Жайық-Каспий каналын тереңдету жұмыстары басталады

Келер жылы Жайық-Каспий каналын тереңдетуге қатысты ауқымды жұмыс басталады, деп хабарлайды Kazinform.

каспий теңізі
Фото: Pexels

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Дүйсенбай Тұрғанов еліміздегі трансшекаралық өзендердің едәуір таяздығына байланысты кеме қатынасында біраз қиындықтар болғанын айтты.

«Жайық өзенінде де осындай проблема бар. Судың деңгейі төмендегендіктен, Жайық-Каспий каналындағы тереңдік 30-40 см шамасында. Соның салдарынан канал арқылы жүк тасымалы шектелген. Әсіресе, балықшылар зардап шегіп жатыр. Бұл ретте, Жайық-Каспий каналын тереңдету мен түбін тазарту жұмыстары қандай кезеңде?», - деп сұрады Д. Тұрғанов.

Өз кезегінде Көлік министрі Марат Қарабаев Жайық-Каспий каналын тереңдету жұмыстарына қаражат бөлуді Парламент қолдағанын еске салды.

«2024-2025 жылдарға арналған бюджетте 12 млрд теңге қаражат қарастырылған. Ондағы жұмыс келер жылы басталады. Біз ол жақта 1 млн 140 мың текше метр құмды шығарып, сол арнаның тереңдігін 2,5 метрге жеткіземіз. Бұл жұмыс 2025 жылы аяқталады және сол жылы осы арна Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне қосылады», - деді министр.

М.Қарабаевтың сөзіне қарағанда, бұл жоба KPI және ТШО сияқты компаниялардың экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтеді. Тасымалдың болжамды көлемі шамамен 1 млн тонна болмақ. Келешекте кеме жүру параметрлерін тиісті деңгейде ұстау үшін тереңдеткіш техника сатып алу жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар