Жастар қант диабетіне көптеп шалдығып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда қант диабетімен ауыратындардың үштен бірін жастар құрап отыр. ҚР Президенті Іс басқармасына қарасты медициналық орталықтың бас эндокринологы Гүлмира Тоқсеитованың айтуынша, кейінгі онжылдықта елде II типтегі қант диабеті диагнозы қойылған адамдар көбейді. Алдын ала диабет күйінде жүрген, артық салмағы бар, артериялық қысымы жоғары, холестерин және май фракциялары жоғары, физикалық белсенділігі төмен адамдар жетерлік.

диабет
Фото: freepik.com

– Қазіргі клиникалық зерттеулерге сүйенсек, әрбір он ересектің біреуі II типтегі қант диабетімен ауырады, ал он адамның екеуінде бұл дерттің белгілері бар, бірақ әлі диагноз қойылмаған. Өкінішке қарай, II типтегі қант диабеті жасарып келеді, қазір бұл диагнозбен тіркелгендердің шамамен 33%-ын балалар мен жастар құрайды. Себебі ретінде рафинадталған өнімдердің қолжетімділігін, фастфуд, тәтті газдалған сусындар және жоғары калориялы тағамдарды артық тұтынуды айта аламыз, – деді медицина ғылымының кандидаты.

Осы тұста сарапшыдан «Қазақстанда тәтті сусындар өндірісіне қатысты қатаң заңдар енгізілуге тиіс пе?» деп сұраған едік. Өз кезегінде Гүлмира Тоқсеитова бұндай шектеулер енгізу жауапты ведомстволардың шешіміне қатысты мәселе екенін жеткізді. Дегенмен халық денсаулығының келешегі үшін уәкілетті тұлғалар тақырыпты мемлекеттік деңгейде көтеруі қажет екенін жасырмады.

Бұған дейін тәтті сусындардың қант диабетіне әсері, оған қатысты қосымша салық салу жөнінде талдау жазған едік

Соңғы жаңалықтар