«Жауынгерді ажалдан құтқарған полковник» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 4 мамыр, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

 «Жауынгерді ажалдан құтқарған полковник» - баспасөзге шолу

***

«Егемен Қазақстан» газетінде қатардағы сарбаздың өмірін аман алып қалған полковник Қайрат Үмбетов жайында мақала берілген. «Алдымызда 7 мамыр - Отан қорғаушы күні мерекесі де жақын қалды. Сол мереке қарсаңында бейбіт күнде көзсіз батырлыққа барған полковник Қайрат Үмбетовке де құрмет көрсетілер деген ойдамыз. Олай дейтініміз, осыдан біраз бұрын Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік әскери қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Еркін Ботақанов № 6505 әскери бөлімде штаб бастығы болып қызмет ететін полковниктің мемлекеттік наградаға ұсынылғанын мәлімдеген болатын»,-деп жазады басылым. Бұл туралы «Жауынгерді ажалдан құтқарған полковник» атты мақалада толық берілген.

Бас басылымда «Ақтөбеде Африка түйеқұсы өсіріледі» деген мақала жарияланды. Әлия ауылының тұрғыны Сайлау Ма­таев көпшілікке таңсық, бұрын-соңды өңірде болмаған түйеқұсты облысқа бі­рінші болып әкелмек.

- Түйеқұстың балапандарын Ресейдің Самара қала­сынан алуды жоспарлап отырмыз. Самарамен интернет арқы­лы байланысқа шығуыма Ақтөбе қаласындағы жиенім көмектесті. Биыл мамыр айының соңында түйеқұстың бір айлық балапандарын ауылға алып келеміз, - дейді ол.

Оның айтуынша, түйеқұс күтімді, қамқорлықты онша қажет етпейді, ашық алаңқайда, табиғат аясында жүре береді. Ауа райы жауын-шашынды, суық болған күндері жылы жерде тұрғанды ұнатады. Сондықтан, кәсіпкер биыл жазда ауласына түйеқұс тұратын қора салуды көздеп отыр.

Сайлау Матаев биыл «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы түйеқұс өсіру үшін 1 млн. 700 мың теңге көлемінде несие алған.

- Әзірге 20 балапан алуды жоспарлап отырмыз. Себебі, самаралық фермерлердің айтуынша, түйеқұстың балапанын еркек-ұрғашысын кішкентайында ажырату мүмкін емес. Өсе келе, яғни 6-8 айлығында ғана оларды ажыратуға болады. Сондықтан, балапанды неғұрлым көбірек алу керек, - дейді ол.

Түйеқұс жоңышқаның тартылған түрін сүйсініп жейді. Бұл құсқа арпа, бидайды да уатып беру керек. Сол үшін Сайлау ерте көктемде жоңышқаның тұқымдық дәнін аулаға сеуіп тастағанды жөн көріпті.

Сырт келбеті сұсты болып көрінетін бұл құстың әбден толысып-жетілген ша­ғында биіктігі 1 метр 70 сантиметрге жетеді. Жұмыртқасының салмағы орташа есеппен - 1-1,5 кило. Бір айлық балапаны 10-12 килоға жетеді. Түйеқұс 1,5 жасында жұмыртқалай бастайды.

Әзірге түйеқұсты өсіріп, санын көбей­туді ғана мақсат етіп отырған Сайлау бұл құс­­тың пайдасы шаш етектен екенін айтады.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның «Ашық Үкіметті» ендіру жөніндегі жұмысшы тобының отырысы өтті.

Бүгінде 5 институттық реформаның бірі - ел алдында есепті мемлекетті құрудың маңызды элементі ретінде «Ашық Үкіметті» құруға маңыз берілуде. Бұл Ұлт жоспарының 94, 95 және 96-шы қадамдарында көзделген. Бұл бағытта қандай жұмыс атқарылғаны және алдағы жұмыстар жайы жиында қаралып, талқыға тартылды.

Жұмысшы топ төрағасы, Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіп­сіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшім­баев Ұлт жоспары аясында жаңа тұрпатты «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» жақсы заң қабылданғанын, енді барлық мемлекеттік органдардан заңды мүлтіксіз орындау талап етілетінін айтты.

- Біз өзіміздің тобымыз аясында осы процеске мониторинг жүргіземіз, заңның қалай іске асырылып жатқанын қадаға­лаймыз. Екіншіден, біз аталған заңды қол­дану кезінде тууы мүмкін құқықтық олқы­лықтарды, жұмыс жасамайтын не­месе тиісінше реттелмеген нормаларды анық­таумен айналысамыз. Осы арқылы кейін өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жаңа заңға бастамашы боламыз. Бұл үшін алдымен өзіміз істің барысына тереңдеп, байыбына баруға тиіспіз, - деді М.Әшім­баев. Бұл жайында «Енді министрлер әр сұраққа жауап береді» атты мақаладан толық оқи аласыздар.

Осы басылымда «Қазақты шартарапқа танытатын шара» деген мақала жарияланды. Төрткiл дүние төсін дүбірге бөлеп, сайын даланы спорттық ойындардың жаңғырығына толтыратын студенттер сайысының жақындап келе жатқаны да белгілі. Келесі жылы Алматыда алауы тұтанатын қысқы Универсиадаға қатысуға қазірдің өзінде 64 мемлекеттің өкілдері өтініш беріп, 2 мыңға жуық спортшы байрақты бәсекеге қатысуға ниет танытты. Қазақстанның ірі спорттық бәсе­келерді өткізудегі тәжірибесі мол. 2011 жылы Алматы мен Астанада дүркіреп өткен қысқы Азия ойындарының кере­меттері әлі есімізде. Қазақ елінің абы­ройын асқақтатқан сары құрлықтың басты додасында отандастарымыз жалпы командалық есепте бірінші орынды ие­ленген еді. Сол жеңіспен өрілген дәстүрді жалғастыру - алдағы Алматыдағы Универсиададағы біздің спортшылардың басты міндеті.

Универсиаданың ойдағыдай өтуіне жауапты және де өздеріне жүктелген мін­детті абыроймен атқарып жүрген бірден-бір ұйым - 2017 жылғы қысқы Уни­версиаданы ұйымдастыру және өткізу бойынша дирекциясы. Осы дирекцияның директоры Әсет Әбдуәлиевтен Универ­сиаданың ұйымдастырылуы мен дайын­дығы жайында білген едік. Ол Универ­сиадаға дайындықтың қарқынды жүріп жатқанын жеткізді. «Универсиадаға дайындығымыз белгіленген жоспар бойынша, Халықаралық студенттік спорт федерациясының кеңесі мен талабына сәйкес жүргізіліп келеді. Барлық функ­циялар алдын ала тестілік шараларда сыналады. Ал біздің мақсатымыз - Алматыдағы қысқы Универсиаданы жаңаша әрі тиімді өткізу. Бұл ойындардың Қазақстан мен әлем бойынша студенттік спорттың дамуына септігін тигізетіні сөзсіз» дейді Әбдуәлиев мырза.

***

«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Қазақ тілінің әдістемесі қандай болу керек?» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр.

Қазіргі таңда отандық білім беру жүйесі бірқатар реформаларды басынан кешіріп жатқаны белгілі. Мұндағы басты мақсаттың бірі - білім беруді заман талабына сай ету. Білім және ғылым министрлігінің өкілдері осы бағытта жаңа бағдарламалар қабылдап та үлгерді. Бірақ ол бағдарламалардың ерекшелігі, тиімді тұстары қандай деген мәселеге байланысты министрлік тарапынан бұқара халықты ақпараттандыру қажеттілігі сезіледі. Өйткені Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында Елбасы айтқандай, енгізіліп жатқан жаңалықтардың бәрін жұртшылыққа кеңінен түсіндіру керек.

Осы орайда жуырда елордадағы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев білім сала­сындағы жаңашылдықтарға байланысты БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өт­кіз­ді. Баспасөз мәсли­хатына ми­нистр­­лік­­тің мектепке дейінгі және орта білім, ақ­параттық технологиялар департамен­ті­­нің директоры Жаңыл Жонтаева мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма Төрайымы Күләш Ноғатайқызы Шәм­шидинова қатысып, баяндама жасады.

Ерлан Сағадиев кездесу барысында «2016-2019 жылдарға арналған білім және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының» өмірге жолдама алған жаңалықтарымен таныстырды. Жиында министр қазіргі кезде қо­ғамда көп талқыға түсіп жүрген ағыл­шын тіліне қатысты өзінің ой-пікірін ортаға салды. Айтуынша, ағылшын тілі - азаматтарымызға, әсіресе, жас ұрпаққа әлемдік озық ілім-білімге және жоғары технологиялар әлеміне жол ашар есіктің кілті.
- Егер бұған қарсы петицияның автор­ларына қарасақ, онда олардың көбісінің балалары мен немерелері шетелде оқитынын немесе оқығанын, «Бола­шақ» бағдарламасы бойынша білім алғанын көреміз. Ендеше, «Малшы, жалшы, құрылысшы, күзетші, базарларда отырған халыққа ағылшын тілі көк тиынға керек емес» (петиция­дан үзінді) деу - басқа адамдардың балаларына жақсы өмірді, жарқын болашақты тілемеу деген сөз. Мемлекет басшысы айтып жүрген «әлеуметтік лифттер» әрбір қазақ­стандық үшін тең мүмкіндіктер жасауды қарастырады. Біздің бағдарламамыз - қала мен ауыл, әртүрлі үлгі­дегі мектептер арасындағы білімді теңестіретін бағдарлама, - деді Ерлан Сағадиев.