Жастар санатындағылардың ұлғаюы шағын және орта бизнеске оң серпін береді – сарапшы
ҚазАқпарат тілшісі маманмен еліміздегі шағын және орта бизнестің ілгерілеуі туралы әңгімелескен еді.
«Елімізде шағын және орта бизнесті қолдаудың екі түрі бар. Бірінші қаржылық, екіншісі кәсіп иесіне тікелей қолдау көрсету. Қаржылық – несие, грант, субсидия және тағы басқа. Екінші қолдау түріне кәсіпкерді оқыту, дағдысын арттыру, ақпараттандыру және кеңес беру жатады. Шағын және орта бизнес саласында биыл жаңа құрал енгізілді. Оның бірі елімізде әйелдер кәсіпкерлігін қолдау орталықтары ашылып жатыр. Ол жерде өз ісін ашқысы келетін, ашқан нәзік жандарға жан-жақты қолдау ұсынылады. Сонымен қатар бізде қазір ауыл тұрғындарының табысын арттыру жағы қолға алынып жатыр. Осы орайда ауылдағы жергілікті кәсіпті дамытып, өнімді ел аумағы және шетелге экспорттау мүмкіндігі бар. Бұл жоба жапон технологиясына сүйеніп қолға алынды», – деді Нұғман Жұлдызбаев.
Сарапшының айтуынша, кәсіп ашуға ниеттілер мемлекеттен субсидия, несие алғанымен оны әрі қарай сәтті іске асырудың жолын біле бермейді. Сондықтан мемлекеттік және жалпы кәсіпкерлік қолдау кешенді түрде көрсетілуі керек. Ақпараттандыру жағы аздық етеді.
«Қазір заман күн санап дамып келеді. Жаңа технологиялар пайда болып жатыр. Мысалы, мал шаруашылығын алсақ, сиырдан мол сүт алудың түрлі тәсілі бар. Шаруа иесінің одан хабары жоқ, салдарынан 1-2 жылдан соң ісін жабуға тура келеді. Технологияны білгеннің өзін де оны іс барысына сәтті енгізу бөлек дүние. Бұл жерде кәсіпкерлерді ақпараттандыру жағына мән берген абзал, әсіресе ауыл, аудандық жердегі кәсіп иелері қолдауға мұқтаж. Осы орайда Ұлттық экономика министрлігі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп «Мен кәсіпкер» жобасын жүзеге асыруды бастады», - дейді ол.
Сондай-ақ, маман шағын және орта бизнес саласында маркетинг жоқты қасы екенін айтып отыр.
«Кәсіпкер өз өнімін қайда және қалай өткізетінін алдын ала білуі керек. Ол үшін кәсібінің аудиториясын, географиясын, қаншалықты сұранысқа ие екенін және тауарды жеткізуді алдын ала жоспарлайды. Мысалы, кәсіпкер жеміс-жидек сатумен айналысады, ісі жақсы жүріп жатыр, бірақ оны сақтайтын қоймасы жоқ немесе қойманы жалдау қымбат. Бұл үлкен проблема себебі кәсіпкердің тауарынан айырылып қалу қаупі бар, оның үстіне жеміс-жидек тез бұзылады. Тағы бір мәселе жалпы жалға алу қымбат бізде, әсіресе қалалық жерлерде. Көбісі кәсібін сол себепті аша алмай, ашқан ісін дамыта алмай жатады. Өйткені кеңсе, ғимараттарды жалдау бағасы жоғары», - дейді Н.Жұлдызбаев.
Оның мәлімдеуінше, жоғарыда аталған мәселе кейбір өңірлерде оң шешімін тапқан. Жергілікті әкімдіктер индустриялық зона ашып, кәсіпкерлерлерді тегін қоймалармен қамтып отыр. Дегенмен ол барлық өңірде жоқ.
Нұғман Жұлдызбаевтың айтуынша, елімізде шағын және орта бизнесті ілгерілетуде жастар санатына кіретіндердің жас мөлшерінің ұлғайғаны оң серпін береді.
Спикердің келтіріліп отырғаны биыл Еңбек және халықты әлеуметтік министрлігі жастарға (35 жасқа дейін) 2,5 пайызбен 5 жылға (мал шаруашылығы үшін 7 жылға) жеңілдетілген несие беруді бастады.
«Ауыл аманаты» жобасы да бар. Бүгінде ол Жамбыл облысында пилоттық жоба ретінде сәтті жүзеге асырылып жатыр. Одан әрі республикалық деңгейде таратпақ. Мақсат – кәсіп ашу арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттыру. Жалпы бізде бизнесті дамытуға арналған түрлі жобалар бар. Оның дені сәтті іске асып жатыр. Дегенмен проблемалар жоқ емес. Атап айтсақ, өзара байланыс. Яғни жобаға жауапты министрліктен бастап, жергілікті әкімдік, «Атамекен», ассоциациялар және кәсіпкерлердің арасындағы қарым-қатынас бірізді болу қажет», - дейді ол.
Одан бөлек, сарапшы өз кәсібін ашқысы келетін жандарға кеңес ұсынды.
«Алдымен адамға айналысатын ісі ұнауы керек, хобби дейміз ғой. Егер сүйікті ісін бизнеске айналдырса онда кәсіп сәтті жүреді. Адамның сол іске икемі, ебі болуы қажет. Осы орайда Қазақстанда жақсы бастама бар, бүгінде мектеп оқушыларына кәсіби бағыт беріліп жатыр. Екінші маңызды қадам маркетингтік зерттеу жүргізу», - дейді Нұғман Жұлдызбаев.
Айта кетейік, 29 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөз сөйледі.
Президент көтерген мәселелердің бірі шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілетін арттыру.
«Шағын және орта бизнеске қолдау көрсетудің бірыңғай кешенді бағдарламасын әзірлеу қажет. Ең бастысы, мемлекеттік қолдауға ие болатын жобаларды іріктеу ашық өтуге тиіс. Жобаның нақты әлеуметтік-экономикалық тиімділігін ескеру қажет. Осы орайда Үкіметке депутаттармен бірлесіп, орта бизнесті дамытудың тың тәсілдерін әзірлеуді тапсырамын. Өйткені орта бизнес ел экономикасын дамыту ісінде басты рөл атқарады. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда болады. «Атамекен» ұлттық палатасы шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіп, сыртқы нарықта ұлттық бизнестің мүддесін қорғауы керек. Сондай-ақ Үкіметпен ынтымақтастықты барынша нығайту қажет», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
4 сәуірде өткен Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Президент жүктеген міндеттердің орындалу тетіктерін атап берді.
«Мемлекет басшысы жан-жақты жаңғырту бойынша нақты міндеттерді алға қойған болатын. Соның ішінде әлеуметтік-экономикалық дамуға тың серпін беру қажет екенін атап өтті. Президенттің тапсырмаларын іске асыру мақсатында 8 бағыт бойынша 32 шарадан тұратын Іс-шаралар жоспары Президент Әкімшілігінде келісуден өтіп жатыр. Оның негізгі бағыттары: шағын және орта кәсіпкерлікті қаржылық, қаржылық емес түрде қолдау шараларын ұсыну; өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру, дамытудағы кедергілерді жою; мемлекеттік сатып алу рәсімдерін оңайлату; шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландыру көздерін кеңейту», - деген еді Ә. Қуантыров.