Жайық өзенінің деңгейі Индерде — 707, Махамбет ауданында 770 сантиметрге жетті
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында Жайық өзеніндегі су деңгейі көтеріліп жатыр. Бүгін кешкі сағат 20:00–де өзен суы Индер ауданында 707, ал, Махамбет ауданында 770 сантиметрге жетті.

Атырау облысының жедел штабынан мәлім еткендей, бүгін, 30 сәуірде Жайық өзенінің суы едеуір көтерілген.
Мәселен Индер ауданында таңертеңгі 08:00–де су деңгейі 693 сантиметрді құраған.
Ал, кешкі сағат 20:00–ге дейін 14 сантиметрге көтеріліп, 707 сантиметр болды.
Махамбет ауданында да осындай ахуал қалыптасып отыр.
Мұнда таңертеңгі сағат 08:00–де Жайықтың деңгейі 764 сантиметр еді. Кешкі сағат 08:00–де 770 сантиметрге жетті.
Жайық өзені Атырау қаласының тұсында да көтерілді. Бүгін таңертеңгі сағат 08:00–де су деңгейі 446 см болатын.
Енді 12 сағаттың ішінде 3 см-ге көтеріліп, 449 см болды.
«Индер, Махамбет аудандарында Жайық өзенінің қауіпті деңгейі — 850 см. Ал, Атырау қаласында 550 см қауіпті деңгей саналады», -деп хабарлады облыстық жедел штабтан.
Еске сала кетелік, бұған дейін Жайық өзенінің суы Махамбет ауданында 7,5 метрге жеткенін жазған едік.