Жастар мәслихатына жаңадан сайланған депутаттардың алдына негізгі бес мақсат қойылып отыр
АСТАНА. Сәуірдің 10-ы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін елордадағы Еуразия ұлттық университетінің мәжіліс залында Астана қаласының Жастар мәслихатына жаңадан сайланған депутаттарға куәлік тапсыру салтанаты өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Елордамыздың жас депуттарын құттықтау үшін аталған іс-шараға Астана қаласының мәслихаты, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы, «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері, ата-аналар және басқа да жастар ұйымдарының өкілдері келді. Сайлау науқанынан сүрінбей өткен саңлақтарға «Нұр Отан» ХДП Астана қаласы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Павел Казанцев сәтті сапар тілеп, оларға «Жастар мәслихатының депутаты туралы» куәлікті салтанатты түрде тапсырды. «Ендігі жерде біз сіздердің алдарыңызға бес негізгі мақсат қоямыз. Біріншіден, аула клубтарын құру, екіншіден, мектеп оқушыларын ұйымдастыру, үшіншіден, оқу орындарының негізінде «Жас Отан» жастар қанатының бөлімдерін ашу, төртіншіден, жастардың үкіметтік емес ұйымдарын құру, бесіншіден, нағыз көшбасшы жастарды даярлау. Біз болсақ, осы бағытта сіздерге барынша қолдау жасауға әзірміз», - деді П.Казанцев.«Нұр Отан» ХДП баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жастар мәслихатының биылғы сайлауы науқанына 314 кандидат қатысты. Олардың 130-ы мәслихат депутаттығына өтті.