«Жасыл» экономика - халықтың тұрмысын жоғары деңгейге жеткізетін әлеуметтік-экономикалық даму жолы - Н.Қаппаров

АСТАНА. 8 ақпан. ҚазАқпарат - 2013 жылдың 7-8 ақпанында Елбасының Қазақстан халқына «Қазақстан-2050» стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауының негізгі бағыттарын жеткізу жөніндегі ақпараттық-насихаттау тобының мүшелері Ақмола облысында бірқатар кездесулер өткізді.

«Жасыл» экономика - халықтың тұрмысын жоғары деңгейге жеткізетін әлеуметтік-экономикалық даму жолы - Н.Қаппаров

Бұл туралы ҚР Қорошаған ортаны қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров бастаған насихаттау тобы аймақтың өнеркәсіптік өндірістік кәсіпорындарында, құрылыс, көлік және байланыс ұйымдарында, оқу орындарында, мәдениет ошақтарында болып қайтты.

8 ақпанда Көкшетауда ҚР Қоршаған ортаны қорғау Министрі Н.Қаппаровтың Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттерімен, сондай-ақ, облыстың белсенді азаматтарымен және қала жұртшылығы өкілдерімен кездесті.

Кездесуге қатысушылар алдында сөз сөйлеген Н.Қаппаров Елбасының халыққа Жолдауының негізгі қағидаттары туралы айта отырып, «бұл барлық құрамдас компоненттері - экономикалық, әлеуметтік, саяси тұрғыдан өзара үйлестірілген, алдағы онжылдықтарда еліміздің даму жолын көрсететін құжат», - деп атап өтті.

Ол қазақ елінің дамуының жаңа басымдықтары ХХІ ғасырға тән демографиялық теңгерімсіздік, азық-түлік пен қуаттың жетіспеушілігі, су мен табиғи байлық қорының таусылуы, әлеуметтік тұрақсыздық және тағы басқа қатерлерге төтеп беруге мүмкіншілік беретіндігін мәлімдеді. Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін бәсекеге қабілетті экономикалық саясат жүргізу, кәсіпкерлікті қолдау, жаңа қағидаттардың негізіндегі әлеуметтік саясатты іске асыру, білім беру жүйесін келешекке бағыттап дамыту, мемлекеттігіміз бен қоғамның демократизациялануын әрі қарай күшейту, тиімді сыртқы саясат құру, сондай-ақ, жаңа қазақстандық патриотизм тәрбиелеу міндеттерін орындау қажет.

Осы орайда Н.Қаппаров Қазақстанның жаңа стратегиялық даму бағдарын жүзеге асыру үшін «еліміздің Көшбасшысы бізге ішкі басымдықтарымыздың жаһандық факторлармен барынша кең үйлесімділігін қамтамасыз ететін кешенді тәсілдемелерді қолдануды ұсынып отыр» деп атап өтті.

Сонымен қатар, қоршаған ортаны қорғау министрі ведомство алдына қойылған міндеттер туралы мәлімдеді. «Жасыл» экономика - халықтың тұрмысын жоғары деңгейге жеткізетін әлеуметтік-экономикалық даму жолы. Басқа сөзбен айтқанда, бұл табиғи ресурстарға жасалатын салмақты азайту, ескіріп бара жатқан инфрақұрылымды қайта жаңғырту, экономиканы әртараптандыру, қоршаған орта жағдайы мен халық тұрмысының сапалық деңгейін жақсарту, ұлттық қауіпсіздікке төнуі мүмкін қатерлерді болдырмау және халықаралық нарықтардағы бағаның тұрақсыздығынан тәуелсіз болу деген сөз. Халықаралық қауымдастық алдында алған міндеттерін мүлтіксіз орындайтын мемлекет ретінде қабылдануымыздың да маңызы зор», - деді ол.

Сонымен қатар Н.Қаппаров министрліктің тағы бір міндеті - табиғи ресурстарды қорғау және олардың тиімді пайдалануын бақылау, балық, орман, аңшылық шаруашылықтарын, жаңартылатын қуат көздерін дамыту, сондай-ақ, тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жарату ісін басқаруда мемлекеттік саясатты қалыптастыру және жүргізу кезінде ведомствоға берілген жаңа функциялар мен уәкілеттіктерді тиімді пайдалана білу екендігін баса айтты.

Сөз соңында ол кездесуге жиналғандарды Елбасының тапсырмалары мен міндеттерін жүзеге асыру үшін бойларындағы білім мен тәжірибені, күш-қайрат пен ынта-жігерді салуға шақырды.

Қоршаған ортаны қорғау министрі сондай-ақ, кездесуге келген азаматтардың бірқатар сауалдарына жауап берді. Ол «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесін өткізуге дайындалу, орман қорын сақтау, жер асты суларын тиімді пайдалану, курортты аймақтарда табиғатты қорғау іс-шараларының жүзеге асырылу барысындағы министрліктің атқарып жатқан қызметі жөнінде баяндады.

Кездесудің қорытындысында ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі мен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университет арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Меморандумға қол қойылды. Ынтымақтастықтың негізгі мақсаты - ғылыми-зерттеу жұмыстары мен жобаларын бірлесіп жүргізу және қоршаған ортаны қорғау саласына жоғары білікті мамандарды даярлау үшін ғылым және білім беру саласындағы мүмкіншіліктерді тиімді пайдалану.

Жұмыс сапары барысында ҚР қоршаған ортаны қорғау министрі Н.Қаппаров минералды сулар мен алтын өндіру кәсіпорындарында болып, олардың табиғатты қорғау қызметімен, техникалық жабдықталуы және ресурстарды үнемдеу тәртібінің жағдайымен танысты.