Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Жат ағымдардан зардап шеккен 1350 адамға психологиялық, құқықтық жәрдем көрсетілді - Дін істері агенттігі

АСТАНА. 1 ақпан. ҚазАқпарат - Өткен жылы жат ағымдардан зардап шеккен 1350-ден астам адамға психологиялық, құқықтық жәрдем көрсетілді.

Жат ағымдардан зардап шеккен 1350 адамға психологиялық, құқықтық жәрдем көрсетілді - Дін істері агенттігі

Бұл туралы бүгін Астанада Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф ведомствоның өткен жылғы жұмысын қорытындылауға арналған алқа отырысында мәлім етті.

«Теріс пиғылды діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсету орталықтары жұмыс істейді және оларға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс механизмі арқылы қолдау қамтамасыз етілген. Өңірлерде жұмыс істейтін осындай 12 орталықтан құрылған Қауымдастық өз қызметін атқарып келеді. Өткен жылы жат ағымдардан зардап шеккендерден аталмыш орталықтарға 1350-ден астам шағым түсіп, оларға психологиялық, құқықтық жәрдем көрсетілді», - деді агенттік төрағасы.

Қ.Лама Шарифтің атап өткеніндей, агенттік діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселесі бойынша жұмысты жандандыруда. «Атап айтқанда, БАҚ өкілдері үшін діни экстремизм мен терроризммен байланысты оқиғаларды жариялау жөніндегі әдістемелік ұсыныстар әзірленген. Әлеуетті мекемелердегі қызметкерлердің дін мәселелері жөніндегі сауаттылығын арттыру курстары ұйымдастырылды», - деп атап көрсетті ол.

Агенттік өткен жылы экстремистік идеологияны таратудың барлық жағдайларын барынша азайту мақсатында діни әдебиеттерді таратудың тәртібін жөнге салу бойынша шаралар қабылдаған. Барлық өңірлердегі әкімдіктер ұйымдастыру және әдіснамалық қолдау арқылы ғибадат үйлерінен тыс жерлерде діни әдебиеттерді таратуға арналған тұрақты үй-жайлардың тізімін бекіту туралы қаулыларды қабылдады. Қазіргі уақытта республика бойынша 212 кітап дүкендеріне оң діни сараптамадан өткен діни кітаптарды сатуға рұқсат етілген.