Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

«Жастардың кадрлық резерві» атты жоба байқауына батысқазақстандықтар да қатыспақ

ОРАЛ. Сәуірдің 17-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - «Жастардың кадрлық резерві» атты жоба байқауына батысқазақстандықтар да қатыспақ. Бұл мәселе туралы жас саясаткерлер мектебінің кезекті отырысында айтылды,

«Жастардың кадрлық резерві» атты жоба байқауына батысқазақстандықтар да қатыспақ
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Елбасы тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылып отырған, жиырма тоғыз жасқа дейінгі отандық және шетелдік оқу орнын бітірген жас мамандар мен ЖОО-ның соңғы курс студенттері қатыса алатын байқауды өткізудің облыстық комиссиясы құрылып, оған «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының орынбасары Абат Шыныбеков жетекшілік жасайды. Үміткерлерді тестілеу сәуірдің 27-сі мен мамырдың 11-і аралығында жүргізілмек. Қатысушылардың құжаттары республикалық ұйымдастыру комитетіне мамырдың 18-іне дейін жіберіледі. Үміткерлер көлемі бес беттен тұратын, әлеуметтік мәселені қамтитын жоба даярлап, облыстық комиссияға ұсынады. Байқауда бағы жанғандар Астана қаласында үш ай оқып, арнайы курсты бітірген соң мемлекеттік сертификат алып шығады. Содан кейін түлектер мемлекеттік қызметкер ретінде ауыл әкімдігінен бастап түрлі басшылық жұмыстарға жіберіледі. Жұмысқа орналастыруды «Нұр Отан» ХДП Орталық аппараты бақыламақ. Қазірдің өзінде еліміз бойынша байқауға 300-ден астам жас қатысуға ниетін білдірсе, соның оншақтысы БҚО-дан болып отыр.