«Жайық» футбол клубы бірінші лигаға жолдама алды
ОРАЛ. KAZINFORM – «Жайық» футбол клубы екінші лигада Оңтүстік-Батыс конференциясы бойынша чемпион атанды.
Жергілікті маман Вячеслав Невольников жаттықтыратын оралдық команда конференцияда 39 ұпаймен көш бастап тұр.
Екінші орындағы «Жас қыран» (Алматы) командасының 34 ұпайы бар.
Осылайша, қалған екі кездесудің нәтижесіне қарамастан, «Жайық» бірінші лигаға жолдама алды.
17 қыркүйек күні «Жайық» өз алаңында «Ордабасы жастар» командасына 1:2 есе жіберді. 24 қыркүйекте оралдықтар сырт алаңда «Каспий жастар» клубымен кездеседі. Содан кейін чемпионатты 1 қазан күні «Ақжайық» стадионында «Жас қыранмен» қорытындылайды.
— «Ордабасы жастар» командасымен өткен ойын біз үшін өте қиынға түсті. Өз алаңымызда есе жібердік. Дегенмен қолдауға келген жұрттың қарасы қалың болды. Барша жанкүйерлерге алғысымыз шексіз. Әлі 2 ойынымыз бар, тыңғылықты дайындаламыз, чемпион болдық, бірақ біріншілік біткен жоқ. Маусым бойы жеңіс үшін тер төктік, алар асуымыз алда деп ойлаймыз, — деді «Жайықтың» капитаны Бауыржан Омаров.
Биыл жыл басында 1968 жылдан бергі тарихы бар «Ақжайық» футбол клубы таратылған болатын. Оның орнына «Жайық» клубы құрылған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жаңа футбол клубы құрылғанын жазған едік.