Жаттанды шешім, ескірген көзқарас, жалаң популизм ешкімге керек емес - Президент
АСТАНА. KAZINFORM – Әкімдер құрамында, мемлекеттік мекемелерде, бизнесте жас буын өкілдері алдыңғы қатарға шыға бастады. Бұл туралы бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясын ашқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
- Бұрынғы Парламентпен салыстырғанда, Құрылтайдың құрамында әйелдер мен жастардың үлесі едәуір өсті. Ауқымды өзгерістер мемлекеттік басқару ісіне, әсіресе, жаңа буынның, яғни жігерлі, отаншыл, еңбекқор жастардың келуіне себепші болды. Әкімдер құрамында, мемлекеттік мекемелерде, бизнесте жас буын өкілдері алдыңғы қатарға шыға бастады. Бұл – біз жүргізген реформалардың аса маңызды нәтижесі. Ашығын айтсақ, институционалдық өзгерістердің түпкі мақсаты да – биліктің барлық тармағындағы кадрларды жаңарту, яғни саясатқа жаңашыл, жасампаз адамдарды әкелу. Қазіргі заманда жаттанды шешім, ескірген көзқарас, жалаң популизм ешкімге керек емес, - деді Президент.
Сессия барысында Мемлекет басшысы Құрылтай билік жүйесін түбегейлі жаңғыртатынын атап өтті.