Жастар әлеуметтік тақырыптарда кино түсіруге бейім - сыншы

Биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған республикалық «Байқоңыр» қысқаметражды кинофестивалі 15-16 қыркүйек күндері Көктөбе саябағында өтеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл фестивальге қатысуға 140 өтініш келіп түскен, оның ішінен 35 фильм іріктеліп алынған. Сондай-ақ байқаудан тыс бағдарламаға 3 картина қатысады. Биылғы жылы «Үздік қоюшы-суретші» атты жаңа номинация қосылып отыр. Енді қатысушылар «Байқоңырдың» 11 мүсіншесіне таласатын болады. Кино сыншы Ержан Жұмабековтің айтуныша, бүгінгі жас кинотүсірушілер әлеуметтік салаға мән берген.
«Кинфестивальдің ерекшелігі қысқаметражды фильмдердің әлеуметтік маңыздылығын арттырып отыр. Фестивальді екі анимациялық фильммен ашамыз. Жастар қоғамдағы әлеуметтік мәселелерге назар аударған. Соның ішінде, отбасы, тастанды балалар, жетімдер мәселесі. Кейіпкердің қоғамда өз орнын іздеу мәселесі жастардың назарында», - деді Ержан Жұмабеков.
Фестивальдің қазылар алқасында Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы әрі режиссер Ахат Ыбыраев, қазылар алқасының мүшесі - актриса Гүлнар Досматова, киносыншы Ержан Жұмабеков бар.
Сондай-ақ қазылар алқасының құрамына оператор Азамат Дулатов, «Дебют» шығармашылық-өндірістік бірлестігінің жетекшісі Анар Қашағанова, режиссер, «Байқоңыр-2016» фестивалінің жеңімпазы Шарипа Оразбаева, режиссер, сценарист Эля Гильман, қоюшы-суретші Өмірзақ Шманов және киносыншы Ғалия Байжанова кірген.
Көрсетілімдерден бөлек, кинофестивальде актриса Қарлығаш Мұхамеджановамен кездесу өтеді. II Республикалық қысқаметражды кинофестивалі аясында «Фильм 48 сағаттың ішінде түсірілді - 2017» байқауының үздік фильмдері көрсетілмек.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальде іріктеліп алынған фильмдер «Ел арнада» көрсетіледі.