Жастардың діни сауатын арттыру қоғамда толеранттылық ұғымының берік орнығуына жол ашады

АНА. 17 мамыр. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Еліміз тәуелсіздігін алған тұста қоғамымызда, әсіресе жастар арасында дәстүрлі дініміз - Исламға бет бұру жағдайы ерекше байқалды.

Жастардың діни сауатын арттыру қоғамда толеранттылық ұғымының берік орнығуына жол ашады

Кеңес өкіметінің тұсында «апиын» деп ұғындырылған ақиқат дінімізге қайта оралу «елу жылда ел жаңа» деген қағидат тұрғысынан алғанда заңды құбылыс. Оның үстіне иманды жастар қатарының көбейе түсуі атеистік саясаттың кесірінен жылдар бойы уланған сананы сілку үшін аса қажет болды. Қалай десек те жалпы қоғамның, оның ішінде жастардың ақ жолға түсуі қуантарлық жағдай. Дегенмен, соңғы уақытта мақсат-мүдделері бұлыңғыр түрлі діни секталардың хақ дініміз Исламның атын жамылып бөтен ойлы уағыз жүргізуі, кейбір күштердің дінді өздерінің жымысқы саясаттарын жүзеге асыру үшін пайдаланып жатқаны үлкен проблемаға айналып келе жатқандай. Әлемдегі дәстүрлі діндердің ешбірі біреуге қиянат жаса, немесе біреуді біреуден жоғары қойып, өз үстемдігіңді жүргіз демейді. Бұл дін жолындағы әрбір жас жете түсінуі тиіс маңызды мәселелердің бірі. Осы дүниелер еліміздің әрбір азаматының жүрегінде берік орныққанда ғана елде жүргізіліп отырған дінаралық келісім мен халықтар арасындағы өзара татулық саясаты толыққанды жүзеге асады. Бүгін елордадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында «Қазақстандық жастар: толеранттылық және конфессияаралық диалог арқылы өзара түсіністік пен ынтымақтастыққа қол жеткізу» деген тақырыпта ұйымдастырылған республикалық ғылыми - тәжірибелік конференцияның мән-мағынасы осыған саяды.

Парламент Сенатының депутаты, философ ғалым Ғарифолла Есімнің сөзінше, дін өте сақтықты қажет ететін нәзік дүние. Дінді өркениеттің, мәдениеттің феномені ретінде қарастыру қажет. Мәдениетті, өркениетті адам қашанда бір-бірін түсінуге пейіл. Әрбір діннің өкілі - өркениет ошағы. Әрбір дін өкілі христиан, православ, иудей, буддист бола отырып, өзге өркениеттің мән-мағынасын түсіне біліп, оған құрметпен қарауы тиіс. Сонда ғана әркімнің өз діні баий түседі, өсе түседі. Бұл сырт қарағанда, күнде айтылып жататын қарапайым ғана дүние болғанымен қазір өте айқын, адамзатқа аса қажетті дүниелердің бірі болып отыр. Өйткені бұл адамзаттың тікелей тағдырымен байланысты дүние. Егер біз осы қажеттілікті қазір түсіне елмасақ, ертең кеш болады немесе адамзат баласы адам болып өмір сүруден қалады. Басқаша айтқанда, бүгін біз тек өзара түсіністік пен сыйластықтың, бір-бірімізге деген құрметтің арқасында ғана тіршілігімізді жалғастыра алмақпыз. Бұл үдеріс біздің әрқайсымыздың өз дінімізді, дәстүрімізді құрметтеуге, дәріптеуге кедергі болмайды. Өйткені әрбір дін ақиқатқа деген ұмтылыс. Әрбір дін адамзатқа бейтаныс, белгісіз тың дүниелердің бетін ашып, ақиқатқа көз жеткізгісі келеді. «Осы тұрғыдан алғанда бүгінгі біздің басты мақсатымыз - қазіргі жастарға дін туралы, оны дүниеге әкелушілер туралы терең, түсінікті білім беру», - дейді депутат.

Ал Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры, профессор Айдар Әбуовтың айтуынша, жаһандану үдерісі қарқынды жүріп жатқан қазіргідей заманда тарих, мәдениет, тіл мен дін тәрізді баға жетпес құндылықтар басты орынға шығып отыр. Әсіресе қоғам өмірінде дін рөлінің күшейіп, діни ұйымдардың белсенділігінің артуына байланысты жастардың дінге деген қызығушылығы күн санап артып келеді. БҰҰ Бас Ассамблеясының қарары бойынша, 2010 жылдың 12 тамызынан 2011 жылдың 1 тамызына дейінгі аралық Халықаралық жастар жылы болып белгіленді. Бұл жыл «Диалог және өзара түсіністік» ұранымен өткізілмек. «Ал диалог мәселесі біздің мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясатында басты орында. Республика тәуелсіздігінің 20 жылдық тарихында көпконфессиялы қоғамдағы өзара құрмет пен толерантталық идеяларын жүзеге асырудың негізгі қағидалары қалыптасты. Ендігі кезекте осы қағидаларды жүйелі түрде зерттеп тәжірибе жүзінде кеңінен қолдану қажет», - дейді ғалым.

Дінаралық төзімділікке қатысты жастар арасында дұрыс түсіністік қалыптастыру мәселесін Мәдениет министрлігі де басты назарда ұстап отыр. Тіпті бұл мәселе министрлік қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Мәдениет вице-министрі Ғазиз Телебайдың айтуынша, қоғамда конфессияаралық келісімнің салтанат құруы - стратегиялық міндет. «Діннің қоғамдағы рөлінің ерекше екендігі рас. Сондықтан діннің адамзат үшін, біздің халқымыз үшін қаншалықты пайдалы екендігін қалың көпшілікке, соның ішінде жастарға ұдайы айтып, түсіндіріп отырған абзал. Өйткені нағыз дін адамдарды ізгілікке, жақсылыққа шақыратын қоғамдық үрдіс. Сондықтан жастардың дінге бетбұруы жақсы үрдіс деп бағалауға болады. Алайда қазір елімізге шет мемлекеттерден келіп жатқан тосын, жағымсыз діни идеялар мен ағымдар саны аз емес. Өкінішке қарай, олардың барлығының ниеттері түзу деуге болмайды. Ең сорақысы осы жат, жымысқы ниетті діндердің көздегендері де осы жастар болып отыр. Осы мәселе ең жіті назарда болуы тиіс мәселе деген ойдамын. Біз жастарымызды теріс әрекеттерге, адамға, қазаққа жат қылықтарға тартатын тылсым күштерден арашалай білуіміз керек»,-дейді министрдің орынбасары.

Оның әлеуметтік зерттеуге сүйене отырып келтірген деректері бойынша, Қазақстанда орташа жастағы адамдарға қарағанда жастар дінге жақын. Алайда жастардың дінге деген көзқарастары алуан түрлі. Олардың бір бөлігінің діни сауаты шала-шарпы. Ендігі бір бөлігі бұған қазіргі жастарға тән үрдіс, яғни мода ретінде қарайды. Соған қармастан жастар арасында дін туралы ілімді жетік меңгерген сауатты азаматтар да бар. Олардың арасында діни құндылықтарды өзге құндылықтардың барлығынан жоғары қоятындары да бар. Бұл әрине діннің шын мәніндегі құндылықтары болса одан қорқатын дәнеңе де жоқ. Ол мейлі, Ислам болсын, ол мейлі, Христиан болсын. Алайда жастардың бойына қайсыбір күштердің жалған құндылықтарды сіңіретін кездері де болады. Бұл өте қауіпті үрдіс. Өйткені ол діндер арасындағы алауыздықты тудыратын, дін өкілдерін алалайтын қауіпті үрдіс. Онымен әрине үздіксіз күрес жүргізу қажет. «Бұл ретте бізге бірінші кезекте бұл тақырыпты жан-жақты зерттеп-зерделеп барып әрекет еткен жөн. Ол үшін әлеуметтік зерттеулер жүргізу керек. Олар мониторинг жүргізіле отырып, іске асып жатса, тіпті жақсы. Бұлай болғанда, жастардың дінге деген көзқарастары мен олардың қай дінге бейілдігін, жастардың қандай топтары дінге жақындығын тұрақты бақылауға болар еді. Зерттеулердің республикалық деңгейде болған да тиімді. Дінге қатысты айта кететін тағы бір мәселе - түрлі діни көзқарастағы жастардың диалогының болуы. Бұл өте маңызды мәселе. Жастар көзқарастарының әралуандығына қармастан, бір-бірінен қорықпастан, бір-біріне қарсы шықпастан ортақ түсінік қалыптастыра білулері керек. Сондықтан бүгінгідей жиындардың маңызы зор»,-дейді Ғ.Телебаев.