Жасөспірімдердің қайғысына жеңілтектікпен қараған дұрыс емес - психолог

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қоғамда педофилия мен жасөспірімдердің өзіне қол жұмсауы проблемасы қызу талқылануда. Мамандар бұл проблемаларға қатысты түрлі түсініктер беріп жатыр. Осы ретте «ҚазАқпарат» ХАА білікті психологтың пікірін жеткізу мақсатында Қазақстан психологтары қауымдастығы сарапшылық кеңесінің мүшесі Владимир Косинцевтің берген сұхбатын жариялап отыр.

Жасөспірімдердің қайғысына жеңілтектікпен қараған дұрыс емес - психолог

- Владимир Георгиевич, сіз қоғамда зорлық-зомбылықтың артуын немен байланыстырар едіңіз?

- Осы тақырып айналасында көп тұжырымдар мен жорамалдар бар. Басқа жағынан алып қарағанда, бүркемеленген тақырыптар кейіннен әрдайым болжамдарға және қауесет сөздерге ұласады. Осы ретте зорлық-зомбылықтың себебі неде және осы тектес есерсоқтық кімге пайдалы? Естеріңізде болса, бірнеше жыл бұрын сән әлемінде  «милитари» стилі жаңа үрдісі көрініс тапты. Бірнеше жылдан кейін Таяу Шығыста әлеуметтік күйзелістер басталып, Иракта, Сирияда соғыс оты белең алды. Адамдардың аталған стильді ұнатуы мен зорлық-зомбылықтың күрт артуын қалайша байланыстыруға болады?

Меніңше, осы тұрғыдағы өзара байланыс түсінікті, себебі билікке ұмтылу сезімі гендік кодта жазылған. Осы ретте ол жеке шекараны қорғау мәселесі туындаған кезде әрдайым  симпатикалық және парасимпатикалық жүйке жүйесін іске қосады.

Көптеген елдерде тыйым салынған халықаралық лаңкестік ұйым ретінде белгілі ДАИШ-ке жастарды түрлі әлеуметтік желілер арқылы қалайша тартып отыр? Неліктен мыңдаған адамдар жалған ұрандардың шырмауында қалуда?  Мәселен, өмірдегі экзистенционалды мағынасыздықты қандай да бір ермекпен толтыру керек болады, яғни адам жан дүниесіндегі ішкі дағдарысын ұмыту үшін сырттан қолдау табуға ұмтылады. Осы орайда сырттан қолдау іздеу себебінен адамдар жалған уәделер беретіндердің қақпанына түсіп жатады. Атап айтқанда, шырмауға түскен азаматтар осындай ұйымдардың мән-маңызын, мақсатын нақты түсінуге талпынбайды да.

Бұл тұрғыда «қамаудағы адам синдромына»  байланысты тағы бір жорамал бар. Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін ғалымдар жүйкедегі аталған ауытқуларды концлагерлерде болған бұрынғы тұтқындардан зерттеді. Зорлық-зомбылыққа тап болған адамдар өздеріне қысым жасағандарды ақтап шығуға тырысқан екен, яғни жәбірлеушілердің бұдан басқа амалы болмағанын айтқан. Біздің жағдайда кейбірінде тұлғалық шекара аясында бүтін болып қалуы үшін осы психикалық қорғанысы іске қосылады.

 - Адамдардың агрессиялы мінезі әлеуметтік жағдайына, қаржылық қиындықтарға және басқа да ахуалға байланысты емес пе?

- Әрине, тікелей байланысты. Ертеңгі күніндегі бұлыңғырлық, жеткіліксіз деңгейдегі әлеуметтік кепілдіктер, бағаның өсімі, базалық қажеттіліктерді қанағаттандыруда мүмкіндіктің болмауы секілді мәселелердің артынан аутоагрессияның өсімі туындайды, яғни өзіне бағытталған агрессия байқалады.

Осындай мінез-құлықтың түрі адамның тұлғалық күйзелісіне ұшыратады. Сондықтан да адам санасында ойланбастан қорғаныс тетіктері іске қосылады. Адамға күйзелісті энергияны сыртқары қайта бағдарлау мақсатында сыртқы «жауын» тауып алу маңызды. Осы арқылы ол қоршаған ортадағы факторлардың әсерінен және өзі реттей алмайтын сын-қатерлерден қорғалғандай болады.

- Соңғы кездері педофилия туралы ақпараттар жиілеп кетті. Жалпы бұндай ахуалды маман ретінде  қалай түсіндірер едіңіз?

- Педофилия - ол күрделі психикалық ауытқу, яғни осы жағдай ерте балалық шақта қалыптасқан сексуалды сипат. Педофилдің сана-сезімі мен оның сексуалды қанағаттануының қалауы бір жағынан алып қарағанда қиялдарымен байланысты.

Олардың көбісі өздерінің қажеттіліктерін үйлерінен шықпастан қанағаттандырады, яғни интернеттен фото немесе бейне жазбаларды тамашалап отырады. Осы тектес ауытқуға ұшыраған сексуалды мінез-құлық бұрындары зиянды дисфункцияны білдірді, осы ретте бұл жағдай психикалық бұзылу санатына жатпайтын.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қолданып жүрген жаңа стандарттар енгізілген, бүгінде парафильді пиғылға (басқаларға зиян келтіру өлшемі) жатқызылатын сексуалды девиациялар мен ауытқулар туралы мәселе көтерілді.

Аталған психикалық бұзылудың ықтимал себептеріне депрессия, үрейлі немесе обсессивті-компульсивті ауытқу, құштарлық патологиясы, психикалық ауытқу, әлеуметтік бейімделудің төмен деңгейі, тұлғаның когнитивті бұрмалануы секілді жағдайлар қамтылады.

Дегенмен де бұл тізім толық емес, яғни ары қарай да жалғастыра беруге болады, алайда бұл проблеманы шешу үшін алдымен оның мәнісін дұрыс түсіну керек. Тек құқық қорғау органдары ғана емес, сонымен қатар психиатрлар, психологтар және әлеуметтік қызметкерлер аталған проблемалар топтамасын шешуде жұмылдырылуы тиіс.

Егер де патологияның ерте кезеңдегі дамуы барысында бұл дағдыны анықтауға мүмкін болса, онда психологиялық, психиатриялық, педагогтық түзету енгізуге мүмкіндік бар. Егер де түзету жасай алмаса, сәйкесінше девианттар мен мінез-құлқында ауытқуы бар адамдар пайда болады.

- Сіздің ойыңызша, суицидтің жоғары деңгейі немен байланысты, әсіресе жасөспірімдер арасында өзіне қол жұмсаудың себебі неде жатыр? Осы ретте интернеттің ықпалы бар ма?

- Өкінішке қарай, әлемде суицидтер бойынша Қазақстан алдыңғы орындардың бірінде. Зерттеулер балалар суицидін сүйікті адамын жоғалтумен, отбасыдағы, мектептегі күйзеліспен, ата-аналарының қаталдығымен және депрессиямен байланыстыруда.

Бұл тұрғыда жасөспірімдердің бір нәрсені қабылдау қабілеттілігі мен басқаларға еліктеу әдеті де өз ықпалын тиігізеді. Жүргізілген бір зерттеуде өзіне қол жұмсауға  әрекеттенген жасөспірімдердің 93 пайызы осындай қадамға барған басқа біреумен таныс болып шыққаны анықталды.

Сарапшылардың пікіріне тоқталатын болсақ,  балалық және жасөспірім жаста адам өлімді эксперимент ретінде көреді. Бұған көбінесе компьютерлік ойындар әсер етіп жатады, яғни ойындағы басты кейіпкерді тірілтіп алу мүмкіндіктері болғандықтан, бұл фактор балалардың ойында қандай да бір із қалдырады. Адамдардың көпшілігі балалар өзіне қол жұмсау актісінің мағынасын толықтай түсінетінін қисынсыз деп ойлайды.  Мектеп оқушыларымен болған клиникалық сұхбаттар кезінде түрлі жастағы санаттарға қарай, олардың арасында 6-дан 33 пайызына дейінгі үлесі суицид туралы ойланғаны анықталуда.

Жасөспірімнің өзіне қол жұмсауының астарында оның жан дүниесіндегі көмек туралы жан айқайы уақытылы естілмегенін білдіреді. Алайда, сонымен қатар осы қадам арқылы бозбалалар мен қыздар өздеріне назар аудартуға талпынады. Жасөспірімдерге резонансты суицидтер тән, яғни олар өздерінің құрбы-құрдастарына, таныстарына тілектес болғандықтан немесе  кумирлеріне еліктеуден өмірлерін қиып жатады.

Сарапшылардың сөзіне қарағанда, бұл тұрғыда бұқаралық ақпарат құралдарында жасөспірімдер суицидтері туралы хабарлар да өзіндік кері әсерін тигізіп жатады. Осы тектес репортаждар мен өзіне қол жұмсауға қатысты суреттеулер суицид туралы ойлап жүрген жастар үшін белгілі бір модель іспеттес болады. Жасөспірімдердің қайғысына жеңілтектікпен қараған дұрыс емес. Суицидке баратын адамда екі қарама-қайшы тілегі бар, яғни өмірін қию және біреудің тарапынан құтқарылып қалу. Осы орайда себептер әртүрлі болады: мені түсінбейді және менің қажеттілігім мен ықыласымды ешкім елемейді; жауапсыз махаббат; түрлі желілер арқылы насихатталатын «танымал» үрдістер; ата-аналары, туыстары, мұғалімдері тарапынан агрессияның болуы.

- Осы бағытта қандай алдын алу шараларын қабылдау керек деп ойлайсыз?

- Бұл проблема аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Бұл ретте тәжірибелі мамандар ұстанымы тұрғысында, нақтырақ айтқанда, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, сондай-ақ осы проблемаға тап болған ата-аналар мен туыстары кеңес беруі қажет. Өзіне қол жұмсауға бейім жасөспірімдер анықталған жағдайда тәжірибелі мамандардың қызметіне жүгінген абзал.

- Сұхбатыңызға рахмет!