Жауыннан кейінгі жол неге қауіпті - ҚазАвтоЖол кеңесі

АСТАНА. KAZINFORM – ҚазАвтоЖол мамандары жүргізушілерді жауын-шашын кезінде ерекше сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады.

жаңбырлы жол
Фото: ҚазАвтоЖол

Жаңбыр жауған алғашқы 30 минутта жол жамылғысы аса қауіпті күйге түседі. Сарапшылардың мәліметінше, дымқыл асфальттағы дөңгелек ілінісі құрғақ жабынға қарағанда шамамен 70%-ға дейін төмендейді. Бұл – көлік жүргізуді айтарлықтай қиындатады.

Неліктен жол беті тайғақ болады?

Ылғал шаң-тозаңмен, резеңке үгінділерімен және жанармай қалдықтарымен араласып, жол бетінде жұқа қабат түзеді. Нәтижесінде үйкеліс коэффициенті төмендеп, көлікті басқару күрделене түседі.

Акважоспарлау қаупі

Тіпті төмен жылдамдықта да көлік су жиналған учаскеге кіргенде дөңгелек пен асфальттың арасында су қабаты түзіледі. Мұндай жағдайда автокөлік жолмен емес, су бетімен сырғанайды да, басқару мүмкіндігін жоғалтады.

Акважоспарлау қаупін төмендету тәсілдері:

  • Жол және ауа райы жағдайына сәйкес жылдамдықты дер кезінде азайту;

  • Шиналардың жай-күйін бақылау, протектор ойығының тереңдігі кемінде 3 мм болуы тиіс;

  • Кенет тежеуден, күрт жылдамдықтан және қауіпті маневрлерден бас тарту.

Автокөлік «жүзе» бастаған сәтте жүргізушілерге:

  • жылдамдықты біртіндеп азайтып, рөлді түзу ұстау;

  • дөңгелектер қайта жолға ілінгенге дейін күрт қимыл жасамау;

  • ілініс қалпына келген соң баяу тежеуді бастау ұсынылады.

Жаңбыр кезіндегі қосымша ұсынымдар:

  • Тежегіш жүйесінің техникалық жарамдылығын, тежеуіш қалыптардың тозу деңгейін тексеру;

  • Дымқыл жолда алдыңғы көлікпен арақашықтықты кемінде үш секундқа дейін арттыру;

  • Көріну деңгейін жақсарту үшін жақын қашықтықтағы жарық шамдарын пайдалану;

  • Көпірлерде, жол айрықтарында, шалшықты учаскелерде және бұрылыстарда белгіленген жылдамдықты қатаң сақтау.

ҚазАвтоЖолдың дерегінше, басты қағида – дымқыл жолда көліктің техникалық жағдайы дайын болуы және жүргізушілердің жылдамдықтан гөрі қауіпсіздікті жоғары қоюы тиіс.

Айта кетейік, Қарқаралы мен Балқашқа апаратын жолдар жаңарып жатыр.

Соңғы жаңалықтар