Жайық өзені Орал қаласы тұсында 10 метрге көтеріледі - фейк
ОРАЛ. KAZINFORM - Әлеуметтік желілерде аудиожазба арқылы 5 сәуірде Жайық өзенінің деңгейі 10 метрге көтерілетіні туралы хабар таралып жатыр. "Қазгидромет" РМК БҚО филиалының директоры Тілеген Шапанов бұл ақпараттың жалған екендігін айтты.

Оның сөзіне қарағанда, Орынбор облысындағы Ирикла су қоймасынан мол су жіберіліп жатқаны рас. Бірақ Жайық сәуірдің екінші жартысында ғана өзінің қауіпті шегі - 850 сантиметрге жетуі мүмкін.

"Қазіргі уақытта Жайық деңгейі Орал қаласы тұсында 600 сантиметрге жетті. Сағат сайын өзен суы 2-3 сантиметрге жоғарылауда. Сондықтан тұрғындардың тек ресми ақпаратқа сенуін сұраймыз", - деді Т.Шапанов.
Сонымен қатар Орал қаласы әкімдігі шаһарға Жайықпен мол су көлемі таяу уақытта келуі ықтимал екендігін ескертті. Мұндай жағдайда өзен жайылмаларында орналасқан саяжай үйлері мен ғимараттарға қауіп төнеді. Сол себепті өзен жайылмаларында тұратын тұрғындар күні бұрын қауіпсіз жерге көшуі қажет.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орынбордағы Ирикла су қоймасынан секундына 1600 текше метр су жіберіліп жатқанын жазған болатынбыз.