Жастар арасындағы Азия чемпионатында қазақстандық ауыр атлеттер тағы екі медаль алды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық ауыр атлет Матвей Макрушин елордада өтіп жатқан жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионатында күміс медальға ие болды.

100 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Матвей қоссайыстың қорытындысы бойынша 331 (148+183) келіні еңсеріп, жастар арасында күміс жүлдеге қол жеткізді.
Ал Өзбекстан өкілі Кудротбек Залимжонов 360 (169+191) келіні бағындырып, алтын медальға ие болды. Түрікменстандық ауыр атлет Сулеймен Джафаров 327 (145+182) келі көтеріп, үшінші орынды қанағат тұтты.
Тағы бір жерлесіміз Санжар Жолтай 110 келіден жоғары салмақ дәрежесінде қола жүлдені қанжығасына байлады. Ол қоссайыстың қорытындысы бойынша 340 (155+185) келіні еңсерді.
Бірінші орынды Сирия өкілі Касвара Джгили иеленді – 364 (164+200) келі. Екінші орынға өзбекстандық Омидолло Олимов жайғасты – 351 (161+190) келі.
Еске салсақ, бұған дейін ауыр атлет Аңсар Тұрсынбектің елордадағы Азия чемпионатында күміс жүлде алғанын жазған едік.