Жастарды патриоттық рухта тәрбиелейтін тың дүниелер жасауға шақырар едім - Б. Сапарбаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев еліміздегі бірқатар шығармашалық ұйым өкілдерімен кездесті. Жиынға Парламент депутаттары да қатысты.
Шара барысында бүгінгі таңдағы шығармашылық одақтардың, өнер ұжымдарының өзекті мәселері талқыланды. Сонымен қатар, зиялы қауым санатындағы бірқатар азаматтарға, шығармашылық ұйымдар мүшелеріне «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілері табыс етілді.
«Әсілі Отанды жырлаудан асқан міндет жоқ. Сондықтан да еліміздегі шығармашылық одақтарға, өнер ұжымдарына қазіргі заман талабына сай, Қазақстанның жетістіктерін жырлайтын, жастарды патриоттық рухта тәрбиелейтін тың дүниелер жасауға шақырар едім. Сондай-ақ шығармашылық орта, зиялы қауым, жазушылар мен өнер адамдары биылғы жылы тойланатын Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан Республикасы Конституциясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдықтарын, Ұлы жеңістің 70-жылдығын атап өтуге белсене қатысулары керек», деді Б. Сапарбаев.
Сөз арасында Премьер-министрдің орынбасары Мәдениет және спорт министрлігіне шығармашылық одақтармен тығыз байланыста жұмыс жасап, Елбасының «Мәңгілік ел» идеясы және «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүктелген міндеттерді бірлесе атқаруды тапсырды.