Жастар саясаты: БҚО-да көшпелі отырысқа қатысушылар «Зенит» зауытының жұмысшы жастарымен кездесті

"Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ президенті Саясат Нұрбек, ҚР Білім және ғылым министрлігі Жастар ісі жөніндегі комитет төрағасының міндетін атқарушы Нұрлан Өтешев, облыс әкімінің орынбасары Алтай Көлгінов «Зенит» зауытының жұмысшы жастарымен кездесті.
Кездесу қалыптасқан дәстүрден тыс жиналыс залында емес, зауыттың кеме жасау цехында өтті.
Алдымен сөз алған Нұрлан Өтешев жиналғандар алдында елімізде жастар үшін жасалып жатқан жұмыстарды әңгімеледі.
Жиылған жастар техникалық, өндірістік салалардың мамандарына қосымша білім алуға мүмкіндіктер, баспанамен қамтылу турасында сұрақтарын қойды. "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ президенті Саясат Нұрбек «зениттіктерді» «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде оқуға, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік барын алға тартты. Жұмысшы жастарды мемлекеттің ұсынған осындай бағдарламаларына қатысуға шақырып, сол арқылы ел дамуына үлес қосуға шақырды. Тынбай еңбектену арқасында қарапайым еңбек адамынан ел басқаруға дейін өскен Елбасын мысалға келтірді. «Осы зауыттың бес қызметкерін кеме жасауда әлемде үздіктердің бірі саналатын Оңтүстік Кореяға машықтануға жібермекпіз. Бұл - осы салада алғашқы бастама. Құжат тапсыруды оңтайландырып жатырмыз. Ол үшін бұрын Астанаға келуі керек болса, енді ғаламтор арқылы Үкіметтің порталына 6-8 құжат тапсыруға дейін жеңілдетпек ойымыз бар. Келесі жылдан барлық аймақтардың халыққа қызмет көрсету орындары арқылы қабылдау жүргізбекпіз. Енді бұл үлкен мүмкіндікті медициналық, инженерлік-техникалық, ғылыми қызметкерлер, мемқызметкерлер пайдалана алады», - деді "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ президенті Саясат Нұрбек.
«Қазір мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы әзірленуде. Сондықтан жастардың барлық топтарымен кездесіп, олардың мәселелерін талқылап, сараптап, шешу жолдарын тұжырымдамаға енгізу бағытында кездесуге келдік. Жастар арасында баспана мәселесі өте өзекті. Бұл бағыттағы жастардың ұсынысын да қолдауға септігімізді тигізгіміз келеді. Жұмысшы жастардың елімізде өтетін ЭКСПО-2017 көрмесі туралы сауалдары ой көкжиектерінің кеңдігінен хабар береді. Сондай-ақ білімдерін жетілдіргісі келетін белсенділіктері де көңіл қуантады», - дейді ҚР Білім және ғылым министрлігі жастар ісі жөніндегі комитеті төрағасы міндетін атқарушы Нұрлан Сүлейменұлы.
Кеңес мүшелері сондай-ақ Зеленов ауданының Переметный ауылында ауыл жастарымен, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда шығармашыл жастар өкілдерімен кездесті. Бұл жиындарда да жастардың түрлі топтарының мүддесін қорғау және қолдау мәселелері, 2020 жылға дейінгі мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасына ұсыныстар талқыланды.