«Жатақхананың жылдық бағасы қанша?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 26 тамыз, сәрсенбi күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Жатақхананың жылдық бағасы қанша?» - баспасөзге шолу

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше елордада «Жаңа білім беру бағдарламалары, инновация­лар және білікті ықпал ету - табысты мектепке бастар қадам» деген тақырыпта білім беру қызметкерлерінің республикалық педагогикалық тамыз кеңесі болып өтті. Оған Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев қатысты. Пленарлық отырыста алдымен сөз алған Білім және ғылым ми­нистрі Аслан Сәрінжіпов Елбасы ұсынған жаңа экономикалық саясат бәсекеге қабілетті адами капиталды қалыптастыру үшін орта білім беру саласын жаңғыртуды талап ететіндігіне ерекше тоқталды. Бүгінгі таңда адами капиталды даярлау білім беру арқылы шикізатқа деген тәуелділіктен құтылуға, экономиканы әртараптандыруға және бәсекеге қабілеттілікті артты­руға өзіндік ықпал беретін болады. Алайда, министр білім беру практикалық қолданысқа емес, теорияға негізделетінін баса айтты. Экономикалық ынты­мақ­­тастық және даму ұйымына мүше елдердің білім беру жүйесі біліктілікті арттыруға негізделген. Сондықтан да жаңа білім беру мо­делі оқушылардың жағдайды бағалауға және саралауға, сондай-ақ функционалдық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Осы жайында «Ұстаз - ұлт ойының діңгегі» атты көлемді мақалада толық берілген. Бас басылымда «Бес басты қатер» атты сараптамалық мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Әлемде қалыптасқан бүгінгі экономикалық, саяси және әлеуметтік тәуекелдерді ескере келіп, Economist Intelligence Unit (EIU) ұйымы «таяу арадағы екі жыл ішінде әлемдік экономика және бизнес ахуалын елеулі өзгеріске ұшыратуы мүмкін» бес басты қатердің тізімін жариялады. Бұл қатерлердің әрқайсысы ең жоғары - 25 балл бағамен белгіленді.

Сөйтіп, EIU болжамы бойынша әлемдік экономикаға басты қатер мыналар болып белгіленді:

- 5. Әлемдік экономиканы тұрақсыздандыратын лаңкестік қатері.

Бұл қатердің деңгейі: 12.

Сирия және Ирак аумағында құрылған «Ислам мемлекеті» бүкіл әлем бойынша адамдарды лаңкестік оқиғаларға тартуда. «Егер лаңкестік шабуылдар одан әрі күшейетін болса, ол тұтынушыларға және бизнеске ерекше ықпал етіп, америкалық және еуропалық рыноктарды елеулі күйзеліске ұрындыруы мүмкін» деп атап көрсетілген EIU есебінде.

- 4. Халықаралық қаржы саясатындағы әртектілік валюта рыногының тұрақсыздығына әкеліп соғады. Бұл қатердің деңгейі: 16.

Федералдық қор жүйесі биылғы жылы негізгі ставканы көтермек. Осының салдарынан қаржылық жағдайы әлсіз елдер жоғары бюджет тапшылығын көретін болады. Сонымен бірге, олардың қатарына бюджеті шикізат тауарларының экспортына тікелей байланысты елдер де қосылады. Оған Түркия, ОАР, Ресей және Венесуэла мемлекеттері кіреді. Осы қатерлер жайында білгіңіз келсе, мақаланы қарап шығыңыздар.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, жоғары оқу орнын таңдау, құжат тапсыру жұмысы бітісімен, жатақхананың жыры басталады. Шалғайдан білім іздеп, оқуға келген студенттің барар жер, басар тауы жатақхана екені белгілі. Алайда жатақхана жалпыға бірдей жеткіліксіз. Жатақхана таба алмай сандалған студент ақырында пәтер жалдауға мәжбүр. Бұдан бөлек, әр университеттің жатақханаға белгілеген өз құны бар. Бұл баға студенттің қалтасын көтере ала ма?

«Алдымен еліміздегі бірнеше жоғары оқу орнына қоңырау шалып көрдік. Ал­ғашқы болып, республикадағы ірі ЖОО-ның жатақханаларының құнын білуге тырыстық. Сонымен... Кейбір жатақхананың жылдық бағасы 20-30 мың теңге аралығында. Жылына 4 мың теңге ғана алатын университет те бар екен. Ол - Тараз қаласындағы М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті. Мәліметтерге сүйенсек, ең қымбат жатақ­хана Сүлеймен Демирел атындағы уни­вер­ситетте. Ондағы жатақхананың жыл­дық ақысы 175 мың теңге. Бағасы жоға­ры университеттердің қатарында КИМЭП те бар. Онда 1 семестр (4 ай) тұрған уақыт үшін 135 мың теңге төлеуің керек. Т.Рыс­құлов атындағы ҚЭУ жатақ­ханасының жылдық бағасы 120 мың теңге»,-деп жазады басылым.

Қараған­ды мемлекеттік техникалық универси­тетін­де де шамамен солай, мұн­да айына 12 500 теңгеден келеді. Сонда 9 айға 112 500 теңге. Ал аймақтардан кел­ген сту­денттер үшін мұндағы жатақхана айына 6 500 теңге. «Серпін - 2050» бағдар­ламасы бойынша оқуға түскендерге жатақ­хана ақысы айына 2 514 теңге. Қара­ғанды мем­лекеттік медицина уни­вер­ситетінің жатақ­ханасына тұрғың кел­се, 10 айға 105 мың теңге төлейсің. Алма­тыдағы ҚБТУ жатақханасының құны айына 15 мың теңге, яғни оқу жы­лы­ның 9-10 айында 135-150 мың тең­геге барады. Букетов атын­дағы Қарағанды мемлекеттік уни­верситетіне қарасты жатақхананың баға­сы - жылына 60 мың теңге. Ал Қарағанды мемлекеттік индус­трия­лық универси­те­тінің 1-курс студент­тері мен «Серпін - 2050» бағдарламасымен оқитындар үшін жатақхана тегін беріледі екен. Бұл жайында « Жатақхананың жылдық бағасы қанша?» атты мақаладан толық оқи аласыздар.

Осы басылымда « Құрамада кімдер ойнайтын болды?» деген мақала жарияланды. Юрий Красножан жетекшілік ететін Қазақстан ұлттық құрамасының бапкерлік штабы 2016 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде Чехия және Исландия құрамаларымен өткізетін матчқа шақырылған футболшылардың тізімін жариялады. Сонымен, Қазақстан Ұлттық құрама­сына қандай футболшылар шақырылды? Қақпашылар: Сергей Бойченко («Ор­дабасы»), Стас Покатилов («Ақтөбе»), Андрей Сидельников («Ордабасы»). Қорғаушылар: Берік Айтбаев («Аты­рау»), Елдос Ахметов («Астана»), Абзал Бейсебеков («Астана»), Марк Гурман («Қайрат»), Ермек Қуантаев («Қайрат»), Юрий Логвиненко («Ақтөбе»), Сергей Малый («Ордабасы»), Ғафуржан Сүйім­баев («Ордабасы»), Дмитрий Шомко («Астана»).

***

«Экспресс-К» газетінде « Бес обреза » атты материал берілген. Шымкенттік сот алты жыл бұрын өзінің қатарласын өлтірген 24 жасар Қ. Бахтиярұлына 10 жарым жылға бас бостандығынан айыру үкімін шығарды. Осы жылдар бойы жасырынып жүрген.

2009 жылдың сәуірінде 18 жасар Қалын Бахтиярұлын шымкенттік лицейлердің бірінің оқушылары соққыға жығып, тонап кеткен еді. Ол достарын жинап, ренжіткендерді кездесуге шақырады. Осы кездесуге барардың алдында ол өзімен бірге шолақ мылтықты да ала шыққан екен. Көп сөзге келместен Қалын оқ атып, екі жігітті жаралайды, кейіннен олардың бірі көз жұмады. Осыдан кейін Қ. Бахтиярұлы алты жыл бойы жасырынып, көз жұмған жігіттің ата-анасына тұрақты түрде ақшалай көмек жіберіп отырған. Құрбан болған жігіттің әкесі Қалынды кешіргенін және оны қылмыстық қудалаудан босатуды сұраған. Осыдан кейін ол полицияға өз еркімен келген екен...