«Жатақхана жыры бітпей тұр» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 31 желтоқсан. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 31 желтоқсан, сейсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Жатақхана жыры бітпей тұр» - баспасөзге шолу

***

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Жасампаздық жоспары» деген көлемді мақала берілген. «Егер 2013 жыл несімен есте қалды дер болса, онда кідірместен Қазақстанымыздың «2050 Стратегиясы» бойынша жұмыс істеуді бастауымен дер едім. «2050 Стратегиясының» мерзімінен бұрын орындалатын бағдарлама екенін бұған дейін де талай бұқаралық ақпарат құралдарында талдап, жазғандықтан бұл жолы оған тоқталып жатпаймын. Тек осы бағдарламаның артықшылығы неде деген сұраққа жауап бергенді жөн көрдім. Өйткені, әлемнің бірқатар елдері өздеріне ұзақ мерзімді даму бағдарламаларын қабылдағаны баршаға белгілі. Ал біздің бағдарлама олардан несімен айрықша, міне, қалың жұртшылықтың білгісі келетіні осы.

Біздер, экономист ғалымдар, мұны алыс болашақтарға қызмет ететін бағдарлама есебінде қарастырамыз. Ол 2050 жылға дейінгі кезеңдегі жұмыс ауқымын белгілеп бергенімен сол бойынша алынған нәтижелер ХХІ ғасыр түгіл ХХІІ ғасырға, одан арғы талай ғасырларға қызмет ететін ұлт дамуының берік негізі болмақ. Міне, бұл - біздің бағдарламамыздың басты артықшылығы. Өйткені, біз экономикалық саланы түбірінен өзгертіп, оны көптараптандырып, сол арқылы тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартып, биік белеске, дәлірек айтсақ, әлемнің дамыған 30 елі деңгейіне көтерілеміз»,-деп жазады әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Сағындық Сатыбалдин.

Бас басылымның жазуынша, кеше Үкімет үйінде Премьер-Министр Серік Ахметов Трентинода (Италия) өткен ХХVІ Бүкіләлемдік қысқы Универсиада жүлдегерлерін қабылдады. Кездесуге осы универсиадада алтыннан алқа таққан Татьяна Осипова, Марк Старостин, Александр Малышев, Сергей Малышев, күміс жүлдегерлер Дамир Рамазанов, Нұрсұлтан Белгібаев, қола жүлдегер Ольга Мандрик, сондай-ақ, жаттықтырушылар құрамы қатысты.

Премьер-Министр спортшыларды құттықтап, оларға Алғыс хатын тапсырды. «Мемлекет басшысы спорттың бұқаралық түрлерін дамытуға ерекше мән беруде», деп атап көрсетті Серік Ахметов. «Үкімет те бұл мәселеге баса көңіл бөледі. Өйткені, спорт дегеніміз, бұл - мемлекет дамуының негіздерінің бірі. Тек спортпен айналысатын ұлттар ұрпақтарының ғана болашақтары жарқын болмақ», деп жалғады ол сөзін. Бүкіләлемдік қысқы Универ­сиада-2017 Алматыда өтетіндігі белгілі. Сондай-ақ, Қазақстан 2022 жылы өтетін қысқы Олимпиялық ойындарды өткізуге де өтінім беріп отыр. «Бұл - біз жүзеге асыруға тиісті маңызды міндеттердің бірі», деді Үкімет басшысы осы мәселеге байланысты. Серік Ахметов спортшыларға алғыс айтып, оларға табыстар мен спорттық жеңістер тілейтіндігін білдірді. Бұл материал «Қысқы универсиада жүлдегерлерін қабылдады» деген тақырыппен басылды.


***

«Жас қазақ» басылымының соңғы санында «Биыл ауылға 8,3 мың шағын несие берілді» атты мақала жарияланды. «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» еншілес компаниясының «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ 2005 жылдан бастап еліміздің қаржы нарығында табысты қызмет етіп келеді. Қордың негізгі мақсаты - ауыл тұрғындарына барынша қолжетімді түрде несие беруді тиімді ұйымдастыру, олардың хал-ахуалын жақсартып, аяқтан нық тұруға жәрдем беру. «Жас қазақ» тілшісінің сауалына «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Нармұхан Сарыбаев жауап береді. «2013 жыл оңай болған жоқ, дегенмен жақсы көрсеткіштер баршылық. Айталық, ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді несиелендіру көлемі екі есеге дерлік ұлғайды. Мысалы, 2012 жылы жалпы сомасы 11,2 млрд теңге көлемінде 5 мың несие берілсе, биыл бұл көрсеткіш 20 млрд теңгені құраған 8,5 мың несиеге дейін өсті. Несиелеудің саны және оның көлемінің өсуі, ең алдымен, «Жұмыспен қамту - 2020» Жол картасына байланысты жүзеге асып отыр»,-деді ол.

Осы басылымның жазуынша, «ҚазТрансОйл» жаңа екі мұнай айдау стансасы арқасында «Атасу-Алашаңқай» мұнай құбырының қуатын екі есеге арттырмақшы.Магистральды мұнай құбырының ұлттық операторы «ҚазТрансОйл» АҚ, Қазақстан - Қытай экспорттық жүйесінің бір бөлігі саналатын Атасу -Алашаңқай магистральды мұнай құбырының өткізу қабілетін №8 және №10 жаңа екі мұнай айдау стансасы арқасында жылына 20 млн тоннаға дейін ұлғайтып отыр. Компанияның мәлімдеуінше, бұл нысандар Қазақстан -Қытай магистральды мұнай құбыры жүйесі құрылысының екінші кезеңнің екінші кезегін жүзеге асыру аясында салынды.
Қолда бар мәліметтерге қарағанда, №8 мұнай айдау стансасының жұмысы басталғалы оған кеткен нақты шығын мөлшері 9,3 млрд теңге. (Қосымша құн салығын есептемегенде). Ал №10 мұнай айдау стансасына кеткен шығын көлемі 11,6 млрд теңге. (Қосымша құн салығын есептемегенде). Құрылысты қаржыландыру «Қазақстан - Қытай мұнай құбыры» ЖШС есебінен жүргізілген. Бұл ЖШС Атасу - Алашаңқай мұнай құбырына иелік ететін «ҚазТрансОйл» АҚ және CNODC арасында құрылған, бірлескен кәсіпорын. Бұл жайында «Тасымалдау тасқыны» деген мақалада толық жазылған.


***

«Аната тілі» басылымының соңғы санында «Абай жолы» және Данабике» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Қазақтың тұңғыш стенографисі, «Алма ағашы гүлдегенде», «Мен білетін Әуезов» атты естеліктердің, «Қазақ стенографиясы» оқулығының авторы, жазушы Данабике Байқадамованың туғанына 100 жыл толып отыр. Жоғарыда аталған әдеби естеліктерді ұрпақтарымызға қалдырған қарымды қаламгер, «Абай жолы» тәрізді ұлы шығарманы стенографиялаған қазақтың алғашқы стенографисі Данабике Байқадамованың есімін елі ардақтайды.
Данабике Байқадамова атақты Байқадамовтар әулетінің ұрпағы. Ол 1913 жылы 9 желтоқсанда Торғай кентінде туған.

Осы басылымның жазуынша, Қызығы мен шыжығы мол студенттік шақтың бүгінгі нарық заманында қызығынан машақаты басым болып отыр. Жыл сайын жер-жерден үлкен қалаларға білім алуға асығатын жастардың ең бірінші алдынан кес-кестеп шығатын өзекті мәселесі - жатақхана. Жолы болып, мемлекеттік грант иегері атанғандарды ЖОО жатақханамен қамтуға тырысады. Десек те, халық арасында жатақханаға орналасу үшін, тамыр-таныс керек, не болмаса «бармақ басты, көз қыстымен ғана орналасуға болады» деген қауесет те жоқ емес. «Ал ақылы бөлімде оқуға бел буғандардың көрген күні тіпті қиын. Ата-анасының тапқан-таянғанымен жылына жарты миллионға жуық қаржы төлеп оқыса, оған қоса пәтерақы төлеу «жығылғанға жұдырық» болып отыр. Осылайша жатақханадан үмітін үзген студенттердің оқу жылы «жетім бұрышқа» барып, пәтер іздеуден басталады да, көптеген кедергілермен кезігеді»,-деп жазады мақала авторы. Бұл туралы «Жатақхана жыры бітпей тұр» деген мақалада толық берілген.