Жастардың құрылыс жасақтары 92 млн. теңгенің жұмысын атқарды - БҚО

АЛ. 4 қазан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Биыл Батыс Қазақстан облысында студенттік құрылыс және «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары еселі еңбек етті.

Жастардың құрылыс жасақтары 92 млн. теңгенің жұмысын атқарды - БҚО

Әсіресе, жастардың құрылыс жасақтары Орал қаласы мен Зеленов, Тасқала аудандарында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арналған үйлер, әрқайсысы 290 орындық екі балабақша, 1200 орындық мектеп және Назарбаевтың зияткерлік мектебі құрылыстарына, сондай-ақ бірқатар ғимараттарды күрделі жөндеу жұмыстарына қатысты. Олар барлығы 92 млн. теңгенің жұмысын игерді. Жасақ мүшелерінің орташа жалақысы 45-50 мың теңге көлемінде болды.

Студенттік құрылыс және жастар еңбек жасақтары облыстық штабы жетекшісінің орынбасары Дархан Қадыралиевтің сөзіне қарағанда, биылғы маусымды қорытындылау кезінде үздік аталымдар бойынша озық шыққандар марапатталды. Айталық, Ж.Досмұхамедов атындағы педколледж студенті Қуаныш Амангелді - «Ауылдың гүлденуі - Қазақстанның гүлденуі», М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінен Нұрбек Айтбаев - «Үздік командир», №4 кәсіптік лицейден Рафхат Нұғманов - «Үздік жауынгер», Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің «Жас қыран» жасағы «Үздік жасақ» аталымына ие болды. Биыл бірінші рет белгіленген «Үздік волонтер» атағын Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің студенті Асылхан Тажекенов еншіледі. Ол су тасқыны зардаптарын жоюға да өз еркімен белсене қатысқан.