Жастар ресми шаралар кезінде ғана емес, жекелеген жұмыстар барысында да белсенділік танытып келеді - Мәжіліс депутаты
Бүгін «Нұр Отан» партиясының жастар қанаты «Жас Отан» ұйымы өкілдерінің ағымдағы жылы атқарған жұмыстарына байланысты Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әдетте, бізде жастар тек бір мезгілдік шараларды ғана ұйымдастырумен айналысады. Шын мәнінде олардың белсенділіктері төмен. Сондай-ақ олар сайлау науқаны кезінде ғана бой көрсетіп, сайлау аяқталған соң қоғам өмірінен тыс қалады деген біржақты көзқарас қалыптасқан. «Ал расына келгенде бұл түсініктерден арылған дұрыс. Бүгінгі жастарды қоғам өміріне белсенді араласа алмай отыр деген мүлдем шындыққа жанаспайтын пікір. Демалысқа шыққан екі айдың ішінде өз басым Павлодардағы ауыл жастарының слетіне, Өскемендегі жемқорлыққа қарсы жастар ұйымдастырған форумға, Сондай-ақ Қарағандыдағы Дельфий ойындарына қатыстым. Бұған қоса, жастар тарапынан Бурабай қаласы мен Алматы, Қызылорда облыстарында көптеген шаралар ұйымдастырылды. Үкімет қалай жұмыс істесе, жастардың белсенділіктері де олардан кем түскен жоқ. Олар да өз мүмкіндіктерінше дағдарыстың алдын алуға күш салып бағуда. Жастар тек ресми жұмыстарды ғана емес, жоспарланбаған мәселелерді жүзеге асыруда да білек сыбанып жұмыс істеуде», деді депутат.
Оның айтуынша, жастар ұйымдары өткен жылы депутаттар тарапынан бюджет қабылданған кезде де үлкен белсенділік танытып, ортақ іске үлес қосқан.