған. Осыдан кейін оқиға орнынан бой тасаламақ болған оны полиция қызметкерлері тұтқынға алды. Қазіргі уақытта әлгінің қаруды қайдан алғандығы және неліктен көлікте оқ атқандығы тергелуде.