Жастар прозасындағы жаңа бейнелер

АСТАНА. ҚазАқпарат - Маған бір нәрсе қатты ұнайды. Ол - атақты болу. Бірақ өзіңіз көріп отырғандай ол жарықтық жақын арада жалынан сипата қоймайтын сияқты.
None
None

Жазғанымды сынап берсең, құрығанда жер өртеушінің атағына жетер едім ғой деп сыншыларға ренжимін. Сосын қайта жібимін. Тіпті, кешірім сұраймын. Өйтпей ше?.. Мен мұңайып барсам, олар жылап отырады. Айластың - мұңдас болатыны белгілі, қосылып еңірейміз. Иәәә, су тегін еңбек кімге ұнасын!

Жатып-жатып алып, өзім тікелей әрекетке көштім. Не көп, аты бар, заты жоқ сайт көп. Садағаң кетейін ғаламторды біраз айналдырып көрдім. «Мына шығармаң әлсіздеу екен, тәуірлеуі жоқ па?» - деп бейкүнә кейіпте бетіме қараған курстасымның (білдей бір сайттың бастығы) ата-бабасын бір-бір аунатып алып, тізеге салып, көндірдім де, жариялаттым. Екінші бір сайтта да «өзіміздің жігіттер» отыр, оларға да бір қоңырау шалу жеткілікті. Одан арғыларына «қарағайды талға жалғап» жүріп, татымсыздау бірдеңелерімді бердім. Ә мен е-ні ажырата алар қара танитын атаулыға қолжетімді ғаламтор жарықтық арқылы сөзіңді елге жеткізу тіпті де қиын емес екен. Енді күтіп жатырмын. Атақ келу керек еді ғой. Тым-тырыс. Сөйтсем, мен аштым деп жүрген жаңалықтың «тізесі шығып» бітіпті баяғыда. Интернетіңіз шынында «қолжетімді» екен. Өзімді көрмекке кіріп қалып ем, өзім тектес қаншама жазғышбекпен жылап көрістім.Және, сынның көкесі де осында айтыла ма деп қалдым. Бір кереметі, сағызша созып, гөй-гөйге басып, жүйке құртпай «ұнады» немесе «ұнамады» деп пікір қалдыратын оқырмандар арасынан «көкбөрі», «алаш», «страшный сыншы», «нағыз қазақ» сияқты псевдонимдер тым батырып, батыл айтады екен.

Иә, сайтқа жарияланушылар тегіс теріс кеткендер болмағанмен, көпшілігі оқуға жарамсыз. Сөйлем құруды толық меңгермеген жазарманның арзан деу күнә болар, анық бағасын айтсақ өте арзан оқиғаға құрылған шатты-бұтты шимай-шатпағына «дааа, өмірде кездеседі, тартымды екен» деп пікір қалдырыпты бір оқырман. Ғаламтор тұтынушылары түгелге жуық жастар екендігі аян. Демек, біздің жастардың жазғышын былай қойып, оқығышы да талғамсыз болғаны ғой деген ой келеді.

Әлі күнге сүйікті жазушысы Мұхтар Әуезов, сүйіп оқитын шығармасы «Абай жолы» болып жүрген бүгінгі жастарды осы бір өтірікшілік әдеттен құтқаратын бүгін оқылып, ертең беті ашылмай қалса да бір науқаншыл шығарма керек пе деп қаласың кейде. Күн құрғатпай бүгінгінің қаһарманы кім деген сұраққа жауап іздейміз. Әкімің - обыр, директорың - жебір, қатының - қағынғыр, ақының - ішкіш, жазушың - жарамсақ болмаса кейіпкерің - жасанды, оқиғаң - өтірік. Сонда деймін-ау, бүгінгі жас бала еліктейтін герой қандай болу керек? Кімге қарап бой түземек? Қолына қалам алса қоғамның келеңсіз тұсын қазбалауға, аузын ашса саясат соғуға құмар жазушы қауым кімді тәрбиелейді? Қалай тәрбиелейді? Жағымды кейіпкер жасау үшін міндетті түрде жоғарғы жақтың тепкісімен жолы болмай қалған жеңілген (ішіп кеткен) адамның өткен күндеріне шегініс жасау керек пе? «Біз - жалшымыз, жарымағанбыз» деп өңешін керіп ұялмай мақтанатын советтік тәрбиенің салқыны өтіп кеткен әдебиет қалыптаған образдарды біз әлі жасап, жазып біте алмай жатырмыз. Олай дейтінім, кейіпкер жағымды болу үшін - кедей болу керек. Жетім болса тіпті жақсы. Көрінгеннен қағажу көріп, әркімнің босағасын бағып, жуындысын ішіп ержетсе, тулағын киіп бой түзесе... Біз еліктейтін қаһарман осының төңірегінен ұзай алмай-ақ қойды әйтеуір. Ауылдан қалаға келген бозбала қаншама өткелектен өтіп, оқуын бітіреді. Оқып жүргенде-ақ қосымша күзетші болып жұмыс істейді, жаздай құрылыста жүріп нәпақа тауып, ауылда тісін сорып аш отырған әке-шешесіне ақша салады. Еті тірі, пысық екен. Ерінбейді екен. Әке-шешесінің еңбегін ақтау жолында тыраштанып жүр екен. Бір қарағанда қоғамның бет-бейнесі, заманның шындығы, бүгінгі күннің суреті сияқты көрінгенмен, әбден таптаурын болғанын былай қойғанда, бір күнгісінен арғыны күйттеуге өресі жетпес ұсақ адам. Қайда баяғы ұлы мақсаттар? Күйіп-жанған сезім, жылап-еңіреген махаббат, өзекті өртеген арман... Романтиканы неге жерлеуге құмармыз біз? Мәселен, университет қабырғасында жүріп, ғаламтор арқылы шет елдегі бір университетпен келісім-шарт жасасып, өз күшімен өкіметтің қаржысын бөлгізіп, оқып қайтқан қаншама қыз-жігіт жүр айналамызда. Әне пысықтық, міне ерінбеген адам. Романтикадан қашамыз біз. Қыз бен жігіттің махаббатын советпен бірге көміп тастадық. Өзіміз куә болған бір оқиға,сүйген жігіті тастап кетеді деп уайымдаған бір қыз пәктігін ұсынды. Оны осыншама ақымақтыққа жеткізген қандай күш? Шын жазғыш болсаң соны анықтап бер. Әлгі қыздың психологиясын ашып бер. Жазушылық дегеніңіз осымен өлшенсе керек. «Балапан - басына, тұрымтай - тұсына». Атақты ағаларға айтқызсаң әлгі қыздың әрекетін тәрбиесіздік, ұятсыздыққа әкеп тірейді де, аямай бір сыбап, сипақтатып өте шығуы мүмкін. Ал, сен жассың ғой. Жастық шағы бұрынғылармен салыстыруға да келмейтін өзіндік қиыншылығы, қызығы бар мүлде басқа кезеңге тап келген адам ретінде әлгі құрбыңмен бірге өртен, күй, жан. Сонда ғана замандасыңның келбетін суретке түсіресің. Ауыз көпіртіп айта беретін бүгінгінің бейнесін қалыптайсың.

Маған Алмаз Мырзахметтің әңгімелері ұнайды. Көп жағдайда өзін жазушы ретінде басты кейіпкер сайлап, бірінші жақтан сөйлейтін бұл жігіттің жазуында жастыққа тән аңғырттықпен серіге тән еркелік жарасым тауып жатады. Қоғамдық көліктің ішінде ешқандай қысылып-қымтырылусыз сыра ішіп келе жатқан жас жігіттің психологиясын ашып беру арқылы оның әлгі ішкіштігін көлеңкеде қалдырып та кетпей, көзге шыққан сүйелдей қылып бадырайтып та жібермей, байланыстыра біледі. Алмаздың бас кейіпкері ғашық. Ессіз болмаса да кәдімгідей екені аңғарылады. Сөз салмақ ниеті бар. Бірақ, уайымшыл, секемшіл, өркөкірек жігіт қыздан қандай жауап алатынын білмейді. Міне, осы кезде сыра басты детальға айналады. Қыз бен жігіт қатар жайғасып, автобус ішінде әңгімелері үзіліп-жалғанып сөйлесіп отыр. Сырасынан «жайбырақат ұрттап қойып» отырған бірінші жақтағы кейіпкердің бұл қылығын«батылдық үшін емес» деп автор қадап айтқанмен, жігіттің ішкі толқынысы білініп тұрады. Оның сыртында жастыққа тән мас болып қаппын деп ақтала салудың кіріспесі іспеттібейкүнә қулық та жоқ емес.

Алмаздың Бақыт Бексейітовасы тың кейіпкер. Көп жазушыдар айтып жүргендей совет үкіметінің көзін көрген қарапайым адамның бәрі ұлт, қазақ деген түсінікті күн көрістің ауыртпалығының зардабына ауыстырып алған деген пікірді жоққа шығарады. Тіпті, оның күн сайын қайталанып отыратын шайпау мінезінен (қоғамдық көлікке мініп, көңіліне жақпаған адамның жер-жебіріне жетіп ұрсысу, жас жеткіншектерді қарғап сілеу, т.б.) оқушысын жирендіре отырып, ара-тұра «бәрекелді!» дегізіп те алады. Орыстың қазаққа көрсеткен тепкісі мен теперішін жіпке тізіп беретін бейпіл ауыз кемпірдің адуын мінезіне сүйсініп те кетесің. Тың образ жасау үшін ғана емес, көп жас жазушылар сүйкей жазып, публицистиканың «огородына» түсіп кете беретін «қоғамдық мәселе көтеру» ниеті нәтижесіндегі сәтсіз әрекетіне ұрынбай, кемпірді әбден қалыптап ап барып, іштегі қыжылын кейіпкерінің аузына салатын жас замандасымыз тарапынан жасалған тапқыр қадамға қарап «жастар жазбайды, жазса да жеріне жеткізе алмайды» деген теріс айнала беріп айтатын кейісті сөзді жоққа шығарасың. Биыл тұңғыш жинағы шықпақ Алмаздың формалық, жанрлық, стильдік ізденіс үстінде екенін топшылауға болады. «Жазушы жазбасы» деген әңгімесіндегі қиялдағы кейіпкерді жанды адамға айналдыра алуыфантастикаға да икемі бар екен дегізді. Жоғарыда сәл-пәл тоқталған «Теміржол қиылысында» әңгімесін оқи жөнелгенде Толстойдың «Әзәзіл» (Дьявол) атты әңгімесі есіңізге түседі. Бірақ, сіз күткендей шығарманың екі нұсқалы финалы болмайды. Бас кейіпкердің өң мен түстің ортасында отырып ойлаған ойларының көрінісі жанды суретке айналып, бір-бірімен салаласа байланысып, тіпті, кей жерін қайталап, үңіліп оқуға мәжбүрлейді. Бір қунарлығы Алмаздың шығармаларының дені салмақты оқиғаға құрылғандығы. Сюжетке қандай оқиға енгізсе де, шашау шығармауға тырысып, бір-бірімен байланыстырып отыруы - әр әңгімесін асықпай, ойында пісіріп барып жазатындығы шығар дедік. Дегенмен, Алмазға айтарымыз сөз қолданыс тарапынан сәл ұқыптылық танытса. Таптаурын болған тіркестерден қашқан жөн-ақ, әйтсе де, ел айтпағанды айтып, жұрт қолданбағанды қолдану үшін «құлаққа ұрғандай» дегенді «құлақ кескендей»немесе «шыбынның ызыңы естілердей» деген дап-дайын сөзді өзгерту үшін шыбынды «ұшырып» барып ызыңдатып, тәптіштеп жатудың қажеті шамалы. «Бейберекетсіз» деген сөзін баспадан кеткен қате шығар дегенбіз, бірақ, екі мәрте алдымызды орағытқасын автордың өз «өзгертпесі» екенін түсіндік. «Бей» деген жұрнақтың уақ, уақыт, әдеп деген де сөздің алдына келіп, сөзді кері мағынаға ауыстыратынын білетінбіз. Ал, сөз соңына жалғанатын «сіз» жалғауы да осы қызметті атқаратын. Берекетсіз немесе бейберекет болуға тиіс қой. Алмаз осы екі қосымшаның соңғысына ғана мән берген болуға тиіс. Бейберекет сөзінің түбірі берекет екеніне мән бермегендіктен соңына сіз-ді қосып жіберген. Бұл біздің «сыншы» деген атымыз бар ғой деп, келтіріп жатқан бірді-екілі ескертпеміз. Негізінен, Алмаздың аяқ алысы жас толқын жазушылар ортасынан ойып орын алып берерліктей.

Тырнақалды жинағымен оқырманнан сүйінші сұрауға дайындалып жүрген тағы бір жас жазушы Жеңісбек Көкеновтың әңгімелерін сүзіп шыққанда алдымен басымызға келген ой - бір қайнауы ішінде екен болды. Әйтсе де жетістігі де жоқ емес. «Жалғыз ағаш», «Шұбар аяқ» атты әңгімелерінде бабалар әспеттеп, сеніп өткен киелі, қасиетті дәстүрлер мен заттарға құрметпен қарау керек екенін ескерткісі келгенін ұқтық. «Жалғыз ағашы» бәлендей сәтті болмағанмен, «Шұбар аяғы» әкеден балаға, алдыңғыдан соңғыға мирас болып жалғасып келе жатқан киелі ыдыстың тарихымен бірге жақсының көзі жоғалмауға, аты өшпеуге тиіс екенін ұғындыра алған шығарма екен. Жеңісбектің жетістігін - балалар әдебиетіне жасаған қадамынан байқадық. Шағын, тіпті кейбірін мөлтек деуге келетіндей әңгімелері нағыз бала ой-өрісіне шақ дүниелер. Тілі қарапайым, ойы жеңіл, үлгі боларлық тәрбиелік мәні бар шағын детальдарды қолдана алады. «Ұланның сыйлығы», «Мақтаншақ» сияқты әңгімелерін ары қарай жалғастырып, осы бағытта жұмыс істесе өз жолын анық табар еді деп ойлаймыз.

Сөз басында айтып кеткен бүгінгі күннің үлгі боларлық қаһармандары кім? Біздің кейінгі жас буын кімге қарап бой түзеп, ой түюге тиіс деген мәселенің бір шешімін Қаламгер Азаматтың шығармаларынан тапқандай болдық. «Оконтовка» атты бір әңгімесінде батылдықпен шағын бизнеске қол созған жігіттің қиналулары мен ұзақ уақытқы еңбегін тәптіштеп жатпай-ақ, бес жылдың ішінде «үздік кәсіпкер» дәрежесіне жеткенін нанымды жеткізе білген. «Оконтовканың» басы әлдекімдердің күн сайынғы қызметін тәптіштеумен басталады. Жалақысы аз, уақыты көп кететін (еден жуушы, мұғалім) қызметкерлер мен жалақысы тәуір, бос уақыты да жеткілікті (облыстық мұрағаттың директоры) мансап иесі туралы ақпарлар беріледі де, алғашқы бөлім бітеді. Ары қарай бас кейіпкер Сәуірдің өзін таныстыруымен өрбиді. Шығарманың соңына жеткенше әңгіме кіріспесіндегі үшеудің кім екенін, шығармаға қандай қатысы бар екенін ұғу мүмкін емес. Тек, соңына жеткенде ғана жазушының идеясын түсінесің. Олар бар болғаны басты идеяны жеткізудің көмекші құралдары ғана болып шығады. Ал, бизнесмен жас жігіттің бес жылдық өмірі мен сәттілігін арқау ету - өкімет өлтірмейдінің заманы өткен, өзің әрекет ет дегенді тұспалдайды. Міне, бұл бүгінгі қоғамның күнде айтылатын ұранының әдебиеттен жаңа формада орын ала бастағанын көрсетеді. Аудармашылығымен де танылып жүрген жігіттің тың формаларға батыл барып жүргені - қазақ әдебиетінде жаңа ізденістер жоқ дегенді айтушыларға жауап, дәлел ретінде ұсынуға болатын дүние деп ойлаймын. «Қылмыскер» әңгімесі де өз кезегінде біршама мәселе көтере алған. Таң ертең ұйқысынан тұрған бір жігіттің түске дейінгі ғана көрген, онда да бар-жоғы бір-ақ оқиғаға құрылған әңгімесі әлгі жалғыз оқиғаны айтумен аяқталады. Ал, оның алдында бірінші жақпен баяндалатын шығарма арқылы автор-бақылаушыныңбір күн бұрын қызметінен айрылғанын, оны естіген әйелінің ләм деместен тастап кеткенінен хабардар болады оқырман. Содан кейін аялдамадағы оқиға. «Келіншектің тұмсығынан жұдырығымен ұрды. Жұлқылап итерді. Анау жерге жығылды», - дейді де ары қарай былай өрбітеді: «Көшедеміз, бөтен кісілер тұр-ау деп ойламады. Үйлерінде жүргендей емен-жарқын ұрысты. Жағасынан алып жұлқылаған келіншегіне қол көтермеді. Кеудесінен тоқпақтап итеріп жібергенде, жігіт өз салмағымен артындағы арыққа шалқасынан құлады». Оқиға желісінен мынаны ұғуға болады: Келіншек баласын алдырмақ. Ал, жігіт оған қарсы. Қайтсең де туасың дейді. Өзіңіз көріп отырғандай алғашында жігіт қыздың тұмсығынан ұрды. Әйел деп шапалақпен тартып жіберсе бір сәрі, дәл тұмсығынан жұдырықтап жүргеніне қарап қанішер екеніне сенейік. Бірақ, екінші бір сәтте өзін жағасынан жұлқылап жүрген әйеліне (әлде көңілдесі - ол жағын автор тәптіштемейді) қол көтермей қалуы күмән тудырады. Оқиғаны өрбітіп, кейіпкерді ашуға ықтиятты болса, жазуын қоғамның айнасын жасауға арнап жүрген қатарласымыздың қадамы сәтті бола түспек. Сағат Әшімбаев айтқан «шалқытам деп - шылқытып алады» мәселесін керісінше қолдансақ, қысқартам деп тым шұнтитып жіберу де көркемдікке ғана емес, жоғарыдағыдай түсініксіздеу, сенімсіздеу, тіпті, солғындау оқиғаға ұрындыратынын ескерсе дейміз.

Арман Әлмембет роман жазды. Бұл жастар арасында көп игеріле қоймаған, анау-мынау қаламгер батылы барып кірісе қоймайтын ірі жанр болғандықтан Арманның кітабы шыққаннан соң қызу талқылау күтіп тұрған шығарма деп ойлаймын. Сонымен қатар, Арман менің бір кабинетте отырған әріптесім болғандықтан мақтасам ауыл итінің құйрығы қайқы деп, қонақтар ренжитіндей, даттасам сырт көздің алдында жығып бердің деп Арман ренжитіндей көріне береді. Сондықтан, заманға сай шағын роман жазылғаны туралы ақпар берумен шектелгенді жөн көрдім.

Осыбаяндаманы жазу барысындағы ізденіс нәтижесінде 18-ге енді келген Әлішер Айтуардың бір-екі әңгімесімен танысудың сәті түсті. «Ит өмір» сияқты әңгімелерінен жазушыға тән кең тынысты аңдағандай болдық. Сюжет құру, оқиға мен идеяны байланыстыруға қазірдің өзінде төселіп қалғаны қуантады. Егер осы талабынан танбаса үлкен болашақ күтіп тұрған жас таланттар қатарының алдынғы легінде аталатыны күмәнсіз.

«Осы баладан бірдеңе шығады түбі» деген баталы болжау мен сүйініш астасқан сөздің түбінен артылған үміт пен қамшылауды байқамай қалу мүмкін емес. Біздің қысқаша баяндамамыз да сол сөздің төңірегіндегі дүние болды. Бәлкім, біздің орнымызда үлкен үйден келген аузы дуалы кісілердің бірі болғанда, мына мінбер әлдеқайда биік көрінер ме еді. Біз Бәленшекемнен бата алдық деп мәз болысар ма едік. Жоққа жүйрік жеткен бе, барымен - базар деп, өз қотырымызды өзіміз қасымасақ, жастардың жоғын өзге ешкім түгендей қоймас деп, замандастарымыздың қолға түскен шығармаларына там-тұмдап тоқталған болдық. «Мынадай шығарма жазылыпты», - деп елең еткізер жаңалық айтылмайтын, айтылса да ешбір құлақ оңайлықпен елең ете қоймайтын қоғамда өмір сүріп отырмыз десек те, жас кезінен-ақ ең құрығанда қатарластары арасында салыстырмалы түрде «даңққа бөленген» жас талант мынау деп атай қояр жазушы да, шығарма да жоқ екен.Алдынғы толқын ағалар мен арғы буын ақсақалдарды еріксіз мойын бұрғызар сондай бір шығарма жазылған сүйіншілі күнді келесі жылғы форумға бұйыртсын дейік.

Алмас НҮСІП

Соңғы жаңалықтар